«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиын мәжіліс залында өтіп, оған салалық кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, бастауыш ұйым төрағалары мен сала мамандары қатысты.

Кездесуде ең алдымен қаладағы мекемелер мен өндіріс орындарында жалақы қарыздарының алдын алу, еңбек даулары мен өндірістік жазатайым оқиғаларды болдырмау бағытындағы жұмыстар талқыланды. Бірлестік төрағасы Бауыржан Әлтеев соңғы жылдары жүргізілген бақылау мен жүйелі шаралардың арқасында еңбек қауіпсіздігі саласындағы жағдай біршама жақсарғанын, жарақаттану деңгейінің айтарлықтай төмендегенін атап өтті. Сонымен бірге, биыл Шымкент қаласында жалақы қарызы тіркелмегені — атқарылған жұмыстың маңызды нәтижесі ретінде айтылды.

Келесі кезекте 2020–2025 жылдар аралығында атқарылған іс-шаралардың қорытындысы ұсынылды. Баяндамада кәсіподақ қозғалысының осы кезеңдегі дамуы, әлеуметтік-еңбек бағытындағы жобалар, еңбек ұжымдарымен жүргізілген жұмыс және қызметкерлердің құқықтарын қорғаудағы жетістіктер кеңінен сөз болды. Сондай-ақ, салалық кәсіподақтар тарапынан бес жылдық жұмысты қамтитын материалдарға ұсыныс енгізуге мүмкіндік бар екені айтылды.

Отырыста заманауи үрдістерден қалыс қалмай, кәсіподақ қызметіне жасанды интеллектіні енгізу мәселесі де қаралды. Е. Қаңлыбаев бүгінгі цифрлық дәуірде құжат айналымы мен талдау жұмыстарында ЖИ құралдарын тиімді пайдалану қажеттігін жеткізді. Мемлекет басшысы мен ҚР Кәсіподақтар федерациясы көтеріп отырған бастамаларды қолдай отырып, технологияларды кәсіподақ жүйесіне кезең-кезеңімен енгізу қажеттілігі атап өтілді.

Сондай-ақ, бастауыш кәсіподақ ұйымдарында «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» тақырыбында семинар-кеңестер өткізу жөнінде ұсыныстар жасалды. Оқыту шараларын күшейту, тәжірибелі мамандарды тарту және ҚРКФ тарапынан арнайы лектор шақыру жоспары ұсынылды. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табыстау көзделген. Бұдан бөлек, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай еңбек қауіпсіздігі саласында белсенділік танытқан кәсіподақ мүшелерін марапаттау туралы бастама қолдау тапты.

Жиын соңында айтылған ұсыныстар бойынша нақты тапсырмалар беріліп, алдағы кезеңге арналған мақсаттар айқындалды.
