Астанада Еңбек күніне және Жұмысшы мамандықтарының жылына орайластырылған «Адал азамат – адал еңбек» атты қалалық еңбек форумы өтті. Аталған шара елорданың еңбек адамын ұлықтап, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруды көздейтін маңызды алаңға айналды.

Форумға еңбек ардагерлері мен үздік қызметкерлер, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, кәсіподақ ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, жұмыс берушілер мен қызметкерлер, сондай-ақ «Еңбек жолы» және «Парыз» конкурстарының номинанттары шақырылды.

Іс-шара барысында «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталып, олардың еңбегі ел алдында лайықты бағасын алды. Бұл байқау — өнімді еңбекті ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және еңбек әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін дәріптеуге бағытталған маңызды бастама.
«Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған — теміржол саласында жалпы еңбек өтілі 178 жылдан асатын Бурлиновтар әулеті. Әулет мүшелері бірнеше ұрпақ бойы еліміздің теміржол саласында адал еңбек етіп, кәсіби шеберлік пен еңбекқорлықтың нағыз үлгісін көрсетіп келеді.

«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясының жеңімпазы — «Астана су арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының «Сумен жабдықтау қызметінің бастығы» Дүйсембай Шайкенов. Ол жылдар бойы жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, кәсіби біліктілігін арттыруда аянбай еңбек етіп келеді.

«Өндірістің үздік жас қызметкері» аталымы бойынша жеңіске жеткен — «Ауыл шаруашылығы дақылдарын сорттық сынау жөніндегі мемлекеттік комиссия» республикалық мемлекеттік мекемесінің бас агрономы әрі кәсіподақ төрайымы Гүлзия Шарипова. Ол аграрлық саладағы табанды еңбегі мен қоғамдық жұмыстардағы белсенділігімен көзге түсіп, жас мамандарға үлгі бола білді.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауы аясында «Dar rail» компаниясы мен Ақмола вагон жөндеу зауыты жеңімпаз атанды.

Айта кету керек, байқауда бірінші орын иеленген жеңімпаздардың барлығы — кәсіподақ мүшелері. Еңбек – елдің тұтқасы. Еңбегімен елге үлгі болған азаматтарымыздың саны арта берсін!
 
					
					
					
				