Кәсіподақтар күні: Шымкентте Еңбек адамына құрмет көрсетілді

Шымкент қаласындағы «Көрме орталығында» Кәсіподақтар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара еңбек адамын ұлықтауға, оның әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау жолында қажырлы еңбек етіп келе жатқан кәсіподақ қозғалысының маңыздылығын арттыруға бағытталды.

        

Биылғы мереке еліміздің кәсіподақ қозғалысы үшін айрықша тарихи кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Атап айтқанда, Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының құрылғанына 120 жыл, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының құрылғанына 35 жыл толып отыр.

Жиынның ашылуында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің бейнеқұттықтауы көрсетілді. Ол өз сөзінде кәсіподақ ұйымдарының ел ішіндегі орны, жұмысшылардың құқықтарын қорғаудағы рөлі және әлеуметтік әріптестік мәдениетін қалыптастырудағы маңызын ерекше атап өтті.

Кейін қатысушыларға кәсіподақ қозғалысының тарихы мен қазіргі жетістіктері туралы бейнематериал ұсынылды. Онда кәсіподақтардың қалыптасу кезеңі, ардагерлердің еңбегі, Тәуелсіздік жылдарындағы реформалар мен жаңа бастамалар қамтылды.

Жиын барысында сала ардагерлері Шерімқұлов Досыбай Айтбайұлы мен Валентина Максимовна Ващенко сөз сөйлеп, кәсіподақ қозғалысының өткені мен бүгіні жайлы естеліктерімен бөлісті. Валентина Ващенкоға кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына арналған «120 жыл» естелік медалі табысталды.

Салтанатты шарада Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Нарынбетов Бахадыр Мәдәліұлы құттықтау сөз сөйлеп, еңбек адамына көрсетілер құрмет пен әлеуметтік әділеттіліктің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, қала әкімінің және қалалық мәслихаттың Алғыс хаттары бірқатар кәсіподақ мүшелеріне табысталды.

Өз кезегінде «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев кәсіподақ ұйымының соңғы жылдардағы жұмысына шолу жасады. Оның айтуынша, соңғы бес жыл ішінде 43 отырыс өткізіліп, 93 өзекті мәселе қаралған, оның 31-і кәсіподақ бастамасымен көтерілген, өндірістік жазатайым оқиғалар саны 21 пайызға азайған, 3500-ден астам азамат құқықтық оқытудан өткен, «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында 369 мекемеге барып, 125 мәселе анықталып, оның 120-сы жедел шешілген.

«Біздің басты мақсатымыз – еңбек адамының құқығын қорғау және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмысымыз алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады», – деді Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев.

Салтанатты жиын аясында түрлі салаларда белсенді еңбек етіп жүрген кәсіподақ мүшелеріне «Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» марапаты, «Еңбек озаты» төсбелгісі, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының Алғыс хаттары, Құрмет грамоталары табысталды.

Марапат иелері – білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, көлік және мемлекеттік қызмет салаларында еңбек ететін кәсіподақ мүшелері.

Сонымен қатар, «SENIM» салалық кәсіподағы құрамындағы Қан орталығы бастауыш ұйымының төрайымы Дана Сайлаубекқызы жастардың кәсіподақ жұмысына қатысуы мен ұжымдық келісімдердің тиімділігі жайында баяндама жасап, жас буынның белсенділігіне тоқталды.

Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, өнерпаздар мен мәдениет саласының кәсіподақ мүшелері көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Кәсіподақтар күніне арналған жиын – еңбек адамының қоғамдағы рөлін айшықтайтын, әлеуметтік әділеттілік пен бірлік идеясын дәріптейтін маңызды іс-шара болды. Кәсіподақ қозғалысы алдағы уақытта да еліміздегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қоса бермек.