Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақ мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған оқыту семинарлары жалғасуда. Бұл жолы семинар Келісім комиссиясы мүшелеріне арналып, «Еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу тәсілдері» тақырыбы талқыланды.

Онлайн кездесуді ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары Ляззат Есжанова ашып, өз сөзінде Келісім комиссиялары мүшелерін оқытудың еңбек қатынастарындағы тұрақтылық пен өзара түсіністікті қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті.
«Келісім комиссияларының мүшелерін кәсіби тұрғыдан дайындау – еңбек дауларын бейбіт жолмен шешудің басты шарты. Кәсіподақтар өз мүшелерінің білім деңгейін арттыруға тұрақты түрде күш жұмсап келеді. Бұл жұмыс білім беру ұйымдарындағы қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасындағы үйлесімді қарым-қатынасты нығайтуға, сенім мен сыйластыққа негіз қалайды», – деді ол.

Ляззат Есжанованың пікірінше, еңбек дауларын тиімді шешу – тек құқықтық білімге ғана сүйенбей, адамгершілік пен қарым-қатынас мәдениетін де талап ететін күрделі процесс. Семинар барысында ол дауларды шешудің төрт негізгі қадамын бөліп көрсетті.
Біріншіден, өтініш берушіге жылы шырай танытып, құрметпен қарау маңызды. Бұл сенім мен өзара түсіністікке негізделген қолайлы атмосфера қалыптастырып, тараптар арасындағы диалогтың ашық өтуіне мүмкіндік береді.
Жағдайды егжей-тегжейлі талдау қажет. Даудың мән-жайын мұқият зерделеп, әрбір нәрсеге назар аудару – әділ шешім қабылдаудың кілті.
«Үшінші қадам – тараптарға ықтимал тәуекелдерді ашық жеткізу. Комиссия мүшелері даудың ықтимал салдарын, сотқа жүгінудің артықшылықтары мен тәуекелдерін, сондай-ақ еңбек заңнамасындағы құқықтық негіздерді анық әрі түсінікті түрде түсіндіруі керек», – деді дәріскер.

Және соңғы қадам – шешімді теңгерімді және әділ қабылдау. Бұл Келісім комиссиясының кәсіби беделін айқындайтын маңызды сәт. Ляззат Есжанова атап өткендей, шешім көпшілік дауыспен қабылдануы тиіс, ал оны жұмыс берушіге жеткізу кезінде кәсіби, салиқалы коммуникация сақталуы қажет.
Теориялық бөлімнен кейін қатысушылар практикалық талдауға көшті. Оқу барысында нақты еңбек дауларының мысалдары қарастырылды. Сонымен қатар, комиссия мүшелерінің дауларды басқару бойынша мүмкіндіктерін кеңейту жолдары мен іс жүзіндегі тәжірибелер қарастырылды. Әрбір қатысушы нақты жағдайларға талдау жасап, дауларды шешу барысында қолданылатын стратегиялар мен құралдарды тәжірибелік тұрғыдан меңгеруге мүмкіндік алды.
Семинар соңында қатысушылар оның мазмұнының тереңдігі мен тәжірибелік маңыздылығын ерекше атап өтті. Олар еңбек дауларын тиімді шешу үшін құқықтық біліммен қатар, психологиялық тәсілдерді де меңгерудің қажеттілігіне назар аударды.
