Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Атқару комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова, аппарат қызметкерлері, комитет мүшелері, сондай-ақ аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.

Отырыстың алғашқы бөлімінде облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Айжарық Серімбетов 2025 жылы кәсіподақ мүшелерінің демалысын ұйымдастыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Ол биылғы күзгі демалыс маусымында мұғалімдер мен білім саласы қызметкерлеріне жайлы әрі мазмұнды демалыс ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінгенін айтып, орындалған жұмыстар мен жоспарлар жөнінде ақпарат берді.

Ырғыз аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Қасымхан Әбенов еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық бақылауды күшейту бағытында атқарылған жұмыстармен бөлісті. Ол аудан мектептерінде қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру, заң талаптарының орындалуын бақылау және қызметкерлердің құқықтарын қорғау бойынша нақты іс-шаралар жүргізілгенін атап өтті.

Мұғалжар және Темір аудандық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары Жұмагүл Жұмабаева мен Назгүл Сабенова сала қызметкерлеріне қосымша әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсетуге бағытталған жұмыстарын таныстырды. Олар жергілікті білім беру ұйымдарында әлеуметтік диалогты дамыту және келісім-шарттардың орындалуына бақылау орнату бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Сонымен қатар, облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы Александр Алимпиев еңбек заңнамасының сақталуы, қоғамдық бақылау тиімділігін арттыру және ұжымдық шарттардың орындалуы бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Ол кәсіподақ ұйымдарының құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және техникалық қолдау көрсету бағытындағы маңызды мәселелерге тоқталды.

Жиынды қорытындылаған төраға Раушан Серікова аудандық ұйым басшыларына нақты тапсырмалар берді. Ол еңбек қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды, ұжымдық шарттарда көрсетілген әлеуметтік міндеттемелердің толық орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ ақпараттық және қаржылық жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сонымен бірге, жұмыс барысында анықталған бірқатар кемшіліктер бойынша тиісті сын-ескертпелер жасады.

Күн тәртібіндегі барлық мәселелер талқыланып, тиісті қаулылар қабылданды. Қабылданған шешімдер кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жүйелеуге және тиімділігін арттыруға бағытталмақ.

Отырыстан кейін қатысушылар үшін тәжірибе алмасу сессиясы ұйымдастырылды. Онда облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Айжарық Серімбетов іс жүргізу, статистикалық есеп және кеңселік жұмыстарда жасанды интеллектті тиімді қолдану жөніндегі республикалық семинардан алған білімдерімен бөлісті. Ол ЖИ құралдарының құжат айналымын жеңілдетіп, жұмыс сапасын арттырудағы артықшылықтарын атап өтті.
