29–30 қараша күндері Абай облысында Шымкент қаласының мәдениет күндері өтті. Бұл шара Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай ұйымдастырылып, мәдениет пен өнерге арналған маңызды іс-шара ретінде өтті. Шымкент қаласының делегациясы құрамында «Шымкент қаласының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев те болды.
Сапар барысында делегация Жидебай ауылына барып, Абайдың туған жерін көріп, ұлы ойшылдың рухани мұрасымен жақын танысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл іс-шара мәдени бағдарлама аясында маңызды орын алып, өңірдің тарихи және рухани құндылығын сезінуге мүмкіндік берді.
Сол күні «Qyzgaldaq Saraiy» мәдени орталығының өнерпаздары Гала-концерт ұйымдастырды. Бұл ұжым Қазақстан Республикасының мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Шымкент қаласы филиалына кіреді. Мереке өнердің адамдарды біріктіретін, өңірлер арасындағы достықты нығайтатын маңызды бөлігі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сапар аясында Бауыржан Әлтеев Абай облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Қуаныш Сүлейменовпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар ҚР Кәсіподақтар федерациясының 2025–2030 жылдарға арналған Стратегиясын іске асыру аясында ынтымақтастықты нығайту, еңбеккерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту, әділ еңбекақы мен еңбек қауіпсіздігі мәселелерін үйлестіру, білім және мәдениет саласында бірлескен жобаларды дамыту, сондай-ақ жастар арасындағы кәсіподақ қозғалысын кеңейту бағыттарын талқылады.
«Еңбек адамы әрқашан біздің назарымызда. Ол қай өңірде тұрса да, кәсіподақ оның сенімді тірегі болып қала береді. Бірлігіміз — еліміздің берекесі», – деді Бауыржан Әлтеев.

Бұл сапар мәдени және кәсіподақтық ынтымақтастықты нығайтып, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының Стратегиясының негізгі бағыттарын жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.
