Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің салалық кәсіподағында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, Мұғалжар ауданында басшылық қызмет атқарған, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан Бердіғали Әйтпенбетовке Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына арналған мерейтойлық медальді табыстады. Бұл марапат ардагердің кәсіби қызметіндегі елеулі еңбегін мойындау ғана емес, сонымен қатар кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан үлесін бағалау болып табылады.

Бердіғали Әйтпенбетұлы 2009–2014 жылдар аралығында «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағасы қызметін атқарып, кәсіподақ ұйымдарын нығайтуға, еңбекшілердің құқықтары мен әлеуметтік мәртебесін қорғауға бағытталған көптеген маңызды жобаларды жүзеге асырды. Сол жылдары филиал жұмысында жаңа бастамалар қолға алынып, мүшелерді оқыту мен қолдауға ерекше мән берілді. Оның басшылығымен өңірде кәсіподақ жұмысы жүйеленіп, ауыл шаруашылығы саласының еңбекшілері үшін тиімді әлеуметтік қолдау шаралары жасалды.

Қазіргі уақытта Бердіғали Әйтпенбетұлы филиал төрағасының кеңесшісі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып келеді, жас кәсіподақ жетекшілерін тәлімгерлікпен тәрбиелеп, тәжірибесімен бөлісіп отыр. Оның кәсіби тәжірибесі мен қоғамдық белсенділігі кәсіподақ мүшелері үшін үлгі болып табылады.
Марапаттау рәсімінде ардагер ризашылығын білдіріп, жиналғандарға ақ батасын берді. Сонымен қатар, ол жастар мен жас мамандарға кәсіподақ қозғалысына белсенді қатысу, қоғамға пайдалы істерді атқару, еңбек адамының құқықтары мен мүддесін қорғау жолында өз үлестерін қосу қажеттігін атап өтті.
Бұл марапат Бердіғали Әйтпенбетовтің еңбек жолын бағалаудың ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы кәсіподақтар қозғалысының дамуы мен ұлттық еңбек дәстүрін насихаттаудың маңызды сәті болып табылады.
