Елорда кәсіпорындарындағы жалақы берешегі қаралды

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханның төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Іс-шараға Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов, мемлекеттік органдардың өкілдері, жұмыс берушілер мен кәсіподақ ұйымдарының мүшелері қатысты.

Отырыста Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Исмағұлов қаладағы еңбек қатынастарының өзекті мәселелері туралы баяндама жасады.

Спикердің айтуынша, елордада 267 906 кәсіпорын жұмыс істейді, оларда 738 мыңға жуық қызметкер еңбек етеді. Жалақының уақтылы төленуіне тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде.

2025 жылғы 19 қарашадағы жағдай бойынша, қалада жалақы бойынша жалпы берешек 7 кәсіпорында 218 қызметкер алдында жиналған. Берешек көлемі 104,5 млн теңгені құрайды.

Аталған кәсіпорындардың басшыларына қатысты материалдар жиналып, тиісті шешім қабылдау және қылмыстық іс қозғау мәселесін қарастыру үшін Астана қаласы Полиция департаментіне жолданды.

Сонымен қатар банкроттық және оңалту рәсімдеріндегі ұйымдар бойынша да жағдай атап өтілді. Бұл санаттағы кәсіпорындардың 102 қызметкер алдындағы берешегі 19,7 млн теңгені құрайды. Мұндай кәсіпорындардағы берешекті өтеу шараларын конкурстық басқарушылар «Оңалту және банкроттық туралы» Заң шеңберінде жүзеге асырады. Процестерді бақылауды Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер департаменті қамтамасыз етеді.

2025 жылдың басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасының сақталуын бақылау аясында 8 251 өтінішті қарап, 442 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде анықталған барлық бұзушылықтарды жою жөнінде 271 нұсқама беріліп, еңбек заңнамасын бұзған 174 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Айыппұлдардың жалпы сомасы 31,8 млн теңгені құрады.

Отырыста сондай-ақ еңбек қатынастарын жақсарту, жалақы берешегінің алдын алу, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру және әлеуметтік әріптестікті дамыту бойынша бірқатар ұсыныстар талқыланды.