ҚРКФ Дүниежүзілік лайықты еңбек үшін іс-қимыл күніне арналған жаһандық акцияны қолдайды

2008 жылдан бастап жыл сайын 7 қазанда Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының бастамасымен және Халықаралық еңбек ұйымының қолдауымен бүкіл әлемде Дүниежүзілік лайықты еңбек үшін әрекет күні атап өтіледі.

Сейсенбі, 7 қазан күні Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының қолдауымен өткізілетін халықаралық науқанға қосылды. Бұл науқан биылғы жылы «Лайықты еңбекті қамтамасыз ететін демократия үшін!» ұранымен өтуде.

Осы күні Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясында қоғамның назарын барлық еңбек етушілер үшін лайықты жағдай, жалақы және әлеуметтік қорғалуды қамтамасыз ететін жұмыс орындарын құру қажеттілігіне аударуға бағытталған ақпараттық науқан өткізілді.

«1999 жылы Халықаралық еңбек ұйымы Лайықты еңбек тұжырымдамасын қабылдады. Бұл тұжырымдамаға сәйкес, лайықты еңбек — бұл еркін, әділ жалақы төленетін, қауіпсіз, әлеуметтік тұрғыда қорғалған, адамның қадір-қасиетін қорламайтын еңбек; бұл — әрбір азаматқа тең мүмкіндік беретін, басқару үдерістеріне қатысуға, кәсіби және жеке дамуға жол ашатын еңбек; бұл — адам өзінің сүйікті ісімен айналыса отырып, еркіндік пен әділеттілікке, қауіпсіздік пен сыйластыққа негізделген еңбек. Біздің елімізде мұндай Тұжырымдаманың басты жақтаушысы – Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы және оның мүшелік ұйымдары», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева.

Дүниежүзілік лайықты еңбек үшін іс-қимыл күні қарсаңында ҚР Кәсіподақтар федерациясының мүшелік ұйымдары еліміздің түкпір-түкпірінде бірқатар маңызды іс-шаралар өткізуде. Бұл бастамалар жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға, сондай-ақ Лайықты еңбек тұжырымдамасын қоғамға кеңінен насихаттап, оны халықтың әл-ауқатының негізі ретінде бекітуге бағытталған. Атқарылып жатқан жұмыстар қатарында – семинар-тренингтер, жалпыға бірдей құқықтық оқыту сабақтары, өңірлердегі заң клиникаларының қабылдаулары, сондай-ақ кәсіпорындарда еңбек құқығы бойынша тегін кеңестер ұйымдастырылуда.

Айта кету керек, соңғы бес жылда ҚРКФ мен оның мүшелік ұйымдарына әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау үшін 15 мыңнан астам жұмыскер жүгінген. Оларға құқықтық және консультациялық көмек көрсетілді. 247 сот отырысында шешімдер жұмыскерлердің пайдасына шығарылды. Кәсіпорындар мен ұйымдардағы еңбек жағдайларын жақсарту үшін әлеуметтік әріптестермен бірлескен жұмыс бүкіл ел бойынша жүргізілуде.

Бұдан бөлек, өткен жылы маусым айында Женевада өткен Халықаралық еңбек конференциясының 112-сессиясы аясында ҚР Үкіметі, ҚР Кәсіподақтар федерациясы, жұмыс берушілердің «Парыз» ұлттық конфедерациясы және Халықаралық еңбек ұйымы Қазақстанда Лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі Жол картасына қол қойды.

Жол картасы Халықаралық еңбек ұйымының техникалық қолдауымен және әлеуметтік әріптестердің бірлескен күш-жігерімен әзірленді. Ол еңбек саласындағы бес маңызды бағыт бойынша бірлескен бастамаларды қамтиды: «Қауіпсіз еңбек және еңбек инспекциясы», «Әлеуметтік диалог пен үшжақтылық, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің бірігу бостандығы», «Ең төменгі жалақы», «Әлеуметтік қамсыздандыру және қорғау», сондай-ақ «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалауды жою».

Қазіргі уақытта ҚРКФ Қазақстанда Лайықты еңбектің ұлттық бағдарламасын қабылдауды ілгерілетуде.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникациялар орталығы