Қырғызстан кәсіптік одақтар федерациясының делегациясы «Қазкөліккәсіподақ» қызметімен танысты

Астана қаласындағы жұмыс сапарының екінші күні Қырғызстанның Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы Мурадил Жумадилде уулу бастаған делегация өкілдерін Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева, төраға кеңесшісі Қайрат Айбосынов және Астана қаласы Кәсіподақ орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» («Қазкөліккәсіподақ»)  қоғамдық бірлестігі «Астана» филиалының қызметімен жан-жақты таныстыруға алып барды.

Делегация өкілдерін «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы»  қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оразғали Ахметбаев пен «Астана» филиалының төрағасы Серік Сәрсекеев қарсы алды.

Алдымен қырғызстандық қонақтарды инновациялық залға апарып, Салалық кәсіподақтың атқарған қызметін баяндайтын бейнебаян көрсетілді.

Алғашқы сөз алған «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оразғали Ахметбаев: «Кәсіподақ жұмысы ауқымды әрі көпқырлы. Біздің атқарар ісіміз мол, мақтанарлық жетістіктеріміз де жеткілікті. Сіздердің келулеріңіз — кәсіподақтар арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызды кезеңдерінің бірі», — деді.

Ол 2014 жылы салалық кәсіподақтың атауы өзгертілгеніне тоқталды. Сол кезеңде көлік-логистика саласын ірілендіру бағыты қолға алынып, әуежайлар, теңіз порттары мен автокөлік кәсіпорындары Қазақстан теміржолы компаниясының құрамына өткен. Осыған байланысты кәсіподақ теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерін біріктіретін ұйымға айналды.

Уақыт өте саладағы құрылымдық өзгерістерге байланысты ұйым құрамына енген кейбір кәсіподақтар қайта бөлінгенімен, бүгінде кәсіподақ құрамында 5 әуежай, шамамен 6 автокөлік кәсіпорны және бір теңіз порты бар. Қыркүйек айында өткен 11-ші съезде кәсіподақ қайтадан теміржол көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы болып аталды. Қазір ұйымның заңды қайта тіркеу процесі жүріп жатыр.

Оразғали Ахметбаев посткеңестік елдердегі кәсіподақтармен, әсіресе Қырғызстанмен ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, теміржол саласындағы байланыстар тарихи тұрғыда тамырлас. «Біз — бауырлас халықпыз, бауырлас елдерміз және бауырлас теміржолшылармыз», — деді ол.

Салалық кәсіподақ төрағасы екі ел теміржолшылары арасындағы тасымал, жүк тиеу және өткізу жұмыстарының өзара тығыз байланыста екенін жеткізді. Жамбыл және Алматы бөлімшелері Бішкек теміржолымен тығыз жұмыс істейтіні де атап өтілді.

Сонымен қатар, Оразғали Ахметбаев Кеңес Одағы кезеңіндегі әлеуметтік кепілдіктердің басым бөлігі ұжымдық шарттарда сақталғанын, негізгі жеңілдіктер әлі күнге дейін қолданыста екенін айтты.

Ол 120 жылдық кәсіподақ тарихының ортақ екенін де еске салды. 1905 жылы Қызылордадағы Перовск паровоз депосында құрылған алғашқы ұйымның делегаттары Мәскеуде өткен теміржолшылардың тарихи съезіне қатысқан. Сондықтан биыл Қазақстан, Өзбекстан және Ресей теміржол кәсіподақтары 120 жылдықты қатар атап өтуде.

«ҚТЖ – елдегі ең ірі жұмыс берушілердің бірі. Салада 120 мыңнан астам адам еңбек етеді, оның 100 мыңға жуығы біздің кәсіподақтың мүшелері. Сондықтан ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниеттіміз», — деді Оразғали Ахметбаев.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ әлеуметтік саясат департаментінің бас менеджері Замир Серіков Қырғызстаннан келген делегацияны орталық кеңседе жылы қабылдап, бұл кездесудің екі жақ үшін де ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Оның айтуынша, бұл жиын ең алдымен екі елдің бауырлас салалық кәсіподақтары арасындағы ынтымақтастықтың нығаюын білдіреді. Сонымен қатар ол бұл кездесудің өзі үшін жеке мәнге ие екенін жеткізді. «Мен күншуақты Бішкек қаласында дүниеге келдім. Атам мен әкем Қырғызстан теміржолында еңбек етті. Сондықтан ата-бабаларымның қырғыз елі теміржолының дамуына қосқан үлесін мақтан тұтамын», — деді ол.

Замир Серіков Қазақстан теміржол саласындағы кәсіподақ мүшелігінің жоғары екенін атап өтті: сала қызметкерлерінің 90%-дан астамы, яғни 96 мыңнан астам адам кәсіподақ құрамында. Оның ішінде 30%-дан астамы — жастар. Жас мамандардың белсенділігі кәсіподақ қозғалысының жаңа серпінін айқындайды. «Жастар бүгінде кәсіподақ қызметінің негізгі қозғаушы күшіне айналды. Биыл жұмысшы мамандықтарын насихаттау, өндірістік персоналды дамыту және жастармен жұмыс бағытында айтарлықтай жетістіктерге жеттік», — деді ол.

З.Серіков «Қазақстан Темір Жолы» атынан кәсіподақтың саладағы басты әлеуметтік серіктес екеніне тоқталды. Бірлескен жұмыстар корпоративтік мәдениет пен әлеуметтік саясатты дамытуға елеулі үлес қосып келеді.

Ол Қырғызстан және Қазақстан кәсіподақ федерацияларының бұл кездесуі болашақтағы әріптестікті күшейтіп, жастар қанатын дамытуға серпін беретініне сенім білдіріп, қажет жағдайда қырғыз әріптестерімен белсенді түрде жұмыс істеуге әзір екенін айтты.

Кездесу барысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төраға орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева «Қазкөліккәсіподақтің» еліміздің кәсіподақ қозғалысындағы рөлі мен маңыздылығын атап өтті.

«Қазкөліккәсіподақ» бүгінгі күні тек салалық деңгейде ғана емес, сонымен қатар жалпы кәсіподақ жүйесінде ең ірі ұйымдардың бірі болып табылады. Бұл кәсіподақ өзінің жұмысы, белсенділігі және қызметкерлердің құқықтарын жүйелі қорғауымен кеңінен танымал. Бүгінде қызметкерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау бағытында көптеген бастамалар жүзеге асырылуда. Бұл кәсіподақтың беделін арттыратын маңызды фактор болып табылады. Халықаралық еңбек ұйымының алаңында біз салалық кәсіподақтың қызметін және оның трансформациясын үздік тәжірибе ретінде ұсынамыз», — деді ол.

Сөз соңында Гүлнәр Жұмагелдиева қырғызстандық әріптестердің бұл сапары екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдіріп, әрі қарай тәжірибе алмасу, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және ортақ мақсаттарға қол жеткізу бағытындағы жұмыстың жалғасатынын атап өтті.

Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы Мурадил Жумадилде уулу: «Біз  тәжірибе бөлісіп, пікір алмасу мақсатында ресми жұмыс сапарымен келіп отырмыз. Айта кету керек, теміржол саласының қызметкерлері – әртүрлі бағыттағы ынтымақтастықтың жарқын мысалы. Тіпті Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі құрылмаған кезеңде де осы екі сала – теміржол және энергетика салалары – тығыз байланыста жұмыс істеген. Дәл осы сала қызметкерлері өзара қарым-қатынасты дамытып, экономикалық және логистикалық “көпір” салуға бастамашы болған»,-деді.

Мурадил Жумадилде уулу еңбек құқықтарын қорғаудағы кәсіподақтың үлесі әрдайым маңызды рөл атқарғанын жеткізді.  Бүгінгі кездесудің ресми сипатқа ие екенін атап өткен төраға бұл іс-шара алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын және салалық комитеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталғанын да айтты.

«Бізді біріктіретін негізгі нәрсе – ортақ тамырлар. Кім қай қалада немесе елде тұрса да барлығымыздың мүддеміз ортақ. Сондықтан ынтымақтастығымызды нығайту – басты міндетіміз», – деді Мурадил Жумадилде уулу.

Кездесу соңында Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясының өкілдері «Қазақстан теміржолшысы» газетінің редакциясында болып, жарияланымдардың дайындалу үдерістерімен, редакциялық жұмыстың ерекшеліктерімен және мұражайда саланың тарихи даму кезеңдерімен танысты.

Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы