Шымкенттегі еңбек жәрмеңкесі мыңдаған азаматқа жұмыс ұсынды

2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтарының жылы ретінде аталып, еңбек адамының мәртебесін арттыру, техникалық және жұмысшы салаларындағы мамандықтарға сұранысты күшейту, кәсіби дамуды қолдау және әлеуметтік қорғауды кеңейту бағытында бірқатар ауқымды шаралар жүзеге асырылды.

         

Шымкент қаласындағы Көрме орталығында өткен еңбек жәрмеңкесі Жұмысшы мамандықтары жылының ең маңызды іс-шараларының бірі болды. Жәрмеңкеге еліміздің түкпір-түкпірінен келген жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер қатысты.

Іс-шараның негізгі көрсеткіштері: өнеркәсіп, құрылыс, медицина, білім беру, IT, логистика, сауда және қызмет көрсету салаларын қамтыған 200-ге жуық компания мен ұйым қатысты. 2000-нан астам бос жұмыс орны ұсынылып, олардың қатарында жоғары жалақысы және әлеуметтік пакеті бар лауазымдар, сондай-ақ тәжірибесі аз жастарға арналған вакансиялар болды. Сұранысқа ие мамандықтар: дәрігер, медбике, инженер, технолог, мұғалім, тәрбиеші, жүргізуші, логист, IT-маман, call-center операторы және бухгалтер. Көптеген азаматтар сол жерде тікелей сұхбаттан өтіп, жұмысқа шақырту алды.

Еңбек мобильділігі орталығы келушілерге тегін кәсіби оқыту бағдарламаларын таныстырып, аспаздық, тігіншілік, шаштараздық, IT, бухгалтерлік есеп және логистика мамандықтары бойынша оқуға мүмкіндік берді. Бағдарламаларды аяқтағандарға жұмысқа орналасуға қолдау көрсетілетіні айтылды.

Өз ісін ашқысы келетіндерге бизнес-жоспар жасаудың қадамдары, мемлекеттік гранттар алу тәртібі және кәсіпкерлікті қолдау тетіктері түсіндірілді. Гранттық бағдарламалар арқылы жұмыссыздықтан кәсіпкерлікке өту мүмкіндігі жәрмеңке қатысушылары тарапынан ерекше қызығушылық тудырды.

Сонымен қатар, көпбалалы отбасылардан шыққан азаматтарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жастарға және жұмыс іздеуде қиындықтарға тап болған адамдарға арналған субсидияланатын жұмыс орындары ұсынылды.

Іс-шараға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев арнайы қатысты. Ол жұмыс берушілермен және жұмыс іздеушілермен кездесіп, еңбек адамының құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті нығайту, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Бауыржан Әлтеев сондай-ақ Хан ТВ, Айғақ ТВ, Уақыт ТВ және Оңтүстік ТВ телеарналарына сұхбат беріп, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды. Оның айтуынша, техникалық және жұмысшы мамандықтарға деген сұраныстың артуы, тегін кәсіби білім беру мүмкіндіктерінің кеңеюі, жастар мен әлеуметтік осал топтарды қолдау шаралары – елдегі еңбек нарығының тұрақты дамуына оң әсер етіп отыр.

Бауыржан Алтеев іс-шараның еңбек әлеміндегі маңызына тоқталып:
«Еңбек адамы – елдің тірегі. Кәсіподақтар еңбек нарығындағы әр өзгерісті жіті бақылап, жұмысшылардың мүддесін қорғауды басты міндет деп санайды. Осындай жәрмеңкелер азаматтарға тұрақты жұмысқа орналасып, өз әлеуетін іске асыруға кең мүмкіндік береді», – деді.

Бүгінгі жәрмеңке Жұмысшы мамандықтары жылының нақты нәтижелерін айқын көрсетті. Іс-шара еңбек нарығындағы сұраныстың артқанын, кәсіби дамуды қолдаудың маңызын және жұмысшы мамандығының қоғамдағы құндылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. 2025 жыл Қазақстанда еңбек – экономикалық өрлеудің негізгі күші екенін айқындаған маңызды кезең ретінде есте қалмақ.