Астанада әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні қарсаңында салтанатты іс-шара өтті

Елордада Қазақстан Республикасында жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтетін Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл кәсіби мереке – өз өмірін қоғамға қызмет етуге, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге және мемлекеттік әлеуметтік саясатты іске асыруға арнаған адамдарды біріктіретін күн.

Жастар театрында өткен іс-шараға әлеуметтік сала қызметкерлері мен ардагерлері және әлеуметтік қорғау жүйесінің дамуына зор үлес қосқан мамандар жиналды. Іс-шараның басты мақсаты – әлеуметтік қызметкерлердің еңбегінің маңыздылығы мен игілігін атап өту, олардың жанқиярлықпен атқаратын жұмысы мен жоғары кәсібилігіне алғыс білдіру болды.

Қатысушыларға құттықтау сөз арнаған Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан әлеуметтік сала мамандарының қоғам өміріндегі ерекше рөлін атап өтті. Ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгілерін және қала әкімінің Алғыс хаттарын табыстады.

Салтанатты шара барысында «Қызмет» салалық кәсіподағының елордалық филиалының төрағасы Атақозы Нұрланов әлеуметтік қызметкерлердің еңбегінің маңыздылығын және оның терең гуманистік мәнін атап өтті.
«Сіздердің қызметтеріңіз мейірімділік пен ізгілікке толы. Халықты жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып, әлеуметтік жағынан осал топтармен жұмыс істейсіздер. Бұл – оңай жұмыс емес екенін біз жақсы білеміз. Соған қарамастан, сіздер өз миссияларыңызды абыроймен және жауапкершілікпен атқарып келесіздер. Елордамыздың дамуына және нығаюына үлес қосып жүрген барлықтарыңызға алғысымды білдіремін. Еңбектеріңіз әрдайым әділ бағалансын, ал білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз еліміздің игілігіне қызмет етсін», – деп жылы лебізін білдірді.

Сонымен қатар, Атақозы Нұрланов өз сөзінде жуық арада Салалық «Қызмет» кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыповтың Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповамен кездесіп, саланың еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қолдау мәселелері туралы пікір алысқанын жеткізді.

А. Нұрланов әлеуметтік әріптестікті дамыту арқылы әлеуметтік сала қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға қосқан үлестері үшін қала әкімдігі мен Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына да алғысын білдірді.

Іс-шара соңында «Қызмет» кәсіподағы мүшелеріне адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және таңдаған ісіне деген адалдығы үшін марапаттар табысталды.