Бүгін, 10 қазан күні, Қазақстанда Кәсіподақтар күні аталып өтеді. Биыл бұл мерейлі мереке Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығымен және Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.

Осы айтулы оқиғаларға орай Астанада Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырған салтанатты форум өтті. Мерейтойлық жиынға кәсіподақ қозғалысының қалыптасуына үлес қосқан ардагерлер, еліміздің әр өңірі мен саласынан келген белсенділер, еңбекші жастар және әлеуметтік әріптестер қатарынан 300-ге жуық адам қатысты.

Форумды ашқан Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысушыларды мерекемен құттықтап, кәсіподақ қозғалысының тарихи белестеріне тоқталды. Ол 120 жылдық тарихтың бастауы – адамдық қадір-қасиет пен әділет үшін күрестен басталғанын атап өтті.
“Сол жылдары еңбек адамдары ең қарапайым құқықтары үшін күресті. Жұмыс күні 14 сағаттан аспасын, әйелдер мен балалар еңбегі аяусыз пайдаланылмасын деді. Ол кезде мұндай талаптар батыл бастама саналды, ал бүгінде бұл – қалыпты нәрсе. 120 жылдық кәсіподақ қозғалысының даңқты жолы мен әділеттілік туын 35 жыл бойы абыроймен көтеріп келе жатқан Федерацияның тарихы – бұл еңбек адамдарының рухын биіктеткен даңқты шежіре”, – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Ардагерлерге арнаған сөзінде ҚРКФ төрағасы ұйымның 35 жылдық тарихына ерекше тоқталып, оның ел өміріндегі тарихи рөлін атап өтті.
“Құрметті ардагерлер, сіздер – еліміздегі барлық ұлы өзгерістердің куәгері әрі тікелей қатысушысысыздар. Сіздер 80–90-жылдардағы ереуілдерді жақсы білесіздер, сол уақытта жұмысшылар алғаш рет әділеттілікті ашық талап ете бастады. Сондай-ақ алғашқы ұжымдық шарттардың қалай жасалғаны да сіздердің естеріңізде болар. Сол бір қиын-қыстау кезеңдерде – қалыптасқан жүйе күйреп, өмірдің үйреншікті тәртібі бұзылған шақта – адамдардың құқығын қорғау оңай болмады. Кәсіпорындар жабылып, жалақы айлап берілмей, ертеңгі күнге деген сенім азайған сәттерде сіздер кәсіподақ қозғалысының отын өшірмедіңіздер. Халықтың сенімін сақтап қалдыңыздар. Сіздер дәлелдедіңіздер: ынтымақ пен бірлік кез келген сынақтан күштірек. Біз сіздердің табандылықтарыңыздың алдында бас иеміз. Сіздермен мақтанамыз. Халықтың сенімін сақтап, бізге тек ұйымды ғана емес, кәсіподақ рухын – әділет үшін күрес рухын аманаттағандарыңыз үшін алғыс айтамыз. Сіздердің өмір жолдарыңыз – Федерация тарихының жарқын беттері. Ал қосқан үлестеріңіз – бүгінгі ұрпақ сүйеніп тұрған берік іргетас. Еңбек адамына деген сенімдеріңіз бен адалдықтарыңыз, қажыр-қайраттарыңыз бен адамгершіліктеріңіз үшін сіздерге шексіз ризашылық білдіреміз, – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Барлық өмірден өткен кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділерінің рухына құрмет ретінде форумда бір минут үнсіздік жарияланды. Қазіргі кезеңге ойысқан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым ықпалының артуы нәтижесінде қол жеткізілген жетістіктерге тоқталды. Бүгінде Кәсіподақтар федерациясы қатарында шамамен екі миллионнан астам адам бар.
“Біз кәсіподақтарды сақтап қана қоймай, олардың беделін де арттыра алдық. Бүгінде ол – миллиондаған еңбеккерлер сүйенетін берік тірекке айналды. Кәсіподақтар федерациясы – елдегі ең ірі қоғамдық ұйым, оның құрамында екі миллионға жуық мүшеміз бар. Яғни, еліміздегі әр үшінші еңбеккер – біздің кәсіподақтың мүшесі. Федерация құрамына 24 салалық, 18 аумақтық бірлестік және 16,5 мың бастауыш ұйым кіреді. Онда күн сайын мыңдаған еңбеккерлердің тағдырына әсер ететін шешімдер қабылдануда. Бұл – екі мың штаттық кәсіподақ қызметкері мен 90 мың белсендіден құралған үлкен қауымдастық. Олардың барлығы Кәсіподақтар федерациясының бірыңғай жүйесінде жұмыс істейді. Бізді көбіне санмен өлшейді, бірақ шынайы күш – санда емес. Негізгі күшіміз – халықтың сенімінде. Адамдар қиын сәтте кәсіподаққа жүгінеді, өйткені оның әрдайым жанынан табылып, жалғыз қалдырмайтынына сенеді”, – деді кәсіподақ көшбасшысы.

ҚРКФ төрағасы ұйымның күші ұрандармен емес, нақты істермен өлшенетінін ерекше атап өтті.
“Бүгінде кәсіподақтар бар ұйымдардың 97%-дан астамы ұжымдық шарттармен қамтылған. Соңғы жылдары олардың саны 40%-ға артты. Бұл – әрбір еңбеккер өз еңбегінің қорғалғанын сезінеді деген сөз. Біз еңбек адамдарының еңбегі лайықты бағалануы үшін нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Соңғы жылдары ең төменгі жалақы екі есеге өсті. Жалпы кәсіподақтардың ықпалы айтарлықтай кеңейді – макроэкономикалық бастамалардан бастап, нақты салалар деңгейінде әсер етіп отырмыз. Біз ең төменгі жалақыны есептеу жүйесінің әділетті және халықтың шынайы қажеттіліктерін ескеретін жаңа тәсілмен есептелуіне қол жеткіздік. Соттарда 247 жағдайда адамдар әділетке қол жеткізіп, еңбекақысын, абыройын қайтарып алды. Бұл – біздің жұмысымыздың ең әділ бағасы. Жұмысшыларға 3,7 миллиард теңге көлеміндегі еңбекақы берешегі қайтарылды. Бұл – біреудің дәрі-дәрмегі, баласының киімі, үйіндегі жылуы. Мәжіліс Халықаралық еңбек ұйымының №131 Конвенциясын – «Дамушы елдерді ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» құжатты ратификациялады. Біз еңбек дауларын шешудің жаңа тәсілін енгіздік. Енді басты назарды реакция емес, алдын алу шараларына аудардық. Күн сайын мониторинг жүргіземіз, «Еңбек елшісі» институтын іске қостық, ондаған мың адамды келіссөз жүргізу дағдыларына үйреттік. Соның нәтижесінде еңбеккерлердің талаптары 97% жағдайда қанағаттандырылды. Бұл – қысымның емес, дәлелдің, заңның және жүйелі жұмыстың күші. Осы еңбектің арқасында жүздеген кәсіпорында адамдар өз жұмысын алаңсыз атқарып, кәсіподақтың сенімді тірек екенін сезініп отыр”, – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Төрағаның айтуынша, ҚРКФ -ның халықаралық деңгейдегі жетістіктері еліміздің абыройын асқақтата түсті.
«Қазақстан тарихында алғаш рет Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Бас директоры Жильбер Унгбо ресми сапармен келіп, алғашқы кездесуін Кәсіподақтар федерациясында өткізді. Бұл – жай кездейсоқтық емес, үлкен белгі еді. Бұл – бізжің жаңғыру мен өзгерістер көшін бастап тұрған беделді ұйым ретінде мойындалғанының және оның көзқарасына құрметпен қаралатынының айқын айғағы. Біз Халықаралық еңбек ұйымының сенімін қайта қалпына келтірдік. ХЕҰ-мен бірге Үкімет, жұмыс берушілер және кәсіподақтар қол қойған Жол картасын бекіттік. Сондай-ақ Федерацияны Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының құрамына қайта қостық. Бұл не себепті маңызды? Өйткені аталған конфедерацияға әлемнің 200 миллионнан астам еңбеккерлері біріктірілген. Бүгінде біз жаһандық кәсіподақ қозғалысының бір бөлігіне айналып, даусымыз миллиондаған еңбек адамының тағдыры шешілетін алаңдарда естіліп жатыр», – деді ҚРКФ төрағасы.

Халықаралық деңгейдегі маңызды жетістіктердің бірі – Федерация төрағасының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас кеңесінің мүшесі әрі ХКК Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің вице-президенті болып сайлануы. Сонымен қатар, 2021 жылы Орталық Азиядағы жаңа аймақтық кәсіподақ платформасының негізі қаланып, 2023 жылы Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы құрылды. Осы жылдар ішінде бұл құрылымдар сараптамалық алаңнан аймақтық ықпалды күшке айналды.
«Осы жылдар ішінде бұл ұйымдар сарапшылар алаңынан нақты өңірлік күшке дейін өсті. Бұл дегеніміз – бүгінде әрбір қазақстандық жұмыскердің артында тек салалық кәсіподағы ғана емес, бүкіл әлемдік ынтымақ қозғалысы тұр деген сөз. Бұл – Қазақстан кәсіподақтарының еңбек адамын қорғай алатын, бастама көтеріп, нақты өзгерістерге ықпал ете алатын қуатты ұйым екенінің мойындалуы. Бұл жетістіктер Федерацияның беделін тек елімізде ғана емес, шетелдік деңгейде де нығайтты. Әрбір жетістік – жай ғана есеп емес, ол – нақты адамның өмірімен байланысты. Бұл – бір сәттік табыс емес, нақты нәтижеге негізделген жүйелі еңбектің жемісі. Міне, кәсіподақ қызметінің шынайы мәні осында: дауысты қатты шығаруда емес, сенімді болуда.», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтар алдында тұрған өзекті сын-қатерлерге тоқталып, ең бастыс мәселе өндірістегі жарақаттану мәселесін атады.
«Жыл сайын өндіріс орындарында 1300-ден астам адам жарақат алады, оның шамамен 200-і қайтыс болады. Мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу – біздің ортақ міндетіміз. Бұл мақсатқа жету үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттырып, Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын толық іске асыру және Халықаралық еңбек ұйымының №176 Конвенциясын ратификациялау қажет», – деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы. Федерация басшысы болашақтағы негізгі басым бағыттарға әділ еңбекақы төлеуді, бейресми секторда жұмыс істейтін азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауды және цифрлық сервистерді енгізуді жатқызды.
«Біздің барлық жетістіктеріміздің шынайы мәні – олар елдің жалпы даму бағытымен үндескен кезде ғана айқын көрінеді. Олар Қазақстанның бірлігі мен жарқын болашағын нығайтуға қызмет етуі тиіс. Осы тұста еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың рөліне ерекше тоқталғым келеді. Президенттің реформалары – жай ғана өзгерістер бағдарламасы емес, бұл – адам мен еңбекті мемлекет назарында ұстайтын, әділдік пен еңбектің қадірін басты құндылыққа айналдыратын жаңа дәуірге бастайтын жол. Біз Президенттің нақты қолдауын сезінеміз және оның саясаты әрбір еңбеккерге, әр отбасы мен тұтас елге жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанын көріп отырмыз.
Осы сенім мен кәсіподақтармен орнатылған ынтымақтастық үшін ризашылығымды білдіремін. Кәсіподақтар федерациясы Президент стратегиясын толық қолдайды — ол экономиканы жаңғыртуға, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға және адами капиталды дамытуға бағытталған. Біз осы реформаларды жүзеге асыруда Еңбек адамы мен Қазақстанның болашағы жолында сенімді тірек боламыз», – деді ҚРКФ төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин сондай-ақ әлеуметтік әріптестерге – Парламент депутаттарына, Үкіметке, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, жұмыс берушілер мен бизнес қауымдастығына алғысын білдірді.
Кәсіподақтарды мерекемен құттықтаған әлеуметтік әріптестер де жылы лебіздерін жеткізді.
ҚР Мәжіліс төрағасы, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың атынан сөз сөйлеген партия хатшысы Дәулет Кәрібек кәсіподақтардың ел өміріндегі маңызын атап өтті.

«Кәсіподақ қозғалысы – елдің әлеуметтік дамуына зор үлес қосып келе жатқан маңызды қоғамдық институт. Оның тарихы бай, тәжірибесі мол. «Amanat» партиясы кәсіподақ қозғалысымен ынтымақтастықты нығайтып, еңбеккерлердің құқықтарын қорғауға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды үнемі қолдап келеді», – делінген Ерлан Қошановтың құттықтау сөзінде.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің құттықтауын Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кәсіподақтардың еңбек қатынастарын реттеудегі және жалпыға ортақ еңбек қоғамын құрудағы маңызды рөлін атап өтті. Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы – мемлекеттің сенімді тірегі және әлеуметтік әріптестік жүйесінің белсенді қатысушысы», – делінген Үкімет басшысының құттықтау хатында.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамытуға және қазақстандық жұмыскерлердің еңбек жағдайын жақсартуға қосқан үлесі үшін ҚРКФ-ның «Үздік әлеуметтік әріптес» медалімен марапатталды.

Бұл марапат Кәсіподақтар күні қарсаңында жұмыс беруші тарапындағы әлеуметтік әріптестерге де табысталды.

Олардың қатарында «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов және еліміздің бірқатар ірі кәсіпорындарының басшылары бар.

«PARYZ» конфедерациясы кәсіподақтардың қызметін, әсіресе Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік әріптес ретіндегі рөлін және ұрпақтарды біріктіріп, дәстүрлерді сақтап, сенімді түрде болашаққа қадам басатын ұйым ретінде жоғары бағалайды. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының лайықты еңбек, әділ еңбекақы және қауіпсіз еңбек жағдайларын ілгерілету бағытындағы жұмысы еліміздегі еңбек адамдарының жарқын болашағын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосуда. Біздің әріптестігіміздің формуласы – «Мықты жұмыс беруші – мықты кәсіподақ», – деді өз құттықтау сөзінде «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов.
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясын жаһандық еңбек саясаты көшбасшылары – Халықаралық еңбек ұйымының Бас директоры Жильбер Унгбо мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас хатшысы Люк Триангл де құттықтады.
Халықаралық еңбек ұйымының Бас директоры Жильбер Унгбо 2024 жылы алғаш рет Қазақстанға ресми сапармен келіп, еліміздің кәсіподақ қауымдастығына арнаған құттықтауында Қазақстанның еңбек саласындағы айтарлықтай жетістіктерін атап өтті.
«Қазақстанға сапарым барысында, соның ішінде сіздердің Федерацияларыңызға барған кездесу кезінде де мен еңбеккерлердің құқықтарын қорғауға, әлеуметтік диалогты дамытуға және баршаға әділетті еңбек болашағын қалыптастыруға деген сіздердің терең беріктіктеріңізге өз көзіммен куә болдым. Сондай-ақ Федерацияның кең ауқымды реформаларға белсенді қатысуын жоғары бағалаймын — Әлеуметтік кодексті ілгерілету, бейресми және платформалық экономикадағы еңбеккерлерді қорғауды кеңейту, гендерлік теңдікті арттыру, жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық пен қудалауға қарсы күрес, үшжақты диалогты дамыту сияқты бағыттарда айтарлықтай жұмыс атқарылуда. Ал халықаралық деңгейде — ҚРКФ төрағасының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің вице-президенті болып сайлануы Федерацияның Қазақстаннан тыс жерлердегі беделінің артып келе жатқанын дәлелдейді», – деп атап өтті ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбо.
Өзінің бейнеүндеуінде Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас хатшысы Люк Триангл да жылы лебізін білдірді.
«Бүгінде ҚРКФ – тек өз елінде ғана емес, бүкіл Орталық Азияда және халықаралық кәсіподақ қозғалысында да сенімді тірекке айналды. Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы (ХКК) Қазақстандағы бірлестік еркіндігін заңнамалық және практикалық тұрғыда толық қамтамасыз ету жолындағы күресте сіздермен иық тіресе тұрғанын мақтан тұтады. Сонымен қатар бүгін біз айтарлықтай алға басуды де атап өте аламыз – Қазақстан Парламенті ХЕҰ-ның №131 «Ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» Конвенциясын ратификациялады. Бұл – ХКК үшін маңызды басымдық әрі еңбеккерлер үшін үлкен жеңіс», – деді Люк Триангл.
Салтанатты іс-шара барысында Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы мен ҚРКФ-ның 35 жылдығына орай Кәсіподақтар федерациясының «Тарихқа – тағзым, Бүгінге – өзгеріс, Болашаққа – сенім» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Бұл басылым – елдегі кәсіподақ қозғалысының қалыптасу, даму және жаңғыру жолын бейнелейтін маңызды тарихи-құжаттық еңбек. Кітапта кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділерінің жүз жылдан астам уақытты қамтитын қажырлы еңбегі туралы құнды мұрағаттық материалдар, естеліктер, шежірелер мен талдамалық жазбалар жинақталған.
Өз сөзінде Федерацияны жиырма жылдан астам уақыт басқарған, ҚРКФ-ның ең жоғары марапаты — «Кәсіподақ Даңқы» иегері, ардагер Сиязбек Мұқашев кәсіподақ қозғалысындағы тарихи сабақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

«Кәсіподақтар федерациясы ешқашан өз тәуелсіздігі мен ықпалын жоғалтқан емес, әрдайым халыққа адал болды. Осы беріктік пен тұрақтылық кәсіподақ қозғалысының қазіргі деңгейінің берік іргетасын қалады және оның болашағына деген сенімді арттырды. Біздің басты жетістіктеріміздің бірі – кәсіподақ қозғалысының қоғамдағы беделі мен маңызын сақтап қалу. Мен алдағы уақытта да кәсіподақтар ел игілігі үшін, әділеттілік пен тұрақтылық жолында, әр азаматтың әл-ауқаты үшін қызмет етеді деп сенемін», – деді ардагер.
Форум аясында ҚРКФ ұйымдастырған «Мамандық үздігі» республикалық байқауының қорытындылары шығарылып, жеңімпаздар марапатталды.
Олардың қатарында мұнай, тау-кен, құрылыс, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік, машина жасау, білім беру және пошта салаларының үздік өкілдері бар. Өз саласында озық шыққан еңбеккерлерге арнайы дипломдар мен ҚРКФ-ның «Еңбек озаты» медалі табысталды.

Байқау жеңімпаздарының атынан алғыс сөз сөйлеген Қостанай облыстық филиалының Арқалық қалалық пошта торабының пошташысы Бану Басар өз қуанышын бөлісті.

«Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы мен Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығы аталып өтіп жатқан жылы осындай жоғары марапатқа ие болу — мен үшін үлкен құрмет. Федерацияның бастамасымен өткізілген “Мамандық үздігі” байқауы түрлі салалардағы еңбеккерлердің мәртебесін арттырды. Бұл марапат — менің ғана емес, менің барлық әріптестерімнің ортақ еңбегінің нәтижесі. Жұмысшылардың мүддесін тұрақты қорғап, қолдау көрсетіп келе жатқан Кәсіподақтар федерациясына ерекше алғыс білдіремін. Біз өзімізді бір үлкен отбасындай сезінеміз. Кәсіподақтар федерациясының 27-съезінде Стратегияның тұтас бір бөлімі жастарға арналды, бұл – өте дұрыс әрі уақытылы шешім деп есептеймін. Осы мінбер арқылы жастарға үн қатқым келеді: пошта саласына жас мамандар қажет, ал біз, аға буын өкілдері, өз кәсібіміздің ең жақсы дәстүрлерін сіздерге қуана табыстауға дайынбыз. Келіңіздер — пошта саласының тірегі мен болашағы болыңыздар», – деді Бану Басар.
Сол күні кәсіподақ ардагерлері, кәсіподақ қозғалысының жетекшілері мен белсенділері, сондай-ақ еңбекші жастардың үздік өкілдері кәсіподақтың арнайы марапаттарымен және «Қазақстан кәсіподақ қозғалысына 120 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.


Жас кәсіподақ көшбасшылары атынан ҚРКФ «Келешек» жастар кеңесінің Атырау облысы бойынша төрағасы Серік Қадыров аға буын өкілдеріне еңбеккерлердің құқықтарын қорғау ісін абыроймен жалғастыруға уәде берді.

«Бір сәтте мен өзім үшін маңызды ойға келдім: “Таңертең жұмысқа асығып, кешке үйге қуана оралған адам — бақытты адам.” Бірақ бұл бақыттың кілті – тұрақты жұмыс пен әділ еңбек жағдайында. Дәл осы түсінік мені кәсіподақ қозғалысының бел ортасына алып келді. Біз, жастар, – елдің болашағын ойлайтын, сіздердің жолдарыңызды лайықты жалғастыратын жаңа буынбыз. Мұндай ұлы істің бір бөлігі болу – біз үшін үлкен мәртебе. Қазіргі заманға сай, бірлігі бекем және болашаққа бағытталған кәсіподақ қозғалысы еліміздің тірегі мен Еңбек адамының сенімді қорғаушысы болып қала берсін», – деді жас кәсіподақ көшбасшысы.

Салтанатты іс-шара әсерлі концерттік бағдарламаға ұласты.


Сахнада еліміздің түрлі еңбек ұжымдарында қызмет ететін кәсіподақ мүшелері өнер көрсетіп, өздерінің вокалдық, хореографиялық және музыкалық таланттарын паш етті.
ҚРКФ кәсіподақтық коммуникациялар орталығы
