Кәсіподақ және мектеп әкімшілігі еңбек жағдайын жақсарту жөнінде пікір алмасты

«Шапағат-педагог» білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағының төрайымы Гүлнәр Тілеубердиева №83 А.Байтұрсынов атындағы жалпы білім беретін мектебінің кәсіподақ мүшелерімен кездесу өткізді.
Іс-шараға мектеп директоры Нұржан Қонысбаев , бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Батырхан Табиров  сондай-ақ кәсіподақ мүшелері қатысты.
Кездесу барысында Гүлнәр Тілеубердиева кәсіподақ мүшелерінің заңнамада көзделген құқықтары мен әлеуметтік-еңбек мүдделерін қорғау, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне кеңінен тоқталды. Ол қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттырудың, қауіпсіз еңбек ортасын қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.


Өз кезегінде мектеп директоры Нұржан Қонысбаев да сөз сөйлеп, кәсіподақтың мектеп ұжымындағы рөліне тоқталды. Ол ұйымының ұстаздар мен қызметкерлердің әлеуметтік қолдауында, құқықтарын қорғауда атқарып келе жатқан жұмыстарын жоғары бағалады. Сондай-ақ педагогтар мен қызметкерлердің қауіпсіз еңбек жағдайын жасау — мектеп әкімшілігінің басты міндеттерінің бірі екенін жеткізді.


Жиын соңында мектептің жұмысшы мамандық иелері кәсіподақ тарапынан марапатталып, алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтарға ие болды.