Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы кәсіподақ мүшесі тәрбиеші Динара Аманжолованың еңбек құқығын қорғауға қатысты заң аясында әділетті шешім қабылдады.Бұл оқиға білім саласы қызметкерлерінің кәсіподағы мен оның мүшелері үшін ерекше мәнге ие болды
Білікті әрі тәжірибелі маман ретінде көп жылдық еңбек өтілі бар Динара Аманжолова 2024 жылдың 23 шілдесінде заңсыз жұмыстан босатылып, еңбек құқығы өрескел бұзылды. Алайда ол әділетсіздікке мойынсұнбай, өзінің заңды құқықтарын қорғау жолында нақты қадамдарға барды. Бұл күресте оған Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымы айтарлықтай қолдау көрсетті.
Кәсіподақ ұйымы даулы жағдай туындаған сәттен бастап өз мүшесін қорғауға белсене кірісті. Құқықтық кеңес беріліп, кәсіби адвокаттық көмек ұйымдастырылды. Сот процесінің барлық кезеңінде кәсіподақ нақты дәлелдер мен құқықтық негіздер ұсынып, әділ шешімнің шығуына ықпал етті.
Соттың шешімі бойынша 2024 жылғы 23 шілдеде шығарылған жұмыстан босату туралы бұйрықтың күші жойылып, Динара Аманжолова бұрынғы қызметіне қайта орналастырылды. Сонымен қатар амалсыз жұмыстан тыс қалған кезеңі үшін 1 560 000 теңге көлемінде жалақысы өндіріліп, моральдық зиян үшін 50 000 теңге өтемақы төленетін болды. Бұдан бөлек, жұмыс беруші тарапқа үш айлық орташа жалақы көлемінде 780 000 теңге қосымша төлеу міндеттелді.
Аталған жағдай – жеке бір қызметкердің ғана емес, еліміздегі барлық кәсіподақ мүшелерінің ортақ жеңісі. Бұл оқиға кәсіподақ ұйымының еңбек адамының құқығын нақты әрі тиімді түрде қорғай алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Кәсіподақ – жай формалды құрылым емес, нақты іспен айналысатын, еңбек адамына шынайы қолдау көрсететін қоғамдық институт екені осы істің мысалында айқын көрінді.