«Қалың қалай бастауыш ұйым?» аясында кездесу өтті

Өңірдегі еңбек ұжымдарымен тиімді қарым-қатынас орнату мақсатында «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі «Қалың қалай бастауыш ұйым?» акциясын жоспарлы жүзеге асыруда. Осы акция аясында кәсіподақ төрағасы Бердіғали Өмірәлі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-нің мамандарымен арнайы кездесу өткізді.


Кездесу барысында кәсіподақ мүшелерінің еңбек жағдайы, әлеуметтік қолдау тетіктері, қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар қызметкерлердің кәсіподақпен байланысын күшейту, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және еңбек дауларының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.


Жиында Бердіғали Өмірәлі өз сөзінде кәсіподақтың негізгі мақсаты – қызметкерлердің мүддесін қорғап, олардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Ол сонымен қатар орман және жануарлар әлемін қорғау саласында еңбек ететін мамандардың айрықша жауапкершілігін атап, олардың еңбегін қолдау – кәсіподақтың басты назарында екенін жеткізді.


Сондай-ақ, кездесуде қызметкерлер тарапынан көтерілген сұрақтар да назардан тыс қалмады. Әлеуметтік пакет, еңбекақының уақтылы төленуі, қауіпсіздік талаптарының орындалуы және кәсіби біліктілікті арттыру мүмкіндіктері жөнінде ұсыныстар айтылды. Төраға барлық ұсыныстардың қарастырылатынын және тиісті мекемелермен бірлесе шешілетінін мәлімдеді.


Іс-шара соңында мекеме қызметкерлері кәсіподақ өкілдеріне ашық диалог үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта да мұндай кездесулердің тұрақты өткізілуіне қызығушылық танытты.