«Жұмысшы мамандықтары – ел мақтанышы» айдары: Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мамандық

Жанболат Бурлинов бала күнінен теміржол әлеміне ерекше қызығушылықпен өсті. Алыстан естілген пойыздың гүжілдеген үні оның жүрегін тербеп, сол сәттерде-ақ өзін болашақта осы алып жүйенің бір бөлшегі ретінде елестететін. Ол пойыз қозғалысын сағаттап бақылап, болашағын теміржолмен байланыстыруды армандады.

Бұл қызығушылық, бұл сүйіспеншілік тегін емес еді. Себебі Бурлиновтер әулеті – теміржол саласында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті дәстүрдің иесі. Бұл — кәсіпке деген адалдықтың, елге деген қызметтің, табандылық пен тәртіпке негізделген өмір салтының көрінісі.

– «Менің үлкен атам Кенжеш Бурлинов өткен ғасырдың 30–40 жылдары әулетімізде теміржолшы формасын алғаш болып киген жан еді. Ол жүк пойыздарының қауіпсіздігіне жауапты болды. Оның жолын кейін ұлдары жалғастырды: үлкені Ермекбай Бурлинов Қарағанды өңіріндегі Киік станциясының бастығы болып еңбек етті. Кенже ұлы – менің атам Балта Бурлинов 1956 жылы сол Киік станциясында еңбек жолын 4-разрядты слесарь көмекшісі ретінде бастады. Әуелі локомотивтерді жөндесе, кейін тепловоз машинисі болып, жүк пойыздарын жүргізді», – дейді Жанболат Бурлинов.

Балта Бурлинов өзінің өмірлік серігі, Жанболаттың әжесі Маскенмен де теміржолда танысқан. Маскен Бурлинова көлік саласында 31 жыл адал еңбек етіп, ардагерлікке жеткен жан. Ол еңбек жолын 1974 жылы Қарағанды облысындағы Ағадыр станциясында жүк вагондарын қабылдап-тапсырушы болып жұмыс істеген. Еңбегі еленіп, «Ұзақ жылдық адал еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Бұл абыройлы жолды Жанболаттың әкесі – Төлеген Балтаұлы Бурлинов та лайықты жалғастырды. Ол 40 жылдан астам уақыт бойы жолаушылар және жүк пойыздарының машинист көмекшісі болып қызмет атқарып, бүгінде зейнет демалысында. Жауапкершілігі жоғары, кәсібіне адал әкесіне күрделі және маңызды бағыттар сеніп тапсырылып отырған.

Осындай отбасылық үлгі мен тәрбиеден нәр алған Жанболат үшін мамандық таңдауда күмән болған жоқ. Ол ата жолын жалғап, өмірін теміржолмен байланыстыруды шешті. Ата-анасы бұл шешімді толық қолдап, баласының табандылығына, қызығушылығына сенім артты.

Жанболаттың еңбек жолы «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Байланысты басқару орталығы» филиалында электромеханик ретінде басталды. Ол бұл қызметте АТС жүйесін басқару, жаңғырту, телекоммуникациялық жабдықтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету сияқты маңызды міндеттерді атқарды. ATC CS 1000E станциясын техникалық сүйемелдеп, жаңа абоненттерді қосу, халықаралық байланыс орнату, бейнеконференциялар ұйымдастыру сынды жауапты жұмыстарды тиянақты орындады. 2011 жылы «Жас кәсіби маман» байқауында «Жылдың жас байланысшысы» номинациясы бойынша III дәрежелі жүлдеге ие болды.

2012 жылы ол Орталықтың желілік-аппараттық цехына ауысып, аналогтық және цифрлық жабдықтардың жұмыс сапасына жауапты маман ретінде апатты жағдайларда шұғыл әрекет ету, жоғары жиілікті арналарды баптау, пойыз диспетчерлік байланысын тәулік бойы бақылау жұмыстарын атқарды.

2016 жылдан бастап Жанболат Бурлинов сымды және сымсыз байланыс бөлімінде менеджер қызметін атқарып келеді. Оның кәсіби міндеттеріне заманауи телекоммуникациялық жүйелерді енгізу, цифрлық технологияларды теміржол саласына бейімдеу, ақпараттық қауіпсіздік пен сенімді байланысты қамтамасыз ету кіреді.

Сонымен қатар, ол халықаралық логистика мен мультимодальды тасымалдар бойынша өткен бірқатар семинарларға қатысып, Қазақстан атынан тәжірибе алмасуға үлес қосты.

Бурлиновтар әулетінің теміржол саласындағы шежіресі мұнымен шектелмейді. Балта Бурлиновтың қызы – Рәмкеш Әбенова зейнетке шыққанға дейін Астана станциясындағы депода дефектоскопист болып жұмыс істеді. Оның ұлы Жансұлтан Әбеновте теміржол саласының білікті маманы. Ол еңбек жолын жүк тасушыдан бастап, кейін слесарь, жөндеу-дайындау бөлімінің бригадирі болды, бүгінде жылжымалы құрамды жөндеу бөлімінің бастығы қызметін атқарып отыр.

Бүгінде Бурлиновтар әулетінің теміржол саласындағы жалпы еңбек өтілі 178 жылдан асады. Бұл – нағыз теміржолшылар династиясы. Балта мен Маскен Бурлиновтардың 11 немересі мен 12 шөбересі бар. Олардың басым бөлігі теміржолмен тікелей байланысты кәсіптерде еңбек етіп жүр немесе өз болашағын осы мамандықпен байланыстырады.

Бұл әулеттің өкілдері көптеген салалық марапаттар мен құрмет грамоталарына ие болған. Республикалық телеарналардың бірі бұл даңқты отбасы туралы деректі фильм де түсірді.

– «Теміржол – мен үшін жай жұмыс орны емес, бұл – менің өмірімнің бір бөлшегі. Бұл мамандық ерік-жігерді, табандылықты, тәртіп пен кәсіби жауапкершілікті талап етеді. Атам да, әкем де осы салада тер төкті. Теміржол – өз қалауыммен таңдаған жол болғанымен, ол мен үшін атадан қалған аманат сияқты. Егер болашақта балаларым да осы жолмен жүргісі келсе, мен тек қуанышпен қолдаймын. Себебі бұл сала адамды шыңдайды, ұлтқа қызмет етуді үйретеді», – дейді Жанболат Бурлинов.