Сатыбалды Дәулеталин: «Кәсіподақтар еңбек саласының цифрлық түрленуіне жол бастаушы болуы керек»

29 қазан, сәрсенбі күні Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы 2030 жылға дейінгі қызмет стратегиясында белгіленген басты бағыттардың бірі – кәсіподақтардың цифрлық трансформациясы бағдарламасы аясында ауқымды оқыту курсын іске қосты.

Курстың алғашқы семинарын ашқан ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ қозғалысының көшбасшылары мен белсенділерін қоғамның цифрлық жаңғыруының қозғаушы күшіне айналуға шақырды. Оның айтуынша, бұл үдеріс ең алдымен әр адамның өзінен басталуы тиіс — яғни күнделікті қызметте жасанды интеллектіні тиімді қолдану дағдыларын меңгеруден.

«Кәсіподақтар федерациясының алдында тұрған стратегиялық міндет – цифрлық трансформация. Бұл бағыт, сөзсіз, федерацияның азаматтық институттар арасындағы және жалпы қоғамдағы беделі мен бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді. Кәсіподақтар еңбек саласының цифрлық түрленуіне жол бастаушы болуы керек. Бұл – жасанды интеллектіні күнделікті қызметке енгізуден бастап, қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасындағы еңбек қатынастарын цифрлық алгоритмдер арқылы жаңа сапаға көтеру үдерісін қамтиды», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Осы күннен бастап ҚРКФ-да жобаның алғашқы кезеңі басталды – ол Федерация аппаратының қызметкерлеріне, сондай-ақ аумақтық және салалық кәсіподақ бірлестіктерінің өкілдеріне арналған семинарларды қамтиды. Алдағы уақытта ел аумағындағы барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдары үшін цифрлық сауаттылық курстарын өткізу жоспарланып отыр.

Семинар спикері, ҚРКФ Цифрлық технологиялар департаментінің маманы Әділет Қадірқұл қатысушыларға әлемдегі цифрлық технологиялардың даму тарихы туралы кеңінен әңгімелеп, жасанды интеллектіні қолданудың басты артықшылықтары мен ықтимал тәуекелдерін таныстырды.

«Жасанды интеллектінің алғашқы үлгілерін жасауға бағытталған қадамдар 1950-жылдары басталды. Бүгінде жасанды интеллект біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ол – ауруларды цифрлық диагностикалау арқылы анықтайтын медицина, жүргізушісіз басқарылатын көлік жүйелері, жол қозғалысын цифрлық бақылау және басқа да салаларда кеңінен қолданылады. Ал кәсіподақтар үшін бұл – өтініштерді автоматтандыру мен талдау, заңгерлік чат-боттар сынды тиімді құралдар. Жасанды интеллектіні дұрыс пайдалану жұмыс уақытының 40%-ына дейін үнемдеуге, жұмыстың дәлдігін 95%-ға арттыруға, ал үлкен деректермен жұмыстың тиімділігін 1000%-ға дейін жоғарылатуға мүмкіндік береді», – деп өз зерттеу нәтижелерімен бөлісті маман.

Сонымен қатар, ол жасанды интеллектіні қолданудағы бірқатар қауіптерге де тоқталды. Атап айтқанда, жасанды интеллект адамға тән сыни ойлау қабілеті жоқ, кейбір деректердің дәл еместігі орын алуы мүмкін. Сондықтан мұндай жүйелер ұсынған нәтижелерді қайта тексеру маңызды.

Курс қатысушылары оқытуды ең қарапайым негіздерден бастады. Бірнеше семинар барысында олар үлкен деректермен жұмыс істеу, мультимедиялық жобалар мен презентациялар әзірлеу, сондай-ақ күнделікті жұмыс процесінде жасанды интеллектіні қолдану тәсілдерін меңгереді.

Айта кетейік, ҚРКФ-ның 2030 жылға дейінгі қызмет стратегиясында цифрландыру бағытына ерекше назар аударылған.

ҚРКФ-ның басты мақсаты – автоматтандыру, платформалық жұмыспен қамту және жасанды интеллект дәуірінде қызметкерлердің құқықтарын тиімді қорғай алатын, сондай-ақ ашықтықты, қолжетімділікті және жедел әрекеттілікті қамтамасыз ететін цифрлық кәсіподақ қозғалысын қалыптастыру.

Осыған сәйкес, Кәсіподақтар федерациясы қазіргі уақытта онлайн-оқыту платформасын әзірлеуге кірісті. Онда келесі бағыттар бойынша курстар ұсынылатын болады: қызметкерлердің цифрлық құқықтары; жасанды интеллект және еңбек қатынастары; цифрлық жобаларды басқару; цифрлық кәсіподақ еріктігі.

ҚРКФ кәсіподақтық коммуникация орталығы