Күзгі демалыс кезеңінде Мұғалжар, Шалқар, Қарғалы, Байғанин, Қобда және Алға аудандарының білім саласы қызметкерлері салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулықтарын нығайту мақсатында еліміздің көрікті өңірлеріне саяхат жасады.

Кәсіподақ ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған бұл демалыс барысында ұстаздар мен білім қызметкерлері республиканың түрлі шипажайларында тынығып, тарихи-танымдық бағыттағы сапарларға қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Мұғалжарлық ұстаздар «Шипагер» және «Сарыағаш» шипажайларында демалып, Алматы қаласының мәдени орындарын аралады. Шалқар ауданының өкілдері «Сарыағаш» шипажайында тынығып, Бурабай–Зеренді және Алматы бағыттарында танымдық саяхатқа шықты. Қарғалы ауданының ұстаздары да «Сарыағаш» шипажайында демалып, Бурабай–Зеренді өңірінің көрікті жерлерімен танысты.

Байғанин ауданының білім қызметкерлері «Шипагер» және «Сарыағаш» шипажайларында тынығып, Маңғыстау өлкесіне сапар шекті. Қобдалық ұстаздар «Юкон» шипажайында демалып, Бурабай–Зеренді аймағының табиғаты мен тарихымен танысты. Ал Алға ауданының ұстаздары «Шипагер» шипажайында демалып, бір топ білім қызметкерлері үшін Түркістан және Шымкент қалаларына мәдени-танымдық саяхат ұйымдастырылды.

Жалпы, аталған аудандар бойынша 300-ден астам кәсіподақ мүшесі демалысқа жіберілді. Бұл игі шара ұстаздардың еңбек өнімділігін арттырып, олардың жаңа серпінмен жұмысқа оралуына зор ықпал етті.
