2025 жылы 5 қарашада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Заң клиникасының Павлодар филиалы азаматтарды қабылдады. Қабылдауды облыстық мәслихат депутаты, Павлодар облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Динара Айтжанова жүргізді.
Қабылдауға келген бұрынғы металлургиялық кәсіпорын қызметкері 2011–2020 жылдары зиянды еңбек жағдайында істеген кезеңіне қатысты 5% кәсіби зейнетақы жарналарының толық аударылмауы жөнінде шағымданды. Анықталғандай, 2011–2013 жылдар аралығындағы 27 айда жарналар мүлдем аударылмаған. Бұл оның зиянды еңбек жағдайы үшін берілетін кәсіби жәрдемақыны алу мүмкіндігін шектеп отыр, себебі жәрдемақыға үміткер болу үшін кемінде 84 ай жарна төленуі тиіс.

Қабылдау барысында азаматқа Келісім комиссиясына жүгіну және қажет болған жағдайда сот арқылы құқығын қорғау тәртібі түсіндірілді.
Облыстық кәсіподақтар бірлестігі жағдай толық шешілгенге дейін істі бақылауда ұстайтынын мәлімдеді. Өтініш иесі көрсетілген құқықтық қолдау үшін алғыс білдірді.
