Елорда кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары өтті

Елордадағы кірпіш, жабынқыш және күйдірілген саздан жасалған өзге де құрылыс бұйымдарын өндіретін «AZAG ASTANA» ЖШС және нан-тоқаш, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер өндіретін «АСТАНАЛЫҚ НАН» ЖШС кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігі мен жұмысшылардың құқықтарын сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Аталған кездесуге Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтаналин, заңгері Азамат Менсейітов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің өкілі Рустам Жандосов, Сарыарқа аудандық прокуратурасының өкілі Будур Ахметова қатысты.

Спикерлер еңбек заңнамаларына енгізілген соңғы өзгерістер, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің құқықтары мен міндеттері, еңбек даулары мен оларды шешу жолдары туралы толық ақпарат берді. Сонымен қатар өндірістік қауіпсіздік техникасын сақтау, қауіпті жағдайларды алдын ала анықтау және жазатайым оқиғалардың алдын алу тетіктері кеңінен талқыланды.

Кездесу барысында Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтаналин қазіргі кезеңдегі кәсіподақтардың маңызы, олардың қоғамдағы рөлі мен атқаратын негізгі қызметтері туралы жан-жақты ақпарат берді. Ол кәсіподақтардың қызметкерлердің құқықтарын қорғаудағы, еңбек дауларын шешудегі және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етудегі маңызды тетіктердің бірі екенін атап өтті.


Сондай-ақ, мекемеде кәсіподақ ұйымын құру қажеттілігі туындаған жағдайда немесе бастама көтерілсе, барлық ұйымдастыру жұмыстарына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Кәсіпорын қызметкерлері өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Құқықтық сауаттылық пен еңбек мәдениетін арттыруға бағытталған осындай іс-шаралар еңбек ұжымындағы өзара түсіністікті нығайтып, өндірістің қауіпсіз әрі тиімді жүруіне ықпал етеді.