ҚРКФ еңбек заңнамасының орындалуын жетілдіру тетіктерін жариялады

26–28 қараша күндері Астанада Халықаралық еңбек ұйымы ұйымдастырған еңбек заңнамасының сақталуын стратегиялық жоспарлау жөніндегі семинар өз жұмысын бастады. Жиынға әлеуметтік әріптестер қатысты. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы атынан семинардың ашылуында ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев сөз сөйледі.

Семинар ХЕҰ-ның «Қазақстанның тау-кен секторында әлеуметтік диалог арқылы еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасын ілгерілету» жобасының қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл жоба Мемлекеттік еңбек инспекциясына еңбек талаптарын орындауға арналған Стратегиялық жоспарды бірлесе әзірлеп, оған жәрдемдесуді көздейді. Аталмыш жоспар Еңбек инспекциясының қолдағы мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, қызметін жүйелеуге, тексеру жұмыстарын нақты әрі сапалы жоспарлауға және еңбек заңнамасының сақталуын күшейтуге жол ашады.

Семинарда сөз алған Мұхтар Тінікеев елдегі еңбек инспекциясының ахуалы мен еңбек заңнамасының орындалуына қатысты Кәсіподақтар федерациясының көзқарасын таныстырып, кәсіподақтардың еңбек саласын реттеудегі маңызды орнына тоқталды.

«Біздің басты мақсатымыз – әрбір қазақстандыққа лайықты әрі қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету. Бұл бағыт біз үшін ешқашан өзгермейді. Кәсіподақтардың негізгі міндеттерінің бірі – еңбек ететін әр азаматтың қауіпсіз ортада жұмыс істеуіне жол ашу. Біз мүшелік ұйымдардан түсетін деректер бойынша еңбек қауіпсіздігіне тұрақты мониторинг жүргізіп отырамыз. Заңнама кәсіподақтарға қоғамдық бақылау құқығын береді, ал Еңбек кодексі өндірістік кеңестер құрамындағы техникалық инспекторлардың мәртебесі мен өкілетін айқындап қойған. Қазір 16 мыңнан астам техникалық инспектор қоғамдық бақылау жүргізуде, 12 мыңнан аса өндірістік кеңес жұмыс істейді. Кәсіподақтар федерациясы ХЕҰ қағидаттары мен стандарттарын енгізуге, қажет тұстарда заңнамалық бастамаларды қолдауға ерекше көңіл бөледі», – деді Мұхтар Тінікеев.

ҚРКФ спикерінің айтуынша, еңбек инспекциясымен өзара байланыс пен бірлескен әрекеттерді күшейту бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.

«Мемлекеттік еңбек инспекторларының жұмысын жақсарту мақсатында бірнеше ұсынысымыз бар. Ең алдымен, инспекторлардың санын арттыру қажет. Өңірлерге қажет инспекторлар санын нақтылап, бекіту керек – бұл инспекторлар арасында жүктеменің тең бөлінуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ материалдық-техникалық жабдықтауды күшейту керек. Бұған қоса, Қазақстан ратификациялаған ХЕҰ-ның №81 және №129 Конвенцияларының талаптарына сай Кәсіпкерлік кодекске өзгерістер енгізілуі тиіс. Кәсіподақтар федерациясы еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау жолында, әлеуметтік әділеттілікті нығайту және лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету бағытында әрдайым әлеуметтік әріптестермен ынтымақтастыққа дайын», – деп атап өтті Мұхтар Тінікеев.

Спикер сондай-ақ қазіргі таңда Қазақстанда Лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі Жол картасы іске асып жатқанын, онда еңбек қауіпсіздігі мен еңбек заңнамасының сақталуына қатысты нақты шаралар қамтылғанын да айтты.

Осы ретте 2024–2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын жүзеге асыру да қолға алынған. Тұжырымдама еңбек қауіпсіздігі саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыруды көздейді. Мұнда халықаралық талаптарға сай мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіру, басқарудың тік құрылымын нығайту және еңбек инспекторларының кәсіби даярлығын арттыру жөніндегі шаралар қарастырылған.

Жалпы, елімізде лайықты еңбек қағидаттарын енгізу және заңнаманы жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанына қарамастан, әлі де шешімін күтетін мәселелер де бар.

Бұл тақырыпты жалғастырған ҚРКФ-ның әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетінің бас сарапшысы Нұркен Шыңғысов ынтымақтастықты күшейтуге арналған  ұсыныстарын ортаға салды.

«Біз төрт механизм ұсынамыз. «Мемлекеттік инспектор + ҚРКФ – ның техникалық инспекторы» форматында бірлескен тексерістер ұйымдастыру. Бұл мемлекеттік инспектордың жүктемесін азайтып, бақылаудың қамту аясын кеңейтеді. Біз техникалық инспекторлардың өкілеттігін кеңейтуді (мысалы, тікелей қауіп төнген жағдайда жұмысты тоқтату құқығын беру) және олардың еңбегін ынталандыру және жауапкершілік жүйесін енгізуді табанды түрде алға тартамыз. Сондай-ақ ауыр және қауіпті еңбек жағдайлары бар барлық кәсіпорындарда өндірістік кеңестерді міндетті түрде құруды заңмен бекіту қажет. Және соңғысы – Еңбек кодексіндегі нормаларды қайта қарап, Мемлекеттік еңбек инспекциясы мен қоғамдық бақылаудың нақты өкілеттіктерін айқындау. Қажет болса, «Еңбек инспекциясы туралы» жеке заң қабылдау мәселесін де қарастыруға болады», – деді Нұркен Шыңғысов ұсыныстарды атап өтіп.

Семинар ұйымдастырушылары – ХЕҰ өкілдері – Лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі Жол картасы аясында еңбек инспекциясы органдарына тексеру шараларын жоспарлау мен жүргізуде қолдау көрсетілетінін атап өтті.

«Стратегиялық жоспарлау инспекцияларға бар ресурстарды ұтымды пайдаланып, өз жұмысының тиімділігін арттыруға әрі еңбек заңнамасының сақталуын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді халықаралық сарапшы Дарко Дочински.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 7 миллионға жуық жалдамалы жұмыскерге бар болғаны 250 мемлекеттік еңбек инспекторы қызмет етеді. Бұл көрсеткіш ХЕҰ ұсынымындағы – 10 мың жұмыскерге бір инспектор — нормасынан үш есе төмен.

Үш күнге созылатын семинар барысында қатысушылар еңбек заңнамасының сақталуын күшейту және мемлекеттік еңбек инспекторларының жұмысын жақсарту жөніндегі ұсыныстарын талқылап, ортақ тұжырымдар әзірлемек.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы