Кәсіподақ – «Таза Қазақстан» акциясымен бірге!

Сенбілік аясында Ұлытау облысының білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының мүшелері мен белсенділері бүкілхалықтық «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, ұйымшылдық пен белсенділіктің жарқын үлгісін көрсетті.

Кәсіподақ орталығы аумағында кең көлемде тазалық жұмыстары жүргізіліп, абаттандыру шаралары атқарылды. Бұл шара тек қана қоршаған ортаны көріктендірумен шектелмей, табиғатқа деген жанашырлықтың, туған жерге деген қамқорлықтың және азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісіне айналды.

Қоршаған ортаны қорғау – бұл тек бүгінгі күннің емес, ертеңгі ұрпақтың амандығы үшін жасалатын маңызды қадам. Табиғат – баршаға ортақ байлық. Оны аялау – әр азаматтың борышы. Әрбір жан өзінің туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін ісімен дәлелдесе, еліміздің болашағы бұдан да жарқын болары сөзсіз.

«Таза Қазақстан» акциясы – халқымыздың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Аталған шараға кәсіподақ мүшелерінің белсене қатысуы – ортақ мақсат жолындағы ауызбіршілік пен елжандылықтың нақты көрінісі.