Осы жылдың қазан айында «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ облыстық филиалы тарапынан емдеу-сауықтыру мекемелері қызметкерлерінің қатысымен ұйымдастырылып келе жатқан оқыту семинары өз жалғасын табуда.

Кәсіподақтар үйінің мәжіліс залында облыстық филиалдың қолдауымен және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының ұйымдастыруымен өткен құқықтық оқыту семинарына Атырау қалалық №4 емханасы, облыстық жедел медициналық жәрдем көрсету бекеті, облыстық офталмологиялық ауруханасы мен психикалық денсаулық орталығының қызметкерлері қатысты. Денсаулық сақшыларына Медициналық құқық мәселелерін зерттеу институтының жетекшісі, заң ғылымдарының магистрі Талғат Жұмағазин емдеу-сауықтыру мекемелері қызметкерлерінің құқықтарын қорғау, заң көмегін көрсету саласында туындайтын қоғамдық қатынастар, жеке және заңды тұлғаларға мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету кезінде олардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселелер ЛЭД экраннан көрнектілік арқылы жан-жақты түсіндірді.

Семинардың екінші бөлімінде медициналық қызметкерлердің кәсіптік жауапкершілігін міндетті сақтандыру мәселесі кеңінен сөз болды. «Медициналық қызметкерлердің құқықтық қорғалуы және заңдық жауапкершілігі», «Медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру» және «Тәуелсіз сараптамалық комиссияның жұмыс тәртібі» мәселелеріне арналды.

Атап айтқанда кәсіби медициналық қызмет көрсету барысында қателіктер мен кемшіліктер орын алған жағдайда қаржылық қорғаныс, сақтандыру объектісі ретінде медициналық қызметкерлердің пациенттерге кәсіби қызмет көрсету кезінде кездейсоқ немесе қасақана емес қателіктердің салдарынан денсаулығына зиян келтіруге байланысты жауапкершілігі қарастырылатындығы, сонымен қатар емдеу мекемелерінде дәрігерлер мен науқастардың тарапынан түскен арыз-шағымдарды қарап, тексеріп, кәсіби және құқықтық баға беретін тәуелсіз сараптама комиссиясы құрылып, жұмыс жасайтындығы, сақтандыру заңы аясында төленетін сақтандыру жарналары туралы жан-жақты түсініктер берілді.

Семинарға қатыстушылар заңгердің кеңесіне жүгініп, өздерін толғандырған сұрақтар бойынша толыққанды жауаптарын алды. Облыстық филиал төрағасы Майра Кашкенова мазмұнды да әсерлі лекциясы үшін құқық саласының магистрі Талғат Жұмағазинге әріптестері атынан шынайы ризашылығын білдірді. Соңынан барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
