Ауыл еңбеккерлерінің мүддесін қорғау – ортақ міндет

«Түркістан облыстық агроөнеркәсіптік кешені, қайта өңдеу кәсіпорындары және мемлекеттік мекеме қызметкерлері кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы Жарқынбек Құрманбек пен «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Умбеталиев арасында маңызды кездесу өтті.


Кездесуде облыстағы ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымдарымен қамтылуы, аудандарда кәсіподақ қозғалысын дамыту, кәсіподақ мүшелерінің санын арттыру және ауыл еңбеккерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ еңбек қатынастарында әлеуметтік әріптестікті нығайту мен қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету бағытындағы ұсыныстар қарастырылды.

Өз сөзінде Алтынсары Умбеталиев кәсіподақ ұйымдарының қоғамдағы маңызды рөлін атап өтіп, «Amanat» партиясы мен кәсіподақ қозғалысы еңбек адамын қорғау және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету жолында бір мақсатқа жұмылып жұмыс істеп келеді. Бүгінде партия кәсіподақтармен, ірі кәсіпорындармен және жергілікті ұйымдармен тығыз байланыс орнатып, жұмысшылардың мәселесін тікелей көтеретін маңызды алаңға айналды. Соның ішінде еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік пакет мәселелерін шешу және кәсіби даярлық пен қайта оқытуды дамыту мәселелеріне ерекше басымдық берілген», – деп атап өтті.


Кездесу соңында тараптар бұл әріптестіктің еңбек адамының мүддесін қорғау, әлеуметтік әділдік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы ортақ міндет екеніне назар аударып, алдағы уақытта да ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтеріліп, жүйелі түрде жалғасатынына сенім білдірді.