Жастарға жаңа жол: Түркістандағы кәсіби таңдау

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен ұйымдастырылған «Мамандықтардың 120 ізгі істері» атты ауқымды еңбек акциясы аясында Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Ерлан Жандарбеков өңір жастарының қатысуымен маңызды кездесу өткізді.

Кездесу барысында 2025 жылды Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялау бастамасы ерекше атап өтілді. Бұл шараның негізгі мақсаты — жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру және жастар арасында еңбекке деген құрметті арттыру екені айтылды. Ерлан Жандарбеков қазіргі таңда техникалық және өндірістік салаларда білікті мамандарға деген сұраныс жоғары екенін атап өтіп, мамандық таңдауда қателеспей, еңбек нарығының талабына сай шешім қабылдау қажет екенін баса айтты.

«Мамандық — бұл тек жұмыс емес, бұл — адамның өмірлік жолы. Әрбір жас таңдаған кәсібі арқылы қоғамға пайдасын тигізіп, өз болашағын қалыптастырады» — деп атап өтті Ерлан Жандарбеков.

Сонымен қатар, кездесуде Кәсіподақтар федерациясының атқарып жатқан жұмыстары жайлы да кеңінен сөз қозғалды. Ерлан Жандарбеков кәсіподақтардың еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, әділ еңбекақы алу, сондай-ақ жастарды кәсіби дамыту мен әлеуметтік қолдау бағытындағы жобаларымен таныстырды. Ол кәсіподақтардың жастарға арналған оқу және әлеуметтік қолдау бағдарламаларының болашағына ерекше мән беретінін атап өтті.

Бұл шара жастарға тек мотивация беріп қана қоймай, оларды еңбекке, әлеуметтік жауапкершілікке және өз мамандықтарына деген адалдыққа баулуға бағытталған. Ерлан Жандарбеков жастарды еңбек нарығында өз орнын табу үшін қажетті дағдылар мен білімдерді игеруге шақырып, техникалық және кәсіби білімнің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Кездесуде қатысушылар кәсіподақтар атқаратын жұмыстарға және кәсіподақтық ұйымдардың еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, жұмыс орындарындағы қауіпсіздік пен әділ еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелеріне қызығушылық танытып, кәсіподақтардың жастарды қолдау жөніндегі жобаларына қатысты өз пікірлерін білдірді.

Кездесу соңында Ерлан Жандарбеков жастарды өз кәсіби дамуында табысқа жетуге, Қазақстанның еңбек нарығында өз орнын табуға шақырды. Ол еңбекке құрмет көрсетудің және кәсіби білім алудың маңыздылығын тағы да еске салып, жастардың кәсіподақтармен бірге даму жолында табысқа жететініне сенім білдірді.