ОАЕКК-де ҚРКФ әзірлеген ЖИ енгізу кезінде қызметкерлердің құқықтарын қорғау стандарттары қабылданды

2025 жылы 5 қыркүйек, жұма күні ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған қазақстандық делегация Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің (ОАЕКК) VIII отырысына қатысты. ОАЕКК құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстан ұлттық кәсіподақ орталықтары кіреді. Форумға Халықаралық еңбек ұйымының Еуропа және Орталық Азия елдері жөніндегі ACTRAV бөлімінің меңгерушісі Сергеюс Гловацкас қатысты. Биылғы жылы ОАЕКК-не Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясы төрағалық етеді.

Орталық Азия елдерінің ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары Бішкек қаласында жиналып, жасыл экономикаға әділ көшу және еңбектің цифрлық трансформациясы мәселелерін талқылады.

Кездесуде сөз сөйлеген ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ОАЕКК-нің негізгі қағидаттарына тоқталды.

«Бүгін біз сөзімізді да растай түсеміз: Орталық Азия кәсіподақтары – бұл ынтымақтың, әділеттің және сенімнің күші. Құрып отырған бірлестігіміздің түпқазығында – еңбек адамына деген құрмет пен оның қадір-қасиеті кез келген өзгерістің де, кез келген экономиканың да басты бағдары болуы тиіс деген сенім жатыр», – деді Қазақстан кәсіподақтарының төрағасы.

Оның айтуынша, осы жылдар ішінде ОАЕКК әлемдік кәсіподақ қозғалысының толыққанды мүшесіне айналды.

«Біз ынтымақтастықты нығайттық, Халықаралық еңбек ұйымынан қолдау таптық, Алматы декларациясына қол қойдық. Онда лайықты еңбек пен әлеуметтік әділеттілікті ілгерілетудің негізгі бағыттары айқындалды. Ең бастысы – біз миллиондаған еңбеккерлердің атынан бір дауыспен сөйлей алатынымызды дәлелдедік. Біз бірлесе отырып, негізгі мәселелерді көтеріп келеміз: көші-қон және еңбекші-мигранттардың құқықтары; туризмді дамыту мен жаңа еңбек салалары; жастар саясаты мен жұмысшы мамандықтарының болашағы; жұмыс берушілерді әлеуметтік әріптестікке тарту; трансұлттық корпорацияларда еңбекшілерді қорғау; әділ көшу және цифрлық әділеттілік идеяларын алға жылжыту», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Заманауи сын-қатерлерге тоқталған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы кәсіподақтардың негізгі басымдықтарын айқындады.

«Біздің отырыстың күн тәртібі өңірдің болашағына әсер ететін сын-қатерлерді бейнелейді. Бұл – жасыл экономикаға әділ көшу және еңбекті цифрлық трансформациялау мәселесі. Бұл өзгерістерді тек техникалық процесс ретінде қабылдауға болмайды – бұл әділеттілік, теңдік және сенім мәселесі. Бір де бір жұмысшы, бір де бір отбасы осы өзгерістер кезінде ұмыт қалмауы тиіс. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы сенімді: әділ көшу шындыққа айналуы үшін мықты әлеуметтік диалог қажет. Ұжымдық шарттар мен салалық келісімдер – әр саланың ерекшеліктерін ескере отырып, сын-қатерлерге икемді әрі әділ жауап беруге мүмкіндік беретін құрал», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ төрағасы цифрландыру еңбек саласы үшін тек мүмкіндіктер ғана емес, тәуекелдерді де тудыратынын атап өтті. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы еңбек қатынастарында жасанды интеллектіні қолдануды реттейтін Еңбекшілердің құқықтарын қорғаудың бірыңғай стандарттары жобасын әзірлеп, Кеңестің қарауына ұсынды.

«Біздің басты мақсатымыз – технологиялар адамға қызмет етіп, адам технологияға тәуелді болмауы керек. Бұл құжат алгоритмдік шешімдердің ашық болуын, кемсітушіліктің алдын алуды, жеке деректерді қорғауды және цифрлық дәуірде еңбекшілерге лайықты жұмыс жағдайларын қамтамасыз етуді қарастырады. Ұсынылған стандарттарды қабылдау цифрлық дәуірде Орталық Азия кәсіподақтарының біртұтас ұстанымын көрсетуге нақты қадам болады. Бүгін қабылдайтын шешімдеріміз өңірдегі еңбектің қадір-қасиеті, тұрақтылығы мен дамуының кепілі болады деп сенемін. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы еңбекшілердің құқықтарын қорғау мен халықаралық кәсіподақ қозғалысын дамытуға барлық күшін салуға дайын», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Отырыстың барысында Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің делегациялары жасыл экономикаға әділ көшу мәселесіне қатысты өз көзқарастарымен бөлісті. Олар бұл мәселені лайықты жұмыс орындарын құрудан бастап, тұрақты даму жағдайында гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге дейінгі бағыттар бойынша қарастырды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының кеңесшісі Қайрат Айбосынов Халықаралық еңбек ұйымы бастамасымен қолға алынған Әділ көшу концепциясы тек бастама ғана емес, кәсіподақтар үшін өмірлік маңызды принцип екенін айтты.

«Әділ көшу дегеніміз – төмен көміртекті және цифрлық экономикаға кең көлемде өтетін өзгерістер барысында бір де бір жұмысшы немесе отбасы ұмыт болмауы тиіс деген сөз. Бұл – адамдарды жұмыспен қамту, қайта даярлау, толық әлеуметтік қорғау және осы өзгерістерден әсер алатындардың барлығына лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету. «Жасыл» экономика жайлы айтқанда, біз ең алдымен лайықты жұмыс орындарын ойластыруымыз керек. Бұл тек қоршаған ортаны қорғауға үлес қосатын жұмыс орындары емес», – деді қазақстандық делегация өкілі.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Еңбек нарығын дамыту концепциясына 2024–2029 жылдарға сәйкес, жұмысшыларға төмендегілер қамтамасыз етіледі: тұрақты жұмыс (кемінде 6 ай); аймақтағы медианалық жалақыдан төмен емес еңбек ақы деңгейі, экономикалық соққыларды сіңіру үшін оны жүйелі түрде қайта қарау; зейнетақы қамтамасыз ету,демалыс, медициналық сақтандыру және басқа өтемақы түрлері сияқты жеңілдіктер; өндірістік жарақаттар мен өлім деңгейі бағаланып, қауіпсіз әрі денсаулыққа зиян келтірмейтін жұмыс ортасы.

Алайда соңғы жылдардың деректері бойынша Қазақстандағы «жасыл» жұмыс орындары жалпы жұмыспен қамтудың тек 1%-ын құрайды.

Жасыл экономикаға әділ көшу кезінде гендерлік теңдікті қамтамасыз ету де маңызды. «Әлеуметтік қорғау бойынша әлемдік есеп 2024–2026» дерегіне сәйкес, әйелдер әлеуметтік қорғаумен ерлерге қарағанда аз қамтылған: 50,1% әйелдерге кемінде бір әлеуметтік қорғау түрі қолжетімді болса, ерлерде бұл көрсеткіш 54,6%-ға жетеді. Кешенді заңнамалық қамтуда айырмашылық одан да айқын: еңбекке қабілетті әйелдердің тек 28,2%-і толық әлеуметтік қорғау жүйелерімен қамтылған, ал ерлерде бұл 39,3% құрайды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының кеңесшісі Кайрат Айбосыновтың айтуынша, кәсіподақтар бұл процестерді тек бақылап қана қоймай, белсенді түрде қалыптастырып, жаңа жасыл экономикада лайықты жұмыс орындарын құру мен қорғауды қамтамасыз етеді.

«Лайықты еңбек стандарттарын ұжымдық шарттарға енгізу арқылы – ұжымдық шарттар мен салалық келісімдер Әділ көшу процесінің негізгі құралына айналады. Біз оларға нақты нормаларды қосамыз, олар: «жасыл» секторларда әділ жалақы мен еңбек жағдайына сай ақы төлеу; жаңа тәуекелдерді ескеретін қауіпсіз әрі денсаулыққа зиян келтірмейтін еңбек жағдайлары; тұрақты жұмыспен қамту және еңбекке қысқа мерзімді тәуелділіктен қорғау, әсіресе платформалық және қашықтан жұмыс істегенде; сондай-ақ экономикалық құрылымдық өзгерістерден зардап шеккен қызметкерлерге қосымша кепілдіктер мен жеңілдіктерді қамтамасыз етеді», – деді Кайрат Айбосынов.

Отырыс барысында Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің (ОАЕКК) мүшелері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы әзірлеген «Еңбек қатынастарында жасанды интеллектіні қолдануды реттейтін, жұмысшылар құқықтарын қорғаудың бірыңғай стандарттары» құжатты бірауыздан мақұлдады.

Бұл құжат Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы бастамасымен әзірленіп, ең үздік халықаралық тәжірибелерге (ХЕҰ, ЕО, ЭЫДҰ және қатысушы елдердің ұлттық тәжірибелері) сүйенеді және оны өңірлік контексте бейімдеп, жасанды интеллект дәуірінде лайықты еңбекті қамтамасыз етуге бағытталған. Бірыңғай стандарттар заңнамалық бастамаларға немесе кәсіподақтар мен жұмыс берушілер деңгейінде қабылданатын нормативтік актілерді әзірлеуге негіз ретінде пайдаланылады. Оның нормалары барлық салалар мен ұйымдарға Орталық Азия елдерінде жасанды интеллект жүйелері енгізілген жағдайда еңбек жағдайлары, жұмыспен қамту немесе жұмысшылардың құқықтарына қатысты қолданылады. Бірыңғай стандарттар минималды кепілдіктерді белгілейді, оларды ұлттық заңнама, ұжымдық шарттар, жалпы және салалық келісімдер арқылы нақтылап, кеңейтуге болады.

«Адамға бағдарланған тәсіл және әлеуметтік әділеттілік. Жасанды интеллектіні енгізу адам мүддесі үшін жүзеге асуы керек. Технологиялар адамдарға қызмет етуі тиіс, оларға қарсы емес – еңбек жағдайларын жақсартуға, қауіпсіздікті арттыруға, лайықты еңбек пен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталуы қажет. Өндірісте жасанды интеллектіні қолдану кез келген жағдайда жұмысшының құқықтары мен қадір-қасиетіне басымдық беру принципіне сәйкес болуы керек, экономикалық пайда немесе техникалық тиімділік оған үстемдік жасай алмайды. Жасанды интеллект жүйелері жұмысшылардың негізгі құқықтарын сақтай отырып әзірленуі және қолданылуы тиіс. Жасанды интеллектіні қолдану еңбек заңнамасын, халықаралық еңбек нормаларын немесе ХЕҰ конвенцияларын бұзуға әкелетін жағдайларда тыйым салынады», – делінген құжатта.

VIII Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің мүшелері отырысы аясында «Үздік Жастар Кеңесі» байқауының қорытындысы шығарылды. Кеңес мүшелерінің шешімі бойынша өңірдегі ең үздік жастар құрылымы ретінде Қарағанды облысының Аумақтық кәсіподақ бірлестігі жанындағы «Келешек» Жастар кеңесі танылды.

Жеңімпаз атанып, сыйлық алған Қарағанды облысы «Келешек» Жастар кеңесінің төрайымы Аймира Баграмова Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жастар саясаты еңбек жастарын дамытуға бағытталғанын атап өтті.

«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы үшін жастар – бұл тек болашақ емес, бүгінгі күннің өзегі. Бізді осы жерде қолдап отырғаны олардың жастар бастамаларын жүзеге асыруға күш береді», – деді Аймира Баграмова.

Еске салсақ, Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі 2021 жылдың қараша айында Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстанның ірі кәсіподақ бірлестіктерін біріктіру туралы бірлескен шешімнен кейін құрылды. ОАЕКК құрылу туралы хаттаманы Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Кудратилла Рафиков және Тәжікстан Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының төрағасы Маликшо Нематзода қол қойды.

2022 жылғы 21–23 қыркүйекте Ташкентте өткен II отырыста жаңа мүшелер – Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясы мен Моңғолия Кәсіподақтар конфедерациясы ұйым құрамына енгізу туралы шешім қабылданды. Түрікменстанның ұлттық кәсіподақ орталығы ОАЕКК-де бақылаушы мәртебесіне ие.

Кеңес жарғысына сәйкес, 2026 жылы ОАЕКК төрағалығы Моңғолия Кәсіподақтар конфедерациясына өтеді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы