Шымкент қаласында ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) ұйымдастыруымен «ҚСЗИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» ұлттық сараптамалық алаңы өтті.

Жиынның тақырыбы – «Қазақстанның тұрақты өңірлік дамуы: цифрлық, экономикалық және әлеуметтік бағдарлар».
Кездесуге мәслихат депутаттары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, ғылыми орта мен сарапшылар қатысты.
Талқылаудың өзегінде – өңірлердің теңгерімді дамуы, цифрлық трансформация, халықтың әл-ауқаты мен әлеуметтік тұрақтылық мәселелері тұрды.
ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина жиынды ашып, өңірлік даму – елдің стратегиялық бағытының маңызды бөлігі екенін атап өтті:
«Өңірлердің тұрақты дамуы, цифрлық шешімдерді енгізу және өмір сапасын арттыру – елдің жаңа экономикалық серпінінің өзегі», – деді ол.
Іс-шараға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігінің өкілдері де қатысып, пікірталас барысында өңірлік дамудағы кәсіподақтардың әлеуметтік рөлі айқын көрініс тапты.

Кәсіподақтар еңбек адамдарының мүддесін қорғап қана қоймай, өңірлік саясаттағы әлеуметтік теңгерімділікті қамтамасыз ететін маңызды серіктес екені атап өтілді.
Әлеуметтік серіктестік – өңірдің тұрақты дамуының өзегі.
Кәсіподақ ұйымдары мемлекеттік құрылымдармен және азаматтық қоғаммен бірлесе отырып, жұмысшылардың құқықтарын қорғауға, әділ еңбек жағдайын орнатуға, қоғамда әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
ҚСЗИ GPS алаңы түрлі саланың сарапшыларын, ғалымдарын және қоғам өкілдерін біріктіріп, нақты шешімдер әзірлеуге бағытталды.

Қатысушылар өңірлер арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, цифрландыру арқылы тиімді басқару және әлеуметтік тұрақтылықты арттыру бойынша ұсыныстар жасады.
Осындай сараптамалық алаңдарда кәсіподақтардың белсенді қатысуы ел дамуының әлеуметтік және адамдық қырларын ескерудің жарқын көрінісі.
Тұрақты даму мен әділ қоғамның іргетасы – еңбек адамының еңбегін бағалау, ал кәсіподақтар сол құндылықты қорғаудың басты күші болып қала береді.
