Білім саласындағы еңбек құқықтары: тәжірибе мен тетіктер

«Құқық пен еңбек – бір жүйе» акциясы аясында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы «Білім саласындағы еңбек қатынастарындағы түйіткілді сұрақтар» тақырыбында оқыту семинарын ұйымдастырды.
ҚР Еңбек кодексінің 159-бабының 8-тармағына сәйкес өткен шараның мақсаты – еңбек заңнамасын түсіндіру арқылы қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру және еңбек дауларының алдын алу.


Семинарға бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, келісім комиссиясының мүшелері, кадр қызметкерлері және заңгерлер қатысты. Қатысушылар еңбек шарттарын жасасу мен бұзу, әлеуметтік кепілдіктер, жұмыс уақыты мен демалыс уақыты, еңбек дауларын шешу тетіктері бойынша жан-жақты ақпарат алды.


Келісім комиссиясының мүшелері арнайы оқытылып, еңбек дауларын тиімді шешу жолдарын меңгерді. Сонымен бірге «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының мамандары ұжымдық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған жаттығулар өткізді.


Акция аясындағы бұл семинар білім саласы қызметкерлерінің құқықтық мәдениетін көтеріп қана қоймай, кәсіподақтың әлеуметтік әділдік пен еңбек адамының мүддесін қорғаудағы айрықша рөлін айқындады.