Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин бастаған делегация 9–11 қыркүйек аралығында Ташкентте өтіп жатқан «Халықаралық еңбек стандарттарын ілгерілетудегі кәсіподақтардың рөлі: халықаралық тәжірибе және Өзбекстанның үлгісі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысуда.
Өзбекстан Республикасындағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына арналған бұл халықаралық форум аясында Азия, Африка, Еуропа, Латын Америкасы мен Таяу Шығыстың 20-дан астам елдің ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері, Халықаралық еңбек ұйымының сарапшылары, жаһандық және аймақтық кәсіподақ бірлестіктерінің жетекшілері, сондай-ақ ұлттық үкіметтердің өкілдері қатысты. Жиында халықаралық еңбек стандарттарын ілгерілетуде кәсіподақтардың рөлін арттыру, олардың заң шығару процесі мен әлеуметтік диалогқа қатысуын күшейту жолдарын талқыланды.
Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Кудратилла Рафиков конференция мақсатына тоқталып, жаһандық сын-қатерлер мен өзгерістер жағдайында кәсіподақтар қоғамдық диалогтың белсенді әрі теңқұқықты қатысушысы болып қалуы тиіс екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин конференцияның пленарлық отырысында халықаралық еңбек нормаларының сақталуын қамтамасыз етудегі кәсіподақтардың маңызды рөлін атап өтті.
Оның айтуынша, бұл тек ХЕҰ-ның халықаралық конвенциялары мен ұсынымдарын ілгерілету туралы ғана емес, ең алдымен, технологиялық, климаттық және әлеуметтік сын-қатерлер ықпал етіп жатқан еңбек әлемінде адам қадір-қасиетін қорғау жайлы.
«Бүгін біз Ташкентте ең басты мақсат – еңбек адамының қамы үшін жиналдық. Оның сөзі еленіп, жасаған еңбегі әділ бағаланып, өмірі қауіпсіз болуы тиіс. Ал қалған есептер мен құжаттар – тек осы мақсатқа жету жолындағы құралдар. Ең маңыздысы – еңбек адамының өзі», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ төрағасы халықаралық еңбек стандарттарын ұлттық және аймақтық тәжірибеге енгізудің маңыздылығына ерекше назар аударды.
«Бүгінде ұлттық кәсіподақ орталықтарының басты мақсаты – халықаралық еңбек стандарттарының тек мамандар арасында ғана айтылатын ұғым болып қалмай, әрбір еңбеккердің күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналуы. Яғни, шахтада да, ауруханада да, мектепте де, платформалық жұмыста да, өндірісте де, қашықтан жұмыс істегенде де бұл қағидалар сақталуы тиіс. Қазақстан үшін бұл мәселе жай сөз емес. Ол – біздің күнделікті жұмысымыздың, реформаларымыздың және еңбек адамдары алдындағы жауапкершілігіміздің бір бөлігі», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин Халықаралық еңбек ұйымымен стратегиялық әріптестіктің нәтижелеріне жеке тоқталды. Оның айтуынша, кәсіподақтар, Үкімет және жұмыс берушілердің жүйелі әрі келісілген жұмысы нақты әрі маңызды өзгерістерге жол ашты.
“Бұл мәселенің бүгінде өзекті болуының себебі – еңбек әлеміндегі өзгерістер дәстүрлі институттардың дамуын басып озып барады. Бірақ біз үшін өзгермейтін бір бағыт бар – ол ХЕҰ-ның нормалары мен құндылықтары. 2022 жылы ХЕҰ еңбек қауіпсіздігін адам құқығының іргелі бөлігі ретінде таныды. Бұл шешім біз үшін қызметкерлердің қауіпсіздігі мен денсаулығы – «қосымша талап» емес, ол бүкіл еңбек саясатының негізі екеніне дәлел болды. Ал 2025 жылы конференция жаңа қадам жасап, биологиялық қатерлерге қатысты жаңа Конвенция мен оған қосымша Ұсыныс қабылдады. Бұл шешім уақыттың талабына сай – пандемиядан бастап климаттық қатерлерге дейінгі сын-қатерлерге жауап береді. Осыған орай, кәсіподақтар келіссөздерде де, жұмыс орындарында да жаңа деңгейдегі тәртіп пен жауапкершілік көрсетуі қажет. Қазақстанды басқа елдермен салыстырғанда, біз өз артықшылықтарымызды да, шешуді қажет ететін мәселелерді де көріп отырмыз”, – деді Қазақстан кәсіподақтарының көшбасшысы.
Сатыбалды Дәулеталин жаһандық еңбектің күн тәртібіндегі басты тақырыптарға да кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, жасанды интеллектіні реттеу, платформалық жұмыспен қамтылғандардың еңбек құқықтары және бейресми экономикадағы жұмыскерлерді интеграциялау мәселелері.
“Бүгінде жаһандық деңгейде жасанды интеллект жағдайындағы еңбек құқықтары қызу талқыланып жатыр. Қазақстан бұл мәселені ХЕҰ-да алғаш көтерген елдердің бірі. Біз «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын дайындадық. Бұл – біз артта қалмай, әлемдік көшбасшылармен қатар келе жатқанымызды көрсетеді. Сонымен бірге, әлемде платформалық жұмысты реттеудің жаңа ережелері жасалып жатыр. Мәселен, ЕО-та 2024 жылы платформалық еңбекке қатысты директива қабылданды. Онда еңбек қатынастары болжамы мен «робот арқылы жұмыстан босатуға» адамның бақылаунсыз тыйым салу нормалары бар. Бұл – біздің келіссөздер мен заңнамалық бастамаларға дайын үлгі. Қазақстан да алғашқылардың бірі болып, Әлеуметтік кодекске платформалық жұмысты енгізді және ХЕҰ-да халықаралық стандарттар қалыптастыру бастамасын көтерді. Бұл – аймақтық саясаттағы біздің алдыңғы қадамымыз”, – деп атап өтті ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Сонымен қатар ол бейресми экономика мәселесіне де назар аударды. Бұл салада бүгінде әлем бойынша 2 миллиардтан астам адам еңбек етеді. ҚРКФ ХЕҰ-ның №204 Ұсынысына сүйене отырып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен фрилансерлерді кәсіподақ қозғалысына тарту бағытында белсенді жұмыс істеп келеді. Кәсіподақтар үшін бұл абстрактілі мәселе емес, күнделікті жұмыстың бөлігі. Бұл кәсіподақ мүшелігін кеңейтудің әрі кәсіподақтардың ықпалын арттырудың жолы. Кеше «ұйымдастыруға болмайды» деп саналатын жерде бүгінде жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр.
«Қазақстан үшін халықаралық стандарттарды ілгерілету – бұл тек саяси таңдау ғана емес, сонымен бірге жүйелі процесс. 2023 жылы Қазақстан ХЕҰ Конвенцияларын бұзушы елдердің «қысқа тізімінен» шығарылды. Бұл кәсіподақтар, Үкімет және жұмыс берушілердің бірлескен жұмысының нәтижесі болды. Біз ХЕҰ-мен еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік диалог, ең төменгі жалақы және жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық пен қысым көрсетуді жою бойынша бірлескен іс-қимылдың Жол картасына қол қойдық. ҚРКФ-ның бастамасымен 2024 жылы ХЕҰ-ның №131 Конвенциясының талаптарына сәйкес Ең төменгі жалақыны есептеудің жаңа әдістемесі бекітілді. Қазақстан еңбек саласында зорлық-зомбылық пен қысымға қарсы күрес жөніндегі №190 Конвенцияны ратификациялауды ілгерілетуде, ал ҚРКФ «нөлдік төзімділік» саясатын белсенді енгізуде. Біз халықаралық өкілдікті де Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінен бастап, Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымына дейін күшейттік», – деп еске салды ҚРКФ Төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин Халықаралық еңбек конференциясында ҚР Кәсіподақтар федерациясы жаһандық кәсіподақ қозғалысына арнаған үш стратегиялық бастаманы таныстырды.
«Әрбір экономикалық реформа оның еңбек нарығына әсері тұрғысынан бағалануы тиіс. Жасанды интеллект пен платформалық жұмысты реттеуге арналған халықаралық стандарттарды әзірлеу қажет. Қазақстанда Орталық Азия кәсіподақтары үшін оқыту, цифрландыру және жаңа санаттағы жұмыскерлерді қолдау алаңы болатын Аймақтық инновациялар орталығын құру қажет», – деп атап өтті Қазақстандық кәсіподақ көшбасшысы.
Ол сөзін қорытындылай келе, ел мен кәсіподақ қозғалысының алдында ХЕҰ стандарттарын заңдар мен келісімдерге енгізу, ұжымдық-шарттық реттеуді кеңейту, алдын алу мен цифрлық мониторингке баса назар аудара отырып еңбек қауіпсіздігін күшейту, цифрлық кәсіподақ құру, құқықтық қорғау қызметін дамыту, сондай-ақ кәсіподақтардағы әйелдер мен жастарды қолдау бойынша ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.
«Халықаралық стандарттар – бұл тыйымдардың жинағы емес. Бұл – дамудың құралдары. Бүгінде бізде ХЕҰ нормаларын өмірлік нормаға айналдыру үшін барлық мүмкіндік бар. Қазақстан бүгінде дұрыс жолмен жүріп келеді. Бізде әлем мойындаған жетістіктер бар. Біз жасырмайтын сын-қатерлер де бар. Бірақ ең бастысы – бізде еңбек жүйесін адам үшін реформалауға деген ынта бар. Біз әлемдік тәжірибенің озығын алып, оған өз күшімізді және ынтымағымызды қосамыз. Дәл осы бізге сенім береді: Қазақстан – халықаралық еңбек стандарттары жай ғана декларация емес, өмірлік нормаға айналған ел болады», – деп түйіндеді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Конференция аясында кәсіподақтық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар да талқыланды. Олардың қатарында – гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, мәжбүрлі және балалар еңбегін жою, аналарды қорғау, еңбекші-мигранттардың құқықтарын сақтау, сондай-ақ инспекциялар мен ұжымдық келіссөздер тәжірибесі бар.
Отырыстарға ХЕҰ өкілдері – Сергеюс Гловацкас, Антон Леппик, сондай-ақ Түркия, Латвия, Оңтүстік Африка, Болгария, Грузия, Армения, Албания, Замбия, Кувейт және басқа елдердің ұлттық кәсіподақ орталықтарының жетекшілері қатысты.
Ертең, 11 қыркүйекте, Халықаралық конференция секциялық отырыстар форматында өз жұмысын жалғастырады. Онда негізгі тақырыптар талқыланбақ: қауымдастықтар бостандығы, әлеуметтік қорғау, гендерлік теңдік, еңбек қауіпсіздігі, платформалық және көші-қон жұмыспен қамтуды реттеу, еңбекақы және жұмыс уақыты мәселелері.
Қорытынды пленарлық отырыста қатысушылар секциялар жұмысының нәтижелерін түйіндеп, қазіргі еңбек әлеміндегі халықаралық еңбек стандарттарын іске асыру мәселелері бойынша кәсіподақтар қауымдастығының бірыңғай ұстанымын қамтитын ұсынымдар әзірлейді деп күтілуде.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы