2025 жылдың қараша айының ортасында Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының Заң клиникасына қала фонтандарын күтумен айналысатын техник маман зейнет жасына жақындауына байланысты еңбек өтілін есептеу мәселесі бойынша жүгінді.
Оның айтуынша, жұмыс беруші соңғы тоғыз ай бойы міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын, әлеуметтік салықты және басқа да міндетті төлемдерді аудармаған. Бұл жағдай қызметкердің еңбек өтілінің дұрыс есептелмеуіне қатысты алаңдаушылық тудырған.

Заң клиникасының медиаторы Әсел Молдағалиеваның жұмыс берушімен жүргізген әңгімелесу барысында төлемдердің кешігуі елорда әкімдігінен қаражаттардың уақытылы түспеуіне байланысты орын алғаны анықталды. Себебі ұйым әкімдікке қарасты ведомстволық мекеме болып табылады.
Жұмыс беруші туындаған берешекті мойындап, қызметкер пайдасына төленуге тиіс барлық соманы өтеуге дайын екенін растады. Тараптар арасындағы келіссөздер нәтижесінде жұмыс беруші қызметкерге қарызды толық өтеуге міндеттенетінін дәлелдейтін кепілдік хатын тапсырды.

Қазіргі уақытта жұмыс беруші қызметкерге барлық берешекті толық көлемде өтеген. Мәселе тараптардың өзара түсіністігі мен конструктивті келіссөздерінің нәтижесінде шешілді.
