26 қараша, сәрсенбі күні ҚРКФ орталық кеңсесінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы әрі Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының (OTUTS) Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин OTUTS саммитін дайындау бойынша жұмыс тобының мүшелерімен кездесті. Саммит келесі жылдың басында өткізіледі деп жоспарланған.

Жұмыс тобының құрамында ұйымға мүше елдердің бес ұлттық кәсіподақ орталығының өкілдері болды: Қазақстаннан – ҚР Кәсіподақтар федерациясының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі кеңесші Қайрат Айбосынов, Әзірбайжаннан – Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясы халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесші Фуад Алакбаров, Қырғызстаннан – Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясының халықаралық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі Азис Жумабаев, Түркиядан – TÜRK-İŞ Президентінің кеңесшісі Тураджон Раупов және Өзбекстаннан – Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы құқықтық департаменттің директоры Хамидулла Премкулов.

Күннің бірінші жартысында жұмыс тобы ұйымның Іс-шаралар жоспары жобасын талқылады. Талқылау барысында әрбір қатысушы өз ұсынысын ортаға салды. Мысалы, Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясының халықаралық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі Азис Жумабаев әлеуметтік-зерттеу жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының құқықтық департаментінің директоры Хамидулла Премкулов OTUTS Үйлестіру кеңесін құруды Жоспарға енгізуді ұсынды. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Қайрат Айбосынов рәсімдік мәселелерге тоқталды.

Жұмыс тобының мүшелерін қарсы ала отырып, OTUTS Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин ұйымдастырушылық мәселелердің жан-жақты қаралғанын, ал болашақтағы іс-қимыл үшін негізгі бағыттар нақты анықталғанын атап өтті. Бұл бағыттар 2026 жылға арналған ұйымның Іс-шаралар жоспарына енгізілген.
«Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы бүгінгі күні 48 миллион еңбеккерді біріктіреді. Ұйым құрылғалы бері барлық ұйымдастырушылық мәселелер шешілді. Енді ұйымымызды нақты қадамдармен және саналы іс-әрекетпен толықтыру қажет. Жұмыс тобының отырысы – ұйымды қалыптастыру және дамытудағы нақты қадам. Сіздер OTUTS Іс-шаралар жоспары жобасын әзірлеуде нәтижелі жұмыс жасап, Атқару комитетінің күн тәртібін қалыптастырдыңыздар», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

OTUTS 2026 жылға арналған Іс-шаралар жоспарының егжей-тегжейлі мазмұнын Бас хатшының орынбасары, Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясының халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Фуад Алакбаров таныстырды. Оның айтуынша, келесі жылы Төрағалар кеңесінің отырысы, «Түркі мемлекеттерінде лайықты ең төменгі жалақыны қамтамасыз етудің біртұтас кәсіподақтық тәсілдері» тақырыбында халықаралық конференция, ұйымның ресми сайтының ашылуы, шағын футболдан халықаралық турнир, «Түркі мемлекеттерінде әлеуметтік-еңбек стандарттары: салыстыру және ұсыныстар» атты бірлескен әлеуметтік-зерттеу, тәжірибе алмасу және бірлескен оқу жобалары жоспарланған.

Сонымен қатар, TÜRK-İŞ Президентінің кеңесшісі Тураджон Раупов Анкарада OTUTS штаб-пәтерінің кеңсесін ашу және Үйлестіру кеңесін құру жоспарланғанын атап өтті.
OTUTS Бас хатшысы жоспар жобасындағы әрбір тармақ бойынша өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, ұйымның ресми сайтын құру Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына жүктеледі, өйткені бізде мұндай тәжірибе бар – Орталық Азия елдері кәсіподақтар кеңесінің сайты сәтті жасалып, іске қосылған.
«Ең төменгі жалақы мәселелері бойынша халықаралық конференция – біздің ұйымымыздағы барлық мемлекеттер үшін өзекті тақырып. Біз бір-бірімізбен бөлісе алатын тәжірибеміз бар, әр елде жақсы тәжірибе қалыптасқан. Соңында біз ең төменгі жалақыны белгілеудің біртұтас тәсілдерін жасап шығуымыз қажет. Мысалы, Қазақстанда ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесі қабылданған және Халықаралық еңбек ұйымының 131 конвенциясы ратификацияланған. Менің ойымша, конференцияға Халықаралық еңбек ұйымы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы қатысуы тиіс. Бірлескен әлеуметтік-зерттеу де маңызды. Біз салыстырмалы талдау жүргіземіз, соның ішінде халықаралық еңбек стандарттарының орындалуын қарастырамыз. Бұл бағыттағы қозғалыс динамикасын түсініп, әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелерді шешуге біртұтас тәсілдер әзірлей аламыз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Шағын футболдан халықаралық турнирді ұйымдастыру мәселесіне келетін болсақ, турнир Астанада өткізілмек. Себебі ҚР Кәсіподақтар федерациясында турнирлер ұйымдастыру және өткізу бойынша жинақталған тәжірибе бар.
«Бұл жақсы дәстүр. Біз Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі деңгейінде төрт турнир өткіздік. Спортшы жастарымыздан өте жақсы пікір алып отырмыз. Бұл пікірлердің құндылығы – әр түрлі елдерден келген жастардың тек спорт саласында ғана емес, кәсіподақ мәселелері бойынша да бірігуінде», – деп атап өтті Бас хатшы.
Сатыбалды Дәулеталиннің пікірінше, әрбір ұлттық кәсіподақ орталығында OTUTS шеңберінде ынтымақтастық координаторы болуы қажет, ол ұйымның Хатшылығы жанындағы Үйлестіру кеңесіне кіреді.
«Бүгін біз бұрынғыдан да нақты, үйлестірілген іс-қимыл қажеттілігін сезінеміз. Бізге тек интеграция қажет емес – бізге даму қажет. Біздің ұйым тек идеялар алмасу орны ғана емес, сонымен қатар нақты іс-қимылға, жаңа бірлескен бастамаларға шығатын бастау нүктесі болады, олар біздің халыққа айқын нәтиже әкеледі деп сенемін», – деп түйіндеді Сатыбалды Дәулеталин.

Бұдан бұрын, 12 қарашада Ташкентте Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы басшыларының кездесуі өтті. Оған ұйымның Бас хатшысы, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысты.

Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түркия және Өзбекстан ұлттық кәсіподақ орталықтарының жетекшілері Төрағалар Кеңесінің келесі отырысының күн тәртібін, OTUTS Іс-шаралар жоспары мен 2026 жылға арналған қаржыны талқылады. Дәл осы кезде OTUTS саммитін дайындау бойынша жұмыс тобы құрылды.

Айта кетейік, 2023 жылы 29 шілдеде Әзірбайжанның Шуша қаласында Әзірбайжан, Қазақстан, Түркия және Өзбекстан ұлттық кәсіподақ орталықтары Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымын құру туралы Келісімге қол қойды. 2023 жылы 22 мамырда Анкарада Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының І конгресі өтті. Ұйымның штаб-пәтері Түрік Республикасында ресми тіркелді. Жаңа интеграциялық бірлестіктің құрамына Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия ұлттық кәсіподақ орталықтары кіреді. OTUTS Бас хатшысы болып Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жасырын дауыс беру арқылы сайланды, ал OTUTS Президенті Түркия Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Эргюн Аталай болды.

Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы қызметкерлердің мүдделерін қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту және әлеуметтік құқықтарды қамтамасыз ету мақсатында құрылды.
Биылғы жылдың желтоқсан ортасында OTUTS Іс-шаралар жоспары Баку қаласында Атқару комитетінің отырысында қаралып, бекітіледі. Бұл жоспар – ұлттық кәсіподақ орталықтарының күш-жігерін біріктіру, әлеуметтік-еңбек, кәсіби және экономикалық құқықтар мен мүдделерді қорғауға бағытталған негізгі құжат. Ол түркі мемлекеттері кәсіподақтарының 48 миллион мүшесіне келесі жылға арналған нақты бағыттарды айқындайтын болады.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
