Құрметті құтқарушылар, төтенше жағдайлар қызметінің ардагерлері мен қызметкерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Құтқарушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – ерлік пен парасаттың, қайсарлық пен борышқа адалдықтың мерекесі.
Құтқарушы мамандығын таңдаған әрбір жан – үміт пен үрей қатар өрілетін сын сәттерде өз өмірін тәуекелге тігіп, өзгенің тағдыры үшін күресетін нағыз батыр. Сіздер – ел тыныштығының қорғаны, халық сенімінің тірегі, адам өмірінің сақшыларысыздар.
Күнделікті қызметтеріңізде Сіздер қауіп-қатерге қарсы тұрып, от пен судың, боран мен дауылдың ортасында жүрсіздер. Бұл – тек кәсіби парыз емес, жүректің тазалығы мен Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі.
Бүгінде төтенше жағдайлар жүйесінің қызметкерлері тек апат салдарын жоюмен ғана емес, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында да ауқымды жұмыс атқарып келеді. Бұл – еліміздің болашағына, азаматтарымыздың әл-ауқатына қосылған баға жетпес үлес.
Құрметті құтқарушылар!
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы Сіздердің еңбектеріңізді жоғары бағалай отырып, әлеуметтік әділеттілік пен қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жолында әрдайым Сіздермен бірге жұмыс істейді. Әрбір қызметкердің еңбегі әділ бағаланып, құқықтары қорғалуы – біздің ортақ міндетіміз.
Осы мерейлі күні Сіздерге және отбасыларыңызға мықты денсаулық, мол бақыт, ырыс пен береке тілеймін!
Қызмет жолдарыңыз табысты, өмірлеріңіз шаттық пен шұғылаға толы болсын.
Ізгі тілекпен,
ҚР Кәсіподақтар федерациясының
төрағасы Сатыбалды Дәулеталин
