ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталин «Парасат» орденімен марапатталды

Қазақстан Республикасының Республика күні қарсаңында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталин Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жоғары мемлекеттік награда – «Парасат» орденімен марапатталды.

«Парасат» ордені адам құқықтарын және оның әлеуметтік мүдделерін қорғауда ерекше еңбегі үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының рухани және зияткерлік әлеуетін дамытуға қосқан үлесі үшін беріледі.

Жоғары марапаттың берілуі – Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысы жетекшісінің әлеуметтік әділеттілікті нығайту және азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудағы еңбегін мойындалуының айғағы.

«Қазақстан Республикасының Президентінен осындай жоғары марапатты алу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл награда – Кәсіподақтар федерациясының бүкіл ұжымының ортақ еңбегінің нәтижесі. Біздің басты мақсатымыз өзгермейді – еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әділеттілікті нығайту және Қазақстандағы еңбеккерлердің лайықты өмір сүруіне жағдай жасау», – деді Сатыбалды Даулеталин.

Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы – еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым және Қазақстандағы еңбеккерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын кәсіби түрде қорғайтын жалғыз азаматтық институт. Бүгінгі таңда Сатыбалды Даулеталиннің басшылығымен ҚРКФ әлеуметтік әріптестікті дамыту, қазақстандық кәсіпорын қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту және халықаралық еңбек стандарттарын енгізу бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Биыл Кәсіподақтар федерациясы 2025–2030 жылдарға арналған «Өзгерістер дәуіріндегі әділ еңбек: қорғау, даму, инновация» стратегиясын жүзеге асыруға кірісті.

ҚРКФ кәсіподақтық коммуникациялар орталығы