Бүгінгі күннің басты оқиғасына айналған бұл форум жас буынның қоғамдағы рөлі мен ел дамуындағы орнын айқындауға арналған маңызды диалог алаңы болды. Форумға кәсіподақ өкілдері мен “Келешек” жастар кеңесінің мүшелері де белсене қатысып, жастардың еңбек құқықтары, әлеуметтік қолдау тетіктері, жұмыс орнындағы әділдік пен ынтымақтастық тақырыптарын көтерді.
Отырыста өңірдің белсенді жастары, жас кәсіпкерлер, білім беру, мәдениет, спорт, мемлекеттік қызмет және өзге де салаларда еңбек етіп жүрген жастар бас қосты. Қатысушылар білім, еңбек, кәсіпкерлік, көшбасшылық сынды ел болашағын айқындайтын басты бағыттарды ашық талқылап, өзара тәжірибе алмасты. Шара барысында қатысушылар: қазіргі жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру жолдарын, кәсіп бастау мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін, аймақтық даму мен жастар саясатын тиімді жүзеге асыру тетіктерін сөз етті. Жастар форумы — жаңа идеялар мен бастамаларға жол ашып, әрбір қатысушыға шабыт пен серпін берген ерекше алаңға айналды.

Форум жас көшбасшылардың бойындағы әлеуетті ашып, ел игілігі жолында еңбек етуге деген ынтасын арттырды. Еліміздің ертеңі – бүгінгі жастардың қолында. Ал осындай мазмұнды басқосулар – сол болашаққа бастар берік көпір.
 
					
					
					
				