Сатыбалды Дәулеталин: «Еліміздің басты қазынасы мен  құндылығы – Еңбек адамы»

Қыркүйектің 16-сы, сейсенбі күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны – «Жол диагностикасы орталығы» филиалына барып, оның қызметімен танысты және ұжыммен кездесті. Аталған орталық Астана қаласындағы Сороковая станциясында орналасқан.

«Жол диагностикасы орталығы» АҚ «ҰК «ҚТЖ»» – еліміз бойынша теміржол жолдарының барлық элементтерін кешенді түрде диагностикалау және олардың жағдайындағы өзгерістерді талдау жұмыстарын жүргізетін дербес құрылым. Айта кетейік, Қазақстандағы теміржол желісінің жалпы ұзындығы – 21 мың шақырым.

Орталық директоры Аслан Акашов ҚРКФ төрағасын биыл іске қосылған мобильді диагностикалық кешен (МДК) мен мобильді диагностикалық зертхананың (МДЗ) жұмысымен таныстырды. Олар цифрлық технологиялармен жабдықталған және жолдағы рельстердің жағдайын, жолдың үстіңгі құрылым элементтерін, жер төсемін, құрылыс габариттерін, рельс жолының геометриясын анықтауға мүмкіндік береді.

«Орталықтың басты міндеті – уақытылы ақауларды анықтау және инфрақұрылымның жай-күйін бақылау арқылы теміржол қозғалысының қауіпсіздігін, сенімділігін және тиімділігін қамтамасыз ету. Биыл енгізілген біздің конструкторлық жаңалығымыз – диагностиканың барлық қажетті элементтерін бір жүйеге біріктіру. Бұл жоба Беларусь пен Өзбекстандағы әріптестердің де қызығушылығын тудырды. Цифрлық технологияларды енгізудің арқасында қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ете алдық. Бұған дейін біздің дефектоскопшылар қолмен, дрезинадағы құрал-жабдықтармен жұмыс істейтін. 2022 жылдан бері заманауи технологияларды енгізудің нәтижесінде теміржол элементтерінің жағдайын бағалау және талдау сапасы едәуір артты. Соңғы төрт жылда бізде бірде-бір өндірістік жазатайым оқиға тіркелген жоқ», – деді Орталық директоры.

Сатыбалды Дәулеталин мобильді диагностикалық кешен мен мобильді диагностикалық зертхананы аралап көрді. Олар – 15 күндік вахтаға шығатын бригадаға арналған жұмыс және тұрмыстық орындары бар қайта жабдықталған жолаушылар вагондары. Қазіргі таңда Орталықта 9 адамнан тұратын 16 бригада еңбек етеді. Әр бригада вахта кезінде күніне 350–400 шақырым теміржолды тексереді.Вагондардың ішінде бригада мүшелері үшін барлық жағдай жасалған: жұмыс орындары бар, сондай-ақ штаттық аспаз күн сайын тағам әзірлейді. Қазіргі уақытта Қазақстанда мұндай үш орталық жұмыс істейді: Астана, Ақтөбе және Алматы қалаларында. Ел бойынша барлығы сегіз мобильді кешен (сегіз вагон) тәулік сайын сапарға шығады: төртеуі – Астанадан, екеуі – Ақтөбеден және екеуі – Алматыдан.

«Вагондарға орнатылған лазерлік қондырғылар бригадаларға жолдағы ақауларды анықтауға және арнайы байланыс арқылы жақын маңдағы станцияға хабарлауға мүмкіндік береді. Пойыз қозғалысы тоқтатылады, ал ақау табылған жерге жөндеу жасаушы мобильді бригада аттанады», – деп әрекет алгоритмімен бір бригада қызметкерлері бөлісті.

Одан әрі барлық жиналған диагностика деректері цифрлық форматта дефектограммаларды шифрдан өткізу бөліміне және кешенді талдау бөліміне түседі. Мұнда теміржол жолдарының жағдайына арналған бірыңғай цифрлық база жасақталған. Диаграммалардан ай сайынғы диагностика талдауын көруге және рельс немесе шпалдардың алдағы жағдайына болжам жасауға болады.

Дефектограммаларды шифрдан өткізу бөлімінің қызметкерлерімен әңгіме барысында кәсіпорынның алдағы жоспарларында теміржолдарға арналған бірыңғай цифрлық банкті құруға дейінгі цифрлық мүмкіндіктерді дамыту көзделгені атап өтілді.

ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мұндай цифрлық деректер банкі қажеттігін және теміржолдағы ақауларды жою жұмыстарын күнтізбелік жоспарға сәйкес емес, жолдардың жағдайына сүйене отырып жедел атқарудың маңыздылығын атап өтті.

«Жол диагностикасы орталығы – бүкіл желінің қауіпсіздігі үшін негізгі орган, ал сіздердің еңбектеріңіз – жолаушылар мен жұмысшылардың өмірінің кепілі. Біз, кәсіподақ, жолдың әр шақырымына да, еңбектенуші адамға да инвестиция салуды қолдаймыз. Бірыңғай цифрлық диагностика платформасын құру, электронды рұқсаттарды, геоаймақтарды, пойыздардың жақындауын ескертетін сигнализацияларды енгізу қажет», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіпорын қызметімен танысқаннан кейін ҚРКФ төрағасы еңбек ұжымымен кездесті.

Жол диагностикасы орталығында 1043 адам жұмыс істейді, оның ішінде 852-сі кәсіподақ мүшесі.

Кездесуді аша отырып, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының төрағасы кәсіподақтың негізгі басымдықтары туралы айтты.

«Кәсіподақтардың басты басымдықтары бар – лайықты еңбек, лайықты еңбекақы және еңбекшілер үшін лайықты еңбек жағдайлары. Біз бұл мақсат үшін күн сайын жұмыс істеп келеміз. Нәтижесінде әсіподақтардың әлеуметтік әріптестермен бірлесе атқарған жұмысы нәтижесін беріп отыр. 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданды, соның арқасында біз еңбек қауіпсіздігін басқарудың өтемақылық моделінен тәуекелге негізделген модельге өттік. Ең төменгі жалақы мөлшерін анықтау әдістемесі бекітілді. ХЕҰ-ның 131-конвенциясы ратификацияланды. Бүгінде біз Еңбек кодексінде жалақыны жыл сайын инфляция деңгейіне міндетті индексациялау нормасын бекітуді талап етудеміз. Мұның барлығы – ең маңызды бір ғана мақсатты көздейді: еңбек адамына лайықты өмір қамтамасыз ету. Президенттің биылғы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы – әрқайсымыз үшін аса маңызды қадам. Біздің еліміздің басты байлығы мен құндылығы – Еңбек адамы. Президент жариялаған жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру бағыты – еңбек адамының әл-ауқатын арттыруға өз үлесімізді қосуға берілген жаңа үлкен мүмкіндік. Алайда бәрі мемлекетке ғана байланысты емес. Әр адам өзі де бәсекеге қабілетті, жоғары білікті маман, өз ісінің кәсіби шебері болуға ұмтылуы тиіс», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Диалог барысында Жол диагностикасы орталығының қызметкерлері өзекті мәселелерін жеткізді. Еңбек ақысының жоғары деңгейіне – 400 мың теңгеден басталатынына қарамастан, ұжымда кадр тапшылығы байқалады. Қазіргі таңда шамамен 40 теміржол инженері мен 20 дефектоскопист маманына қажеттілік бар. Қызметкерлер ҚРКФ төрағасынан бұл мамандықтарды мемлекеттік білім беру тапсырысына енгізуге ықпал етуді сұрады.

Сатыбалды Дәулеталин бұл мәселеге қатысты тиісті ұсыныстар пакеті республикалық деңгейдегі әлеуметтік әріптестерге жолданатынын айтты.

Өз кезегінде «KAZPROFZHEL» көлік қызметкерлерінің салалық кәсіподағы «Астана» филиалының төрағасы Серік Сәрсекеев 2024–2026 жылдарға арналған ұжымдық шартта бекітілген негізгі әлеуметтік кепілдіктер жөнінде баяндады.

Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының төрағасы жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін кәсіподақ құрылымдарының жұмыс берушімен өзара іс-қимыл жасауының маңыздылығын атап өтті.

«Сіздердің кәсіпорындарыңыздағы кәсіподақ пен жұмыс берушінің үйлесімді жұмысы еңбекті қорғау мен әлеуметтік әріптестіктің тиімді тетіктерін енгізуге мүмкіндік берді. Біз әлеуметтік әріптестік жүйесін одан әрі дамытудамыз және еңбек кепілдіктері мен еңбек жағдайларын жақсарту жөніндегі бастамаларды қолдай беретін боламыз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Айта кетсек, Жол диагностикасы орталығы ұжымындағы әлеуметтік әріптестіктің үйлесімді дамуының бір көрінісі – кәсіподақ пен жұмыс берушінің қолдауымен қызметкерлердің өз күшімен салынған футбол алаңы.

Кездесу соңында ҚРКФ төрағасы орталық қызметкерлерінің еңбегін жоғары кәсіподақ марапаттарымен атап өтті. «Еңбек озаты» медалімен дефектограммаларды шифрдан өткізу бөлімінің менеджері Ардақ Мүсілім және №2 жол диагностикасы құралдары зертханасының бірінші санатты инженері Алмагүл Қаукенова марапатталды. «Кәсіподақ ардагері» медалін Сатыбалды Дәулеталин орталықтың бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Камария Оразалиноваға және теміржол көлігінің ардагері Зауреш Самамбетоваға табыс етті.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы