Кәсібіне адал, тәжірибелі дәнекерлеуші

Қожмағамбетов Мейірхан Өмірбекұлы – Астана су арнасы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынында сумен жабдықтау қызметінің №6 жөндеу-пайдалану учаскесінің білікті электрогазбен дәнекерлеушісі. Ол өндіріс саласында 20 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп, осы уақыт ішінде мол тәжірибе жинақтаған, кәсібінің қыр-сырын жетік меңгерген маман ретінде қалыптасты.

Әрбір дәнекерлеу жігінің беріктігі, әрбір орындалған жұмыстың сапасы – Мейірханның өз ісіне деген жауапкершілігі мен ұқыптылығының нәтижесі. Ауа райының қолайсыздығына, өндірістік жұмыстардың ауырлығына қарамастан, әр күнін өз ісіне деген үлкен жауапкершілікпен бастайды. Әрдайым техникалық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, өндірістік регламент талаптарын мүлтіксіз орындайды. Бұл — оның кәсіби мәдениетін көрсететін негізгі ерекшеліктердің бірі.

Әріптестері Мейірхан Өмірбекұлын сабырлы, ашық-жарқын, әрдайым көмектесуге дайын, ұйымшыл қызметкер ретінде сипаттайды. Ол қиын жағдайларда сабыр сақтап, дұрыс шешім қабылдай біледі, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісуден ешқашан тартынып көрген емес. Командалық жұмысты жоғары бағалайтын ол ұжымда жайлы атмосфера қалыптастыруға да өз үлесін қосып келеді.

Өндіріс орнында қызмет ету – физикалық күш пен дәлдікті, жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін ауыр еңбек. Мейірхан Қожмағамбетов осы қасиеттердің барлығын бойына сіңірген нағыз еңбек адамы. Елордалық су жүйесінің тұрақты жұмысына өз еңбегімен үлес қосып жүрген осындай мамандардың еңбегі әрқашан құрметке лайық.