Мерекелік жиынға елорда әкімдігі мен мәслихатының өкілдері, Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері салалық кәсіподағының өкілдері, кәсіпорын ардагерлері мен қазіргі қызметкерлері қатысты.

Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Н.Нұркенов және елорда мәслихатының төрағасы Т.Зейнұлқабден кәсіпорын ұжымын мерейтоймен құттықтап, «Астана-Көгалдандыру» ЖШС-нің елордамыздың көркеюі мен экологиялық дамуына қосқан зор үлесін атап өтіп, ұжымның көпжылдық адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін алғыс білдірді.
Салтанатты шара барысында кәсіпорын қызметкерлеріне кәсіби шеберлігі, өз ісіне жауапкершілікпен қарауы және кәсіпорынның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін мерейтойлық медальдар, алғыс хаттар мен марапаттар табыс етілді.

Құрылыс кешені және ТКШ қызметкерлері салалық кәсіподағы да белсенді кәсіподақ мүшелерін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтардағы белсенді жұмысы үшін» медалі – Р.Тохходжаевқа,Салалық кәсіподақтың «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісі – С. Абулов пен Е.Достановқа табыс етілді.

«Астана-Көгалдандыру» ЖШС – елорданың ең көне әрі жетекші коммуналдық кәсіпорындарының бірі. Қаланы кешенді абаттандырумен, көгалдандырумен және жасыл желектерді күтіп ұстаумен айналысып келеді. Бүгінгі таңда ұйымның қызметі нәтижесінде қала көшелерінде мыңдаған ағаш пен гүлзарлар бой көтеріп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы орта қалыптасуда.
