Бүгін Кәсіподақтар үйінде Астана қаласы салалық кәсіподақтарының аумақтық құрылымдары Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Іс-шараға қалалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен өкілдері қатысты.
Отырысты Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жақында жарияланған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауының маңыздылығына тоқталды.
– Бұл стратегиялық құжат еліміздің даму бағытына тың серпін беріп отыр. Президент Жолдауы қазіргі жаһандық өзгерістерге бейімделудің, цифрлық дәуірде бәсекеге қабілетті болудың нақты жолдарын ұсынып отыр. Әсіресе, еңбек адамының құқығын қорғау, жаңа технологиялар жағдайында жұмысшылардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлау мәселелері кәсіподақтар қозғалысы үшін аса маңызды, – деді Төлеген Күнәділов.
Ол сондай-ақ еңбек нарығының трансформациясы, цифрлық экономиканы дамыту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану бағытындағы Мемлекет басшысының бастамалары – болашақтың берік іргетасын қалау жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Үйлестіру кеңесінің мүшелері Президент Жолдауын толық қолдайтындарын білдіре отырып, оның жүзеге асуына белсенді түрде атсалысуға дайын екендіктерін жеткізді.Кеңес барысында еңбек қатынастарын әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына негіздей отырып дамыту, жұмыс күшін цифрлық өзгерістерге бейімдеу, қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жолындағы кәсіподақтардың рөлін күшейту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар, отырыс барысында Төлеген Күнәділов Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2025–2030 жылдарға арналған «Өзгерістер дәуіріндегі әділ еңбек: қорғау, даму, инновациялар» атты Стратегиясын іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспары туралы ақпарат беріп, оның негізгі бағыттарын таныстырды.
Кеңес барысында биыл еліміз үшін айрықша мәнге ие бірнеше маңызды датаға орай ұйымдастырылатын іс-шаралар талқыланды. Атап айтқанда: Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығы және Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының құрылғанына 25 жыл толуы.
Аталған мерейтойлар аясында кең көлемді мәдени-бұқаралық, ақпараттық-насихаттық және әлеуметтік бағыттағы іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Бұл іс-шаралар кәсіподақ қозғалысының тарихы мен бүгінгі рөлін дәріптеуге, сондай-ақ еңбек адамын қолдау мен қорғаудағы маңызын көрсетуге бағытталған.
Отырыстың қорытындысында Үйлестіру кеңесі алдағы кезеңге арналған нақты міндеттерді айқындап, кәсіподақ қозғалысын одан әрі дамыту, еңбек қатынастарының сапасын арттыру, жұмысшылардың құқықтарын қорғау саласындағы жұмысты жандандыру қажеттігі атап өтілді.