5 қыркүйек, жұма күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы – Түркі мемлекеттері кәсіподақтарының ұйымы Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезіне құрметті қонақ ретінде қатысты.
Сатыбалды Дәулеталин съезд қатысушылары мен делегаттарына арнаған құттықтау сөзінде әріптестерін Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезінің өтуімен шын жүректен құттықтады.
«Бүгін біз Орталық Азия еңбекшілерінің үлкен отбасы болып бас қосып отырмыз. Бұл – бізді мықты ететін бірлік сезімі. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы атынан ең ізгі тілектерімді қабыл алыңыздар. Бұл оқиға тек ұлттық деңгейде ғана емес. Бұл – халықаралық кәсіподақ қозғалысының үлкен тарихының бір бөлігі. Съезд – бұл таңдау мен жаңғыру сәті. Дәл осы жерде ұлттық басымдықтар мен Халықаралық еңбек ұйымының конвенцияларында және БҰҰ–2030 Тұрақты даму күн тәртібінде бекітілген лайықты еңбек халықаралық стандарттарын біріктіретін күн тәртібі қалыптасады. Біз Қазақстанда сіздердің реформаларға бет бұрыстарыңызды, еңбек адамдарына деген адалдықты үлкен құрметпен әрі бауырмал ыстық ықыласпен бақылап отырмыз. Біз үшін сіздердің кәсіби бағыттағы ашықтықты, жаңғыруға деген талпынысты, уақытпен бірге ілгерілеу ниеттеріңізді көру маңызды. Мұнда біз тек сіздердің күш-қуаттарыңызды ғана емес, Орталық Азия халықтарын біріктіретін шынайы ынтымақты да сезінеміз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Қазақстандық кәсіподақ көшбасшысы 11 шілде күні Астанада өткен Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының XXVII Съезінің қарсаңында Қазақстан мен Қырғызстан ұлттық кәсіподақ орталықтарының Өзара әрекеттестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанын еске салды.
«Біз бұл келісімді бауырластыққа негізделген стратегиялық одақтың іргетасы деп санаймыз. Ол кәсіподақ қозғалысын әрі біздің елдерімізде, әрі өңірде, әрі халықаралық аренада күшейтеді. Біздің бірлігіміз Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі аясында да көрініс табады. Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясының төрағалығы кезеңінде біз кемел басшылықты, жаңа бастамалар мен біріктіретін жауапкершілікті көріп отырмыз», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Оның айтуынша, Орталық Азия халықтарын тек ортақ тарих, мәдениет пен тағдыр ғана емес, сонымен бірге еңбек құндылығына, адам абыройы мен әділеттілікке деген сенім де біріктіреді.
«Қазіргі кезде әлем жаһандық өзгерістерді, цифрландыруды және еңбек нарығындағы тұрақсыздықты бастан өткеріп отыр. Осындай жағдайда кәсіподақтар тепе-теңдікті сақтап, еңбек адамын қорғап, қоғамды алға бастайтын маңызды күш болып қала береді. Біздің міндетіміз – еңбек адамының құқығын қорғаумен қатар, өзгерістерге де жол ашу. Біз әлеуметтік диалогты нығайтып, Халықаралық еңбек ұйымының негізгі конвенцияларының орындалуына қол жеткізуіміз қажет. Өйткені халықаралық стандарттар – жай ұран емес, әрбір жұмысшы үшін нақты қорған», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Ол Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясының Мурадил Джумадилде уулун қолдайтынын айтып, съезд жұмысына табыс тіледі.
Съезд барысында атқарылған жұмыстар жөніндегі есеп тыңдалды, Жарғы мен алқалы органдардың құрамы бекітілді. Сондай-ақ Қырғызстан кәсіподақтарының 2025–2030 жылдарға арналған «Кәсіподақтар болашағы: Курс 2030» атты даму стратегиясы қабылданды.
Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы болып Мурадил Джумадилде уулу қайта сайланды.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы