Бейсенбі, 27 қарашада, ҚРКФ орталық кеңсесінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Халықаралық Еуразия металшылар федерациясының (ХЕМФ) Орталық комитетінің 60-шы отырыс қатысушыларымен кездесті.

Халықаралық Еуразия металшылар федерациясы (ХЕМФ) – металлургия, машина жасау және Еуропа мен Азия елдеріндегі басқа да өнеркәсіп салаларындағы кәсіподақтарды біріктіретін ірі ұйым. Ұйым 1994 жылы Анкарада ұлттық кәсіподақтардың іс-әрекеттерін үйлестіру және Еуразия аймағындағы өнеркәсіп қызметкерлерінің мүдделерін қорғау мақсатында құрылған. ХЕМФ 21 елдің 63 ұлттық салалық кәсіподағын біріктіреді. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мүшелік ұйымдар арасынан ХЕМФ-на мүше болып «QAZAQMETAL KASIPODAGY» тау-кен металлургия салалық кәсіподағы, химия, мұнайхимия және өндірістің туыстас салалары қызметкерлерінің салалық кәсіподағы, сондай-ақ машина жасаушылар салалық кәсіподағы кіреді.
ХЕМФ Орталық комитетінің мүшелерін қарсы ала отырып, ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ұйыммен тығыз ынтымақтастықты және оның беделін ерекше атап өтті.

«Бүгінде Халықаралық Еуразия металшылар федерациясы Еуропа мен Азияның 20 елінде 15 миллионнан астам еңбек етушілерді біріктіріп отыр, тау-кен, металлургия, металл өңдеу және машина жасау салаларындағы кәсіподақтарды білдіреді. 32 жылдық қызметінде ХЕМФ мол тәжірибе жинақтап, біздің салалық кәсіподақтарымызға үлгі бола алатын жұмыс қалыптастырды. Бұл ынтымақтастық әсіресе қазіргі таңда өзекті, өйткені Еуразия елдерінің алдында ортақ сынақтар тұр: экономика ауыр және тәуекелі жоғары еңбектің арқасында өсуде, ал жаһандық технологиялық өзгерістер жүйенің бейімделуінен әлдеқайда жылдам жүріп жатыр. Сол уақытта жалақы, әлеуметтік қорғау және еңбекті қорғау көбіне өткен ғасыр деңгейінде қалады. Жүктеме мен кәсіби қауіптердің өсуі жағдайында бұл әділетсіздік деп есептеймін», – деді ҚРКФ төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин шетелдік әріптестеріне Қазақстандағы еңбек саласындағы жағдай және кәсіподақтардың оның дамуына әсері туралы баяндады.
«Біріншіден, біз ең төменгі жалақыны көтеруге шындап кірістік. 2025 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрайды, бұл төрт жыл бұрынғыдан екі есе көп. Біз ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесін бекітіп, Халықаралық еңбек ұйымының 131 конвенциясын ратификацияладық – халықаралық стандарт. Бұл кәсіподақтардың ұзақ жылдар бойғы талабы болды. Егер әдістеме тұрақты болып, мәліметтер ашық болса және ең төменгі жалақыны талқылау тұрақты түрде жүргізілсе оны біздің жеңісіміз деп қабылдасақ болады. Біздің мақсатымыз – 2030 жылға дейін ең төменгі жалақы елдегі медиананың кемінде жарты деңгейінде болу. Екінші маңызды бағыт – еңбек қауіпсіздігі. 2025 жылдың тоғыз айында өндірісте 934 адам зардап шекті, 133 адам қаза тапты. Соңғы жылдардың динамикасы жарақаттанудың төмендегенін көрсетеді. Қазақстанда 2030 жылға дейінгі Еңбек қауіпсіздігі тұжырымдамасы қабылданған. Еңбекті қорғау жүйесі өзгерді: енді мақсат – тәуекелдерді апат немесе кәсіби ауруға айналмас бұрын алдын ала болжа,. Мыңдаған кәсіпорындар жаңа стандарттарды енгізді. Біз халықаралық «нөлдік жарақаттану» бастамасына қосылып, «Халықтық бақылау» жобасын жүзеге асырудамыз. Үшінші бағыт – заңды қорғау және кәсіпорындар мен еңбек ұжымдарымен жұмыс. 2024 жылы салалық кәсіподақтардың құқықтық қызметтері ондаған мың өтінішті қарап, тәулік бойы тегін заң көмегін көрсетті. Бұл арқылы төленбеген жалақылар қалпына келтіріліп, қызметкерлердің құқықтары қорғалды. Кәсіподақ дауысы бар жерде жарақаттану азаяды, кадрларды ұстап тұру қамтамасыз етіледі және қызметкерлердің сенімі артады. ҚР Кәсіподақтар федерациясы 24 салалық кәсіподақты және 16 мыңнан астам бастауыш ұйымдарды біріктіреді. Елдегі әр үшінші қызметкер кәсіподаққа мүше», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Қазақстан кәсіподақтарының лидері Федерацияның қайта құрылып, бүгінгі таңда әлеуметтік еңбек саясатқа әсер ететін негізгі институтқа айналғанын, халықаралық ұйымдарда белсенділік танытып, өз бастамаларын алға жылжытып отырғанын атап өтті.
ХЕМФ Орталық комитетінің мүшелеріне сөз сөйлеп, ҚРКФ төрағасы қазіргі заманғы сынақтардың әсерін жеңу үшін бірлескен жұмыстың маңызына тоқталды.

«Ең төменгі және әділ жалақыны есептеу бойынша бірлескен стандарттар, жоғары тәуекелді салалардағы жалақыны индексациялау тәсілдері, әділ технологиялық көшу және қызметкерлерді қайта даярлау бойынша бірлескен тәсілдер жасау қажет. Алға жылжудың нақты белгілерін анықтау керек: жарақаттанудың төмендеуі, жалақының өсуі, инфляциядан жоғары индексация, кәсіподақтық бақылаудың кеңеюі, ұжымдық диалог және халықаралық аренада бірлескен бастамалар. Ауыр өнеркәсіп – ел экономикасының негізі, ал бұл негіз сенімді, қорғалған және құрметті адамдарға сүйенуі керек. Кәсіподақтар ашық жұмыс істейді, сондықтан әр жұмысшы өз құқығы қорғалуы мен лайықты өмір сүре алуына сенімді бола алады», – деп ойымен бөлісті Сатыбалды Дәулеталин.
Өз кезегінде ХЕМФ-ның Бас хатшысы Мурат Салар ҚРКФ басшылығына жылы қабылдау мен ынтымақтастық үшін алғыс айтты.

«Біз бірлескен жұмыстың әлеуетін көріп отырмыз, әсіресе Еуразия елдерінде. Ауыр өнеркәсіп – экономиканың негізі, біз жұмысшылар үшін қорғау мен лайықты жағдайларды қамтамасыз етеміз. Халықаралық Еуразия металшылар федерациясы құрылған сәттен бастап өз өміршеңдігін дәлелдеп, халықаралық кәсіподақ қозғалысында орнын алды. Түркия Қазақстанның сенімді серіктестерінің бірі және біз өзіміздің кәсіподақтық бауырластық пен бірлікті нығайтуға дайынбыз», – деді ХЕМФ Бас хатшысы.
ХЕМФ-тың орынбасар хатшысы Тураджон Раупов ұйымның Орталық комитетінің жұмыс нәтижелерін баяндады: вице-президент ретінде Әзербайжан өкілі Фуад Алакбаров сайланып, ұйым құрамына Грузиядан салалық кәсіподақ қосылды.

Жаңа сайланған ХЕМФ басқарушы құрамының мүшесі Фуад Алакбаров, сондай-ақ OTUTS-тың орынбасар хатшысы ретінде, екі ұйымның басқару органдарында болуы екеуіне де пайда әкелетініне сенім білдірді.

Өзбекстан өкілі, «Узметмашсаноат» республикалық кәсіподақ кеңесінің орынбасары Шаикрам Исраилов ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесін құрудағы үлесін және Қазақстан кәсіподақтарының мол тәжірибесін атап өтті.

«Қазақстандағы 120 жылдық қозғалыс тарихында кәсіподақтар айтарлықтай тәжірибе жинақтады, бұл ОАЕКК аясында пайдалы әрі өте маңызды. Біз тәжірибе алмасып, тек салалық кәсіподақтар арасында ғана емес, бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасында да ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отырмыз», – деді Шаикрам Исраилов.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының құрамындағы салалық кәсіподақ басшылары да пікір білдірді.
Химия, мұнайхимия және өндірістің туыстас салалары қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрағасы Керім Пірімқұлұлы кәсіподақтардың еңбек құқықтарын қорғау ісін жалғастырып келе жатқанын және халықаралық ынтымақтастық кәсіподақ жетекшілеріне тәжірибе алмасуға, бірлескен әрекет жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ал Қазақстан салалық тау-кен металлургия кәсіподағы «QAZAQMETAL KÁSIPODAǴY» төрағасы, Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин кәсіподақтардың заң шығару қызметі жайлы айтты. Парламентте еңбек саласы мен кәсіподақтарға қатысты үш заң жобасы қаралып жатыр.

Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қолдау білдірген ХЕМФ Орталық комитетінің Грузия мен Қырғызстан өкілдері болды.
Кездесуді қорытындылай отырып, ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ХЕМФ әріптестеріне бауырластық ынтымақтастық үшін алғыс айтып, ортақ басымдықтарды атап өтті.

«Қазақстан кәсіподақтары үшін ортақ тамырларымыз, тарихымыз және ұзақ жылдық байланыстарымыз маңызды. Біз мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың деңгейін жоғары бағалаймыз және серіктестіктің одан әрі дамуы жұмысшылар арасындағы диалогты, бірлікті және өзара түсінуді нығайта беретініне сенеміз. ҚРКФ халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді. Салалық кәсіподақтарды біріктіру және халықаралық серіктестермен ынтымақтастық салаларды дамытуға мүмкіндік береді. Біз тәжірибе алмасу, іс-әрекеттерді үйлестіру және бірлескен бастамалар арқылы еңбек құқықтарын тиімдірек қорғап, Еуразия өңірінде әлеуметтік диалогты нығайта аламыз. ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан белсенді жұмыстарыңыз бен бірлескен ынтымақтастық үшін баршаңызға алғыс айтамыз», – деп қорытындылады ҚРКФ төрағасы.

Іс-шараның соңында машина жасаушылар салалық кәсіподағы төрағасы Төлеген Казанғаповтың Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысын дамытудағы үлесі жоғары мемлекеттік марапат – «Ерен еңбегі үшін» медалімен бағаланды.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
