11 желтоқсан, бейсенбі күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары, еңбек құқығы саласындағы сарапшы Ляззат Есжанова « «Жалпыға бірдей құқықтық оқыту» акциясы аясында «QazaqGaz Ғылыми-техникалық орталығы» ЖШС еңбек ұжымына кеңес өткізді. Бастауыш кәсіподақ ұйымы мен жұмыс берушінің бастамасымен құрылған жұмыс тобы ҚРКФ-на кәсіподақ комитетінің қызметін ұйымдастыру, тең құқылы негізде ұжымдық келісімшарт әзірлеу бойынша консультативтік және құқықтық көмек алу мақсатында жүгінді.

«QazaqGaz Ғылыми-техникалық орталығы» — 2022 жылы «ҰК «QazaqGaz» АҚ құрамында құрылып, компаниялар тобының ғылыми-зерттеу әлеуетін дамытуға арналған негізгі технологиялық бөлімше.
Ғылыми-техникалық орталық өндірістік-техникалық процестерді кешенді талдау жүргізумен айналысып, геология мен кен орындарын игеру, стандарттау және техникалық саясат, біліктілікті дамыту, ғылыми зерттеулер мен инновациялар, жобалау және инжиниринг, халықаралық ынтымақтастық, сондай-ақ газ саласында озық ақпараттық технологияларды енгізу сияқты кең ауқымды бағыттарды қамтиды.
Ғылыми-техникалық орталықта 77 қызметкер тұрақты штатта жұмыс істесе, тағы 40 адам аутстаффинг арқылы жұмысқа тартылған. «QazaqGaz Ғылыми-техникалық орталығы»ЖШС корпоративтік басқару бойынша басқарушы директоры Алуа Жұмабекқызының айтуынша, кәсіпорында тек жергілікті кәсіподақ ұйымы ғана құрылып, кәсіподақ комитеті сайланған. Қазіргі уақытта әкімшілік пен бастауыш кәсіподақ алғашқы ұжымдық келісімшарт жобасын әзірлеумен айналысып жатыр.

Кәсіподақ төрағасы Мирас Кәлім және оның әлеуметтік әріптестері ұжымдық келісімшарт жобасын әзірлеу, қарау және бекіту мәселелеріне қатысты бірқатар сұрақтарын ортаға салды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Кәсіподақтық коммуникациялар орталығы директорының орынбасары Ляззат Есжанова әлеуметтік әріптестік, ұжымдық келіссөздер, кәсіподақ мүшелері арқылы қосымша әлеуметтік кепілдіктер мен өтемақылар беру мәселелері жөнінде еңбек заңнамасының нормалары бойынша толық түсініктеме берді.
«Ұжымдық келісімшартты біз кәсіпорынның «кіші Конституциясы» деп атаймыз. Бұл ұжымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін негізгі құжат. Ол құқықтық негізде әзірленеді және мақсаты — кәсіподақ ұйымына мүше қызметкерлерге лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету. Ұжымдық келісімшарт нормалары міндетті түрде орындалуы тиіс. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес құқық бұзылған жағдайда айыппұл қарастырылған», — деді Ляззат Есжанова.

Әлеуметтік әріптестерді ұжымдық келісімшартқа қосылу шарттары да қызықтырды.
«Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 158-бабының 3-тармағына сәйкес, ұжымдық келісімшартқа қосылу қабылданатын құжатта тараптар белгілеген іс-әрекеттер мен шарттар орындалған жағдайда мүмкін болады. Бұл шарт кәсіподақ шотына ерікті жарнаны ұстап қалу және аудару мәселесіне қатысты болуы тиіс», — деп жауап берді сарапшы.
Ляззат Есжанова қажеттілік туындаған жағдайда қолданыстағы ұжымдық келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізуге болатынын, бірақ бұл тек әлеуметтік әріптестер тараптарының келісімімен жүзеге асырылатынын атап өтті.
Сарапшы сонымен қатар еңбек ұжымымен кәсіподақ мүшелігінің тартымдылығы туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
«Кәсіподақ пен жұмыс беруші — әлеуметтік әріптестер және екі тарап та еңбек ұжымында жағымды ахуалды сақтау мәселесіне мүдделі. Сіздер бұл жолдың тек басында тұрсыздар, сондықтан Кәсіподақтар федерациясы өз тарапынан сіздерге консультативтік және құқықтық көмек көрсетуге дайын. Жолдарыңыз ашық болсын», — деп қорытындылады Ляззат Есжанова.
Айта кетейік, «Жалпыға бірдей құқықтық оқыту» кәсіподақтық акция соңғы бірнеше жыл бойы жүзеге асырылып келеді. Оның мақсаты — еңбек ұжымдарында әлеуметтік әріптестік қатынастарды әрі қарай үйлесімді дамыту және акция елдің барлық аймақтарында өткізіледі.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
