Жолдауды жүзеге асыру жолдарын талқыланды

«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Атқару комитетінің жоспарлы мәжілісі өтті.

Күн тәртібіне сәйкес, комитет төрағасы Қылышбай Сүндетұлы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауына және оны жүзеге асыру жолында салалық кәсіподақ ұйымдарына жүктелетін міндеттерге арналған баяндамасын ұсынды.

– Жолдаудың негізгі өзегі – жасанды интеллект пен цифрландыру. Президент атап өткендей, жаңа технологиялық дәуір талаптарына сай болу үшін басқару тәсілдерін түбегейлі қайта қарап, жүйенің ашықтығы мен тиімділігін арттыру қажет. Жолдауда көрсетілген жеті басым міндет – елді бәсекеге қабілетті ету жолындағы нақты бағыттар. Бұл бағытта кәсіподақ ұйымдары белсенді жұмыс істеуі тиіс, – деп атап өтті төраға.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлауды мектеп қабырғасынан бастаудың маңыздылығына тоқталды. Бұл ретте: ЖИ негіздері бойынша оқу бағдарламалары мен құралдарын әзірлеу, мұғалімдерді жаңа технологияларға оқыту, ауыл мектептеріне сапалы білім жеткізетін Qazaq Digital Mektebi платформасын іске қосу, Al-Sana бағдарламасы аясында 100 мың студентті ЖИ жобаларына тарту, «Келешек мектептері» аясындағы жаңа білім нысандарының құрылысын аяқтау – назарда болуы тиіс.

Президент ғылым, білім және инновацияны біріктірудің маңызын ерекше атап өтті. Бұл – білім экономикасының негізі болмақ. Осы орайда, осы салаларды басқарудағы тәсілдерді үйлестіру – дер кезінде көтерілген бастама.

Кәсіподақ ұйымдары азаматтық қоғамның белсенді күші ретінде алдағы реформаларды талқылауға және олардың жүзеге асуына үлес қосуға дайын.
– Біздің басты мақсатымыз – еңбеккерлердің мүддесін қорғап, халықтың үнін билікке жеткізу. Әділетті Қазақстан құру жолындағы бастамалар табысты жүзеге асады деп сенеміз және бұл жолда белсенді атсалысамыз, – деп қорытындылады сөзін Қылышбай Сүндетұлы.

Мәжілісте сондай-ақ мына мәселелер қаралды: «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің кәсіподақ мүшелері мен олардың балаларының 2025 жылғы жазғы демалысын ұйымдастыру; «Атырау көлік және коммуникация колледжі» бастауыш кәсіподақ ұйымының жарғылық міндеттерді орындауы.

Аталған мәселелер бойынша бас есепші Алтын Тұяқпаева мен Нағима Қапсалихова баяндама жасап, ақпараттары қаперге алынды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтарының 120 жылдық мерекесі аясында қазан айына жоспарланған бірқатар іс-шаралар бекітілді. Атап айтқанда: 29 қыркүйек – 4 қазан аралығында өтетін «Ұстазға алғыс!» апталығы, Халық мұғалімі Құсиын Айтқалиевтың 95 жылдығына арналған Құрманғазы ауданындағы облыстық жиын, ҚР Әнұранының авторы Жұмекен Нәжімеденовтың 90 жылдығына орайластырылған шаралар, «Құсиын Айтқалиұлының педагогикалық мұрасы, заманауи білім мәселелері: бүгіні мен болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 85 жылдығына арналған мерекелік шараларға қатысу.

Жоспарланған іс-шаралар бірлестік тарапынан тиісті деңгейде ұйымдастырылатын болады.