Қызылордада мұнай-газ саласы мамандарына әлеуметтік әріптестік дағдылары үйретілді

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің мәжіліс залында өткен семинар мұнай-газ саласында әділ еңбек қатынастарын нығайтуға бағытталды.

Семинардың ашылуында Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев құттықтау сөз сөйлеп, биылғы жылдың кәсіподақ қозғалысы үшін ерекше мәнге ие екенін атап өтті.

Семинар аясында оқытуды ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Кәсіподақ коммуникациялары орталығы директорының орынбасары, Оқу орталығының директоры, еңбек қатынастары саласындағы тәжірибелі сарапшы Ләззат Есжанова жүргізді.

Мақсұт Нәлібаев қатысушыларға ҚР Кәсіподақтар федерациясының 2025–2030 жылдарға арналған даму стратегиясының негізгі бағыттарын таныстырып өтті.
«Жаңа стратегияның атауы – «Өзгерістер дәуіріндегі әділ еңбек: Қорғау, Даму, Инновациялар». Бұл құжат кәсіподақтардың миссиясын заманауи талаптарға сай бейімдеп, еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауды басты бағдар ретінде айқындайды. Қызылорда облысының кәсіподақтары үшін бұл стратегиялық құжат – әлеуметтік әріптестікті нығайту, кәсіподақ қызметін жаңғырту және еңбеккерлердің мәртебесін көтерудің нақты жол картасы», — деді ол.

Семинар барысында ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығының директорының орынбасары, еңбек қатынастары саласының сарапшысы Ляззат Есжанова қатысушыларға білім бөлісті және әділ өту қағидаларын жүзеге асырудағы кәсіподақтардың маңызды рөлін жан-жақты түсіндірді. Лекция барысында ұжымдық еңбек құқығын реформалау, кәсіподақтардың құқықтық мәртебесін нығайту, еңбек даулары мен қақтығыстарын басқару сияқты өзекті мәселелерге арналған теориялық және практикалық сабақтар ұсынылды.

Семинарға мұнай-газ саласының бастауыш және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысып, ойын және жаттығу форматындағы оқу сессияларына белсенді араласып, тәжірибе алмасты.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, семинардың басты мақсаты – мұнай-газ саласындағы еңбек қатынастарын одан әрі жетілдіру және әлеуметтік серіктестікті дамыту үшін кәсіподақ жетекшілерінің кәсіби шеберлігін арттыру.