ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы БЕАК Үйлестіру кеңесінің отырысына қатысты

21 қазан, сейсенбі күні Бүкілеуропалық аймақтық кеңестің (БЕАК) вице-президенті, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталин БЕАК Үйлестіру кеңесінің отырысына қатысты.

Отырыс БЕАК президенті Игорь Зубкудың төрағалығымен өтті. Ол Орталық Азия мен Еуропа елдеріндегі кәсіподақ қозғалысын нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, әр өңірдегі кәсіподақтардың өзіне тән ерекшеліктері мен қиындықтарына қарамастан, бірлікті сақтау, өзара қолдау көрсету және тәжірибе алмасу қажеттігін айтты.

БЕАК Бас хатшысы Эстер Линч 2025 жылғы мамыр айында өткен соңғы Үйлестіру кеңесінен кейінгі негізгі оқиғалар туралы жаңартылған ақпарат ұсынды.

Эстер Линч алдағы БЕАК Атқару комитетінің отырысына сапалы дайындықтың маңыздылығына тоқталып, кәсіподақтардың белсенді іс-қимылы еңбек саласындағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қызметтің басым бағыттары ретінде ұжымдық келіссөздерді дамыту, бірігу еркіндігін қорғау, кәсіподақ ұйымдарының ынтымақтастығын күшейту және жастарды қолдау мәселелерін ерекше атап өтті.

Отырыста шілде айында Астанада өткен БЕАК мектебінің қорытындылары қаралды. Биылғы мектептің тақырыбы — «Жұмыс орнындағы демократия және ұжымдық келіссөздер» болды.
Еуропа мен Орталық Азия елдерінің ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері еңбек ұжымдарында демократиялық қағидаттарды дамыту және ұжымдық келіссөздер институтын нығайту тиімді әлеуметтік ынтымақтастықтың негізі екенін атап өтті.

Астанада өткен мектептің қорытындылары мен ұсыныстары негізінде 2026 жылға арналған басты іс-қимыл тақырыбы айқындалатын болады.

Кеңес мүшелері сондай-ақ 2025 жылғы 20–21 қарашада өтетін БЕАК Атқару комитетінің алдағы отырысының күн тәртібі жобасын талқылады.

БЕАК вице-президенті, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталин Атқару комитетінің күн тәртібіне жасанды интеллект технологияларын енгізу кезінде қызметкерлердің құқықтарын қорғау стандарты мәселесін қосу жөнінде ұсыныс білдірді.

Аталған стандарт Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы тарапынан әзірленіп, 2025 жылғы 5 қыркүйекте өткен Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің (ОАЕКК) 8-отырысында бекітілген болатын. Құжаттың басты мақсаты — цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізу жағдайында әділ және қауіпсіз еңбек шарттарын қамтамасыз ету, сондай-ақ жасанды интеллект жүйелерімен өзара әрекет барысында қызметкерлердің құқықтарын қорғау.

Сатыбалды Даулеталин әріптестерін Қазақстан Республикасында Халықаралық еңбек ұйымының №131 «Ең төменгі жалақы туралы» Конвенциясының ратификацияланғаны туралы да хабардар етті. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы 21 қазан күні қол қойған.

ҚРКФ кәсіподақтық коммуникациялар орталығы