Қызылорда облысында «Кәсіподақ-даму аймағы» акциясы аясында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен кәсіподақ белсенділерінің қатысуымен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды.
Кездесу облыстық кәсіподақтар бірлестігінің мәжіліс залында өтті. 
Шараның ашылуында бірлестік төрағасы Мақсұт Нәлібаев сөз алып, еліміздегі кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығын ерекше атап өтті.

Ол өз сөзінде:
«Кәсіподақ — еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғаудың сенімді тірегі. Осы жылдар ішінде кәсіподақтар жұмысшылардың әл-ауқатын жақсартуға, еңбек қатынастарын әділетті етуге және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға зор үлес қосты», — деді.

Кездесу барысында Қызылорда облысы салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат кәсіподағының төрағасы Раушан Үмбетова жүзеге асырылып жатқан бірқатар бастамалар мен жетістіктерді таныстырды.Мәселен: мәдениет және спорт мекемелеріндегі жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайларын жақсарту барысында нақты жүйелер енгізілді, еңбек қауіпсіздігі саласында жүргізілген аудит нәтижесінде бірқатар мекемелерде еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған ұсыныстар қабылданып, оның орындалуы бақылауға алынды, жастар қанатының жұмысын күшейту арқылы жас қызметкерлердің кәсіподақ қозғалысына тартылуы артты. Бұл бағытта арнайы семинарлар мен тренингтер өткізілуде, салалық келісімдер мен ұжымдық шарттардың сапасын арттыру бойынша әдістемелік көмек көрсетіліп, кәсіподақ ұйымдарына құқықтық сүйемелдеу жасалды.

Сонымен қатар, кездесуде бастауыш ұйым төрағалары өздерінің жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, кездесетін түйіткілді мәселелер мен олардың шешу жолдары талқыланды. Кәсіподақ көшбасшылары арасында пікір алмасу нәтижесінде жаңа идеялар мен ұсыныстар да айтылды.
