Атқару комитеті Қазақстанның жаңа облыстарында ҚРКФ-ның өкілдігін нығайту шараларын мақұлдады

Сәрсенбі, 17 қыркүйекте, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) Төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің төрағалығымен жаңартылған құрамдағы ҚРКФ Атқару комитетінің алғашқы отырысы өтті. Жиында аумақтық бірлестіктердің ұйымдық дамуы және елдегі кәсіподақ қозғалысының 120 жылдық мерейтойына дайындық мәселелері қаралды.

ҚРКФ төрағасы әріптестерін Қазақстан мен Орталық Азия өңіріндегі кәсіподақ қозғалысын дамыту үшін маңызы бар соңғы оқиғалармен таныстырды.

«Қыркүйек айының басында Қырғызстанда өткен Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі отырысында Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы әзірлеген және бастамашылық еткен «Еңбек қатынастарында жасанды интеллектіні қолдануды реттейтін, жұмысшылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай стандарттары» қабылданып, мақұлданды. Біз – мұндай құжатты әзірлеген әлемдегі алғашқы ұйымдардың біріміз. Бүгін бұл құжатты Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы мен Халықаралық еңбек ұйымы аясында да қабылдату бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Цифрландыру дәуірінде кәсіподақтар жұмыскерлерді қорғауға дайын болуы тиіс», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Отырыс барысында Атқару комитетінің мүшелері әлеуметтік әріптестік жүйесінің дамуына тікелей ықпал ететін өңірлердегі Кәсіподақтар федерациясының өкілдік әлеуетін күшейтуге бағытталған бірқатар мәселелерді талқылады.

Атап айтқанда, ҚРКФ Атқару комитетінің Қаулысына сәйкес Алматы қаласы, Жетісу және Қарағанды облыстары кәсіподақтарының аумақтық бірлестіктерінің штат кестесіне өзгерістер енгізілді. Шешімге сәйкес құрылымдарда төрағалардың қосымша орынбасарларының лауазымдары енгізілетін болады. Олар тиісінше Талдықорған, Жезқазған және Алматы қалаларында жұмыс істейді.

ҚРКФ Төрағасының орынбасары Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, бұл өзгерістер жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктерде және ірі мегаполистерде кәсіподақ жұмысының үйлестіруін күшейту қажеттілігіне байланысты қабылданды.

«Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылғаннан кейін кәсіподақтардың жергілікті деңгейде толыққанды өкілдігін қамтамасыз ету мәселесі туындады. Біз аймақтық деңгейде әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимыл жасауға жауап беретін төрағалардың қосымша орынбасарлары лауазымдарын енгізу туралы шешім қабылдадық. Бұл – қаржылық тұрақтылық пен жұмыстың тиімділігін ескерген теңгерімді қадам», – деп атап өтті Біржан Нұрымбетов.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы және ҚРКФ-ның 35 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралардың дайындық барысы мен өткізілуі туралы баяндады.

Еске сала кетейік, ҚРКФ жыл  бойы қамтылатын «120 жыл бірге» атты ауқымды мерейтойлық кампанияны жүзеге асыруда. Бұл акция үш негізгі мазмұндық блоктан тұрады: «Тарихқа – тағзым», «Бүгінге – өзгеріс», «Болашаққа – сенім».

Нұрлан Өтешевтің айтуынша, қыркүйек айында кампанияның екінші кезеңі – «Бүгінге – өзгеріс» жүзеге асырылуда. Оның аясында ел көлемінде тақырыптық апталықтар, құқықтық акциялар, экологиялық шаралар және кәсіподақтық флешмобтар өткізілуде.

«Қорытынды кезең – «Болашаққа – сенім» шеңберіндегі негізгі іс-шаралардың бірі – «Болашаққа бірге жүгіреміз!» ұранымен өтетін бұқаралық-спорттық Ынтымақтастық жүгірісі болады. Бұл шара Қазақстанның 8 облысында және Астанада ұйымдастырылады», – деді ҚРКФ Төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар, ол 2025 жылғы 10 қазанда Астанада өтетін республикалық салтанатты шараның кампанияның басты оқиғасы болатынын атап өтті. Бұл жиынға кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, әлеуметтік әріптестер, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, жас белсенділер мен кәсіподақ көшбасшылары қатысады.

Жиын қорытындысында Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «120 жыл бірге» кампаниясы тек қана мерейтойды атап өтуді емес, сонымен бірге тарихи сабақтастықты, ынтымақ күшін және кәсіподақтардың ұйымдық бірлігін көрсетуді мақсат ететінін атап өтті.

«Кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы – күнтізбедегі жай ғана дата емес. Бұл – қоғамға, мемлекетке, жастарға және өзімізге кәсіподақтардың әрдайым әлеуметтік тұрақтылық пен халық өкілдігінің негізі болғанын, бар екенін және болашақта да болатынын еске салатын ерекше мүмкіндік. Біз – Қазақстан тарихының бүкіл кезеңінде сақталып қалған жалғыз ұйымбыз. Біз бұл мерейтойды бүкіл жүйе үшін шындық сәтіне айналдырғымыз келеді. Бізде тарих бар, бүгінгі күн бар және ең бастысы, болашақ бар екенін көрсетуіміз керек. Кампанияның үш негізгі блогы – «Тарихқа – тағзым», «Бүгінге – өзгеріс», «Болашаққа – сенім» – жай ғана ұран емес, бұл – біз халыққа жеткізетін даму философиясы», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы