«Қаламқас» халық ән-би ансамблі кәсіподағының тарихынан үзінді

Қарапайым еңбек адамына жұмыс барысында болған қиындықты жеңілдетуде, еңбек заңдылықтарының сақталуын бақылауда, кәсіподақ мүшелеріне материалдық-моральдық қолдау көрсетуде кәсіподақтың атқарар ролі орасан зор. Бүгін «Қаламқас» халық ән-би ансамблі ұжымындағы кәсіподақ жұмысы туралы сөз қозғап, тарихқа көз жүгіртіп, осы ұжымда  15 жылы үздіксіз кәсіподақ көшбасшысы болған  Көзбаева Тұрар Қауысқызының еңбек жолына және қосымша атқарған   кәсіподақ ұйымының елеулі жетістіктеріне тоқталамыз.
  1954 жылы 27 желтоқсан күні  Семей облысы, Абай ауданында дүниеге келген Көзбаева Тұрар Қауысқызы 1972 жылы Саржал орта мектебін жақсы бағамен бітіріп, 1976 жылы Семей қаласының М.Төлебаев атындағы музыкалық училищесінің мәдени-ағарту саласы мамандығы бойынша сырттай бөлімін бітіреді.
    
         Бала  кезінен өнерге құштар Тұрар Хауысқызы  1972 жылы ірге тасы қаланған, облысымыздың  мақтанышына айналған  «Қаламқас» халық  ән-би ансамблінде  әнші болып 50 жылдан астам мәдениет саласында үзбей еңбек етіп келе жатқан өнер ардагері еліміздің мақтанышы.  Ол «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің құрамында 1973 жылы Чехословакия, 1986 жылы Венгрияға, 1992 жылы Түркияға, 1993 жылы Қытай  мемлекеттерінде қазақ елі атынан өнер көрсетіп, ел абыройын қорғап, аудан, облыс,  республика  халқына  да жоғары  кәсіби  өнерімен мәдени қызмет көрсетіп, Абай елінің мәдениеті мен өнерінің  дамуына айтулы еңбек сіңірді.
Тұрар Хауысқызы  1989 жылдан – 2005 жылдар аралығында кәсіподақ төрағасы болғанда кәсіподақ – әділдіктің айнасы деген сеніммен өзіне жүктелген міндетті адал атқарып, ансамбль мүшелерінің құқықтарын ғана қорғаймай, олардың басын біріктіретін, ортақ мақсатқа жетелейтін үлкен іс- шаралар да өткізді.  Ол аудан, облыс, республика деңгейінде ансамбль мүшелері еңбегінің лайықты бағалауда, еңбек жағдайы және әлеуметтік қорғау мәселелерін шешуде, олардың мүддесін қорғауда, әр адамның жүрегіне сенім ұялатып, бар пәрменімен араласып,  әділеттің орнауына жол аша білген. Сонымен қоса, Тұрар Хауысқызы  ұжымда мәдени шаралар өткізіп, олардың бос уақытын тиімді өткізуге ықпал етіп, ұжымдағы ынтымақ пен достықты нығайтуға мүмкіндік жасап, өзінің нағыз кәсіподақ көшбасшы екенін дәлелдей білген білімді де білікті маман.
Тұрар Хауысқызы  мәдениет саласындағы табысты шығармашылық және ұйымдастырушылық жұмысы үшін  КСРО Одағының Мәдениет Министрілігінің Алғыс хатымен мараптталып, 1980 жылы  «Қаламқас» халық  ән-би ансамблінің құрамында   республикалық,  Бүкілодақтық  өнер  байқауларына  қатысып  лауреат  атанса, 1985 жылы  Алматы қаласында өткен Бүкілодақтық көркемөнерпаздар ұжымдарының байқауында  «Қаламқас» ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, «Қазақстан Ленин Комсомолы» сыйлығының лауреаты атағына ие болды.
        Тұрар Хауысқызы  әнші ретінде танылып, суырыла алға шығып дараланып өзінің асқан дарынын көрсетіп, қатаң сындардан сүрінбей, өзіндік сипатпен өзгешеленген халық сүйген әнші. Әнші атағын халық берген Тұрар Хауысқызы 1987 жылы Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мәдениет қызметкері атағын алды, ал 2000 жылы-Мәдениетті қолдау жылы «Қаламқас» халық ән-би ансамблімен Алматы қаласында өткен Қазақстан Халықтары Достығы І-Республикалық фестивалінің лауреаты атанды.
Ол 2003 жылы «8 наурыз-Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне орай Шығыс Қазақстан облысы, Абай аудынының атынан Елбасының қабылдауында болып, 2005 жылы Қазақстан Республикасының мәдениет министрлігінің «Құрмет Грамотасымен» наградталды. 2012 жылы «Қаламқас» ансамбліне 40 жыл толуына орай арнайы мерекелік кітап шығарылып, бұл кітапта Тұрар Хауысқызының  өнердегі жүріп өткен жолдары жайлы жазылса, сол жылы «Қаламқас» ансамбліне және сахнада 40 жыл толуына байланысты «Әнім саған, туған ел!» атты есептік жеке  шығармашылық ән кешін берді.
  Ол 2016 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігене 25 жыл толуына орай  «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен,    2017 жылы  Қазақстан Республикасының «Шапағат» медалімен, 2022 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
        Ұлы Абай, кемеңгер Шәкәрім, ғұлама Мұхтар бабаларымыздың дүбірлі тойларын  жоғары деңгейде өткізуде айтулы үлес қоса білген Тұрар Хауысқызының  2023 жылы ел алдындағы қажырлы  еңбегі еленіп «Абай ауданының Құрметті азаматы» құрметті атағы берілді.
  Әрдайым кәсіподақ мүшесінің жанынан табылатын, қорғаушы қызметін атқаратын, кәсіподақтың  көшбасшысы бола білген Тұрар Хауысқызына Қазақстан Республикасы кәсіподағының 120 жылдық мерей тойына орай   деніне саулық, басына амандық, отбасына береке, жұмысына шығармашылық табыс тілейміз.