17 қыркүйек, сәрсенбі күні Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының алаңында ҚРКФ басшылығының ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелерімен кездесуі өтті.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мен Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко арасындағы кездесу сындарлы жағдайда өтті. Іс-шараға сондай-ақ ҚРКФ тарапынан Төрағаның орынбасары, Гендерлік комиссияның төрайымы Гүлнар Жұмагелдиева, Ұлттық комиссия тарапынан хатшы Гаухар Нұрахметова қатысты.
Кездесу барысында тараптар әлеуметтік әділеттілікті ілгерілету, еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, сондай-ақ еңбек ұжымдарында отбасылық-демографиялық және гендерлік саясатты дамыту салаларындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі Ұлттық комиссияның ұсыныстарын талқылады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еңбеккерлердің құқықтарын тиімді қорғау және елдегі гендерлік теңдікті дамыту үшін кәсіподақтар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы ашық әрі сындарлы диалогтың маңыздылығын атап өтті.
Сатыбалды Дәулеталин бүгінгі күні Федерация еліміздің барлық өңірлері мен экономика салаларын қамтитын, кең таралған желісі бар ең ірі қоғамдық ұйым екенін жеткізді.
ҚРКФ Төрағасы ағымдағы жылдың Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Ол ҚР Кәсіподақтар федерациясының тарихындағы негізгі кезеңдерді еске алып, Федерация тарихы – түрлі тарихи жағдайларға қарамастан, даму жолын көрсеткен үлгі жол екенін ерекше айтты.
«Биыл біз кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығын және Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығын атап өтудеміз. Бұл – Қазақстандағы барлық тарихи өзгерістерге, соның ішінде Кеңес Одағының ыдырауына қарамастан сақталып қалған жалғыз ұйым. Басқа қоғамдық құрылымдардың ешқайсысы уақыт сынынан өте алмады, тек кәсіподақ қана қалды. Өйткені кәсіподақ – бұл шынымен де халықтық ұйым, ол адамдар үшін және адамдардың игілігі үшін жұмыс істейді», – деді ҚРКФ Төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин сондай-ақ кәсіподақ қауымдастығының дамуына маңызды кезең болған ҚР Кәсіподақтар федерациясының ХХVII Съезінің маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол Съезд барлық экономикалық салалардың өкілдерін біріктіргенін және кәсіподақ қозғалысының ішкі бірлігінің нығаюын көрсеткенін атап өтті. Сонымен бірге, шетелдік қонақтардың қатысуы халықаралық қызығушылық пен қолдаудың артып келе жатқанын айғақтайтынын жеткізді.
«Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысы тарихында алғаш рет Съезге шетелден 50 делегация келді. Олар бірқатар елдердің ұлттық кәсіподақ орталықтарын және алғы шептегі халықаралық кәсіподақ бірлестіктерін, соның ішінде дүниежүзілік кәсіподақ қозғалысының көшбасшыларын таныстырды. Әлемдік кәсіподақ қауымдастығының барлық негізгі тұлғаларының қатысуы – ешқандай әсірелеусіз айтсақ, бірегей оқиға. Тіпті халықаралық тәжірибеде мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Айтуға тұрарлық, бұл жолы барлық жұлдыздар дәл Астанада тоғысты», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ Төрағасы кәсіподақтардың халықаралық қауымдастыққа қайта оралуы Федерацияның институционалдық тәуелсіздігін және қызметінің ашықтығын нығайту бойынша жүйелі әрі дәйекті жұмысының нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мәртебенің қалпына келтірілуі Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясына жаһандық еңбек қозғалысының белсенді қатысушысына айналуға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде тәжірибе алмасу және қазақстандық еңбекшілердің мүдделерін халықаралық деңгейде қорғау үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Бүгінде ҚРКФ Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас кеңесінің мүшесі болып сайланды, ал мен Еуропалық аймақтық кеңестің вице-президенті болып сайландым. Осылайша, Федерация халықаралық үдерістерге қатысып қана қоймай, көшбасшылық позицияға ие болып отыр. Бұл Қазақстан еңбеккерлерінің құқықтарын жаһандық деңгейде қорғау мүмкіндіктерін кеңейтіп, беделін арттырады», – деп атап өтті ол.
Федерация қызметіндегі тарихи сәттердің бірі – Халықаралық еңбек ұйымымен ынтымақтастық деңгейінің артуы болды.
«Қазақстан тәуелсіздігі тарихында алғаш рет ҚРКФ-ның шақыруымен ХЕҰ-ның Бас директоры мырза Жильбер Унгбо елімізге ресми сапармен келді. Оның бағдарламасының алғашқы нысаны Кәсіподақтар федерациясына бару болды. Біздің ойымызша, бұл оқиға Федерацияның еңбек жағдайларын жақсарту мен жұмысшылардың құқықтарын қорғауға бағытталған ұлттық саясатты жүзеге асырудағы негізгі әріптес ретіндегі позициясын нығайтты», – деп атап өтті ҚРКФ басшысы.
Сатыбалды Дәулеталин сондай-ақ Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі мен Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы секілді халықаралық құрылымдарды құру бойынша жұмыстар жөнінде айтты.
«Бұл интеграциялық кәсіподақ құрылымдары аймақ елдеріне еңбек құқықтарын анағұрлым тиімді қорғауға және озық тәжірибемен алмасуға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, экономикалық және әлеуметтік өзгерістер жағдайында аса маңызды», – деп есептейді Федерация төрағасы.
Халықаралық стандарттар мен адам құқықтары тақырыбын жалғастыра отырып, Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ қозғалысындағы гендерлік теңдікті ілгерілету және әйелдердің белсенді рөлі мәселелеріне тоқталды.
«Бүгінде біздің мүшелеріміздің 54%-ын әйелдер құрайды. Яғни, Кәсіподақтар федерациясының “әйел бейнесі” бар деуге болады. Біз Гендерлік комиссияны құрдық және оны белсенді түрде дамытып келеміз. 2020 жылдан бастап әйелдердің барлық деңгейдегі өкілдігін бірізді түрде нығайтып келеміз. Біз қалыптасқан консервативті стереотиптерді бұзып, стратегиялық міндеттерімізге кәсіподақтардың алқалы органдарына әйелдердің міндетті түрде қатысуын енгіздік. Гендерлік комиссия жұмысы – тек әйелдердің міндеті емес, оған теңдік құндылықтарын қолдайтын ерлер де қатысады», – деп атап өтті ол.
Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы халықаралық еңбек стандарттарын енгізуге, соның ішінде еңбек саласында зорлық-зомбылық пен қысымды жоюға бағытталған Халықаралық еңбек ұйымының № 190 Конвенциясын ілгерілетуге белсенді түрде атсалысып келеді. Гендерлік теңдікті және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі жұмыстың аясында ҚРКФ дискриминация мәселелеріне, еңбекақы төлеудегі гендерлік алшақтықты жоюға және қызметкерлердің құқықтарын қорғауға айрықша назар аударады.
«Біз күн сайын еңбекақы төлеудегі алшақтықты жою, дискриминация мәселелерін шешу бағытында жұмыс істеп келеміз және жұмыс орнында зорлық-зомбылық пен қысымға қарсы күрес жөніндегі № 190 Конвенцияның ратификациялануын ілгерілетудеміз. Бұл күрделі процесс, бірақ біз сын-қатерлерге дайынбыз және әйелдер құқықтарын қорғаушы орган ретінде Ұлттық комиссияның қолдауына сенеміз», – деді Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өкілдеріне.
Өз кезегінде Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко әлеуметтік тұрақтылықты және теңдікті нығайту тұрғысынан кәсіподақ қозғалысының маңыздылығын атап өтті.
«Кәсіподақтар федерациясын қол жеткізген жетістіктерімен құттықтаймын – ҚРКФ Съезі жаңа мақсаттар мен стратегияларды айқындаған ауқымды іс-шара болды. Бүгінде Ұлттық комиссияның басты міндеті – ерлер мен әйелдер үшін барлық салада тең мүмкіндіктер қалыптастыру. Біз өңірлерде жұмыс істейміз, Отбасыны қолдау орталықтарын құрып жатырмыз. Бірақ тиімді жұмыс үшін бізге кәсіподақ федерациясының еңбек ұжымдарымен кездесулер ұйымдастыруға қолдауы қажет. Біз бастамаларымызды Қазақстанның әрбір еңбеккеріне жеткізгіміз келеді», – деді Елена Тарасенко.
Кездесу барысында Ұлттық комиссия өкілдері ведомствоаралық өзара іс-қимылды және өңірлерде кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын талап ететін бірқатар өткір әлеуметтік мәселелерді көтерді. Әсіресе еңбек ұжымдарындағы профилактикалық жұмысты күшейту қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Ұлттық комиссияның хатшысы Гаухар Нұрахметова да бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
«Біз Кәсіподақтар федерациясының қаншалықты белсенді дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Қазір біздің алдымызда тұрған міндет – өңірлердегі еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізу. Біз мүмкіндігінше көп аудиторияны қамтып, отбасылық құндылықтар туралы маңызды месседждерді жеткізгіміз келеді. Бізді алаңдататын үрдістер бар. 14 жасар қыздар ана атанып жатыр. Бұл – өткір әлеуметтік сын-қатер. Біз ұжымдарда Федерациямен бірлескен жұмысқа сенім артамыз. Біз отбасының тәрбиелік функциясын күшейтуіміз керек. Қазіргі тәжірибе көрсеткендей, мектеп пен ата-ананың арасындағы байланыс әлсіреген. Мұнда кәсіподақтар шешуші рөл атқара алады. Сіздерде құралдар да, қамту да, ықпал ету мүмкіндігі де бар», – деп атап өтті Ұлттық комиссия хатшысы.
ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бірлескен жұмысқа ашық екенін білдіріп, өзара іс-қимылды дамытуға қатысты бірқатар нақты бастамаларды ұсынды.
«Біріншіден, Федерация мен Ұлттық комиссия арасындағы Меморандумды жаңартып, қайта қол қоюды ұсынамын. Бұл біздің жұмысымыздың құқықтық негізін қалыптастырады. Екіншіден, біз еңбек ұжымдарына барудың бірлескен жоспарын әзірлеуге дайынбыз — бастауыш ұйымдардан бастап облыстық бірлестіктерге дейін. Өзім де аймақтарға тұрақты түрде шығып тұрамын және Ұлттық комиссия өкілдерін шақыруға дайынбыз. Сондай-ақ, Бас келісім мен салалық келісімдер жобаларын әзірлеу кезінде гендерлік аспектілерді талдау тұрғысынан Ұлттық комиссия өкілдерінің қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынар едім», – деді ол.
Бұдан бөлек, Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, Федерация Ұлттық комиссияға халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге қолдау көрсете алады.
«Ұлттық комиссия өкілдерінің халықаралық алаңдарға, форумдар мен конференцияларға қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Оның ішінде Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі деңгейінде. Қазақстан сондай-ақ Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы аясында гендерлік күн тәртібін талқылауды бастамалай алады», – деп қосты ҚРКФ төрағасы.
Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко Федерациямен диалогтың мазмұнды ғана емес, шабыттандыратын болғанын атап өтті.
«Жеке өзім бұл кездесуден ерекше энергия алдым. Сіздер шешіп жатқан міндеттердің ауқымдылығы, Федерация командасының жүйелілігі мен мақсаткерлігі шын мәнінде шабыт береді. Бұл бізге бірлескен күш-жігерімізбен көп нәрсені өзгерте алатынымызға сенімділік береді», – деді Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар еңбек ұжымдарында кездесулер өткізуді, Генералдық және салалық келісімдер жобаларына ұсыныстар дайындауды, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің кәсіподақтары кеңесі мен Түркі кеңесі аясындағы халықаралық ынтымақтастықты қамтитын бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеуге уағдаласты.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы