15 желтоқсан, дүйсенбі күні Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясында (ҚРКФ) Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты шара өтті. Шара барысында кәсіподақ қозғалысының ардагерлері мен белсенділерінің еңбегі мен үлесі атап өтілді.

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимнін орындаумен ашылды.
Шараға қатысушыларды құттықтаған ҚРКФ Төрағасының орынбасары Біржан Нұрымбетов Тәуелсіздік күні – ел тарихындағы айтулы кезеңдерді жасаған, кәсіподақ қозғалысының қалыптасуына жол ашқан азаматтарға тағзым ететін маңызды мереке екенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтай отырып, сіздерге – қадірлі ардагерлерге, белсенділер мен кәсіподақ қозғалысының көшбасшыларына терең құрметімді білдіремін. Биыл Қазақстанның кәсіподақ қозғалысы өзінің 120 жылдық мерейтойын, сондай-ақ Кәсіподақтар федерациясының құрылғанына 35 жыл толуын атап өтуде. Кәсіподақтар құрылған күннен бастап еңбек адамын қорғаудың берік қалқаны болып келеді. Әртүрлі тарихи кезеңдер мен саяси жүйелерді бастан өткерген 120 жыл ішінде кәсіподақтар әрдайым Еңбек адамының мүддесін қорғаудан тайған емес», – деді Біржан Нұрымбетов.

Төрағаның орынбасары ардагерлердің кәсіподақ құндылықтарын сақтап, кейінгі буынға жеткізудегі айрықша рөліне тоқталды.
«120 жылда заман өзгерді, қоғам түрленді. Бірақ басты қағида сол күйі қалды – еңбек адамын қорғау, оның үні болу, тағдырлы сәттерде жанынан табылу. Бұл жолда ардагерлеріміздің еңбегі орасан. Кәсіподақ ардагерлері – біздің тірі тарихымыз, рухани тірегіміз. Сіздер күрделі кезеңдерде кәсіподақтың тағдырын арқалап, үлкен жауапкершілікті абыроймен атқардыңыздар. Кәсіподақтың беделі мен қағидаларын сақтап қалуға өлшеусіз үлес қостыңыздар. Сіздердің еңбектеріңіз – ортақ тарихымыздың ажырамас әрі қастерлі бөлігі. Сіздер бірліктің кез келген сыннан мықты екенін дәлелдедіңіздер», – деді ол.
Қазіргі кезеңдегі кәсіподақтардың рөліне тоқталған Біржан Нұрымбетов Кәсіподақтар федерациясының тәуелсіз Қазақстандағы ықпалды азаматтық институтқа айналғанын атап өтті.
«Тәуелсіздік жылдары ішінде біз кәсіподақ қауымдастығын нығайтып, оның беделін арттыра алдық. Еңбек құқықтарын қорғау саласындағы басым бағыттарды сапалы іске асыруға қол жеткіздік. Бүгінде біз ел дамуына қоғамдық-саяси тұрғыдан ықпал ете алатын, заң шығару бастамаларына үн қосатын, халықаралық деңгейде беделі бар ұйымға айналдық», – Біржан Нұрымбетов.
Төраға орынбасарының айтуынша, бүгінде Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы миллиондаған еңбеккерлер үшін сенімді тірек болып отыр.
« Біз кәсіподақтарды сақтап, нығайттық – бүгінгі таңда миллиондаған қызметкерлер сол тірекке сүйенеді. Қазіргі таңда Кәсіподақтар федерациясы құрамында екі миллионға жуық адам бар. Елдегі әрбір үшінші еңбеккер – кәсіподақ мүшесі. Бұл – 24 салалық, 18 аумақтық бірлестік және 16,5 мың бастауыш кәсіподақ ұйымдары. Осы ұйымдарда күн сайын адамдардың тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданады», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары.
Біржан Нұрымбетов Кәсіподақтар федерациясының бастамалары еңбеккерлердің құқықтарын қорғауға, олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.

«Біз әлеуметтік әріптестікті дамытып, еңбек жағдайын жақсарту, қауіпсіз орта қалыптастыру және лайықты жалақы төлеу мәселелерін тұрақты түрде көтеріп келеміз. 2024 жылы біздің бастамамызбен 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданды, ең төменгі жалақыны айқындау әдістемесі бекітілді. Ал биыл, Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Мемлекет басшысының Жарлығымен Халықаралық еңбек ұйымының «Дамушы елдерді ескере отырып ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» 131-конвенциясы ратификацияланды», – деді ол.
Сонымен қатар, Біржан Нұрымбетов халықаралық ынтымақтастықты дамытудың маңызын атап өтіп, Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүшеліктің қайта қалпына келтірілгенін, сондай-ақ Кәсіподақтар федерациясының бірқатар ықпалды халықаралық ұйымдардың басқару органдарына енгенін айтты. Ол сондай-ақ Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесін және Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымын құру жөніндегі бастамаларға тоқталды.
Сонымен қатар, ҚРКФ Төрағасының орынбасары жастар қанатының белсенділігін, жалпыұлттық жобаларға қатысуын және кәсіподақ идеологиясын насихаттаудағы рөлін атап өтті. Біржан Нұрымбетов жастардың Федерация мүшелерінің жалпы санының 35%-ын құрайтынын айтты.
Салтанатты жиын барысында марапаттау рәсімі өтті. «Қазақстан кәсіподақ қозғалысына 120 жыл» мерейтойлық медалімен және ҚРКФ Төрағасының Құрмет грамотасымен ардагерлер, басшылар, аппарат қызметкерлері мен Активтерді басқару дирекциясының өкілдері марапатталды.





Марапатталғандар сөз сөйлеп, ұзақ жылдық еңбектің маңыздылығын атап өтті.
Ардагер Хамидулла Сағындықов Кәсіподақтар федерациясының аға буынға көрсеткен қамқорлығын тілге тиек етті.

«ҚРКФ бізді ұмытпайды, еңбегімізді бағалайды. Бұл – өмірін кәсіподақ ісіне арнаған біздер үшін үлкен рухани қолдау», – деді Хамидулла Сағындықов.
Ал ардагер Женіс Құттықадамов кәсіподақ қозғалысының сабақтастығына ризашылығын білдірді.

«Жаңа буын біздің жолымызды лайықты жалғастырып келеді. Бұл – кәсіподақтардың болашағына деген сенімді арттырады», – деді ол.
Активтерді басқару дирекциясының бас бухгалтері Мария Брылева да күнделікті еңбекті жоғары бағалағаны үшін алғыс айтты.

«Күнделікті еңбегімізді жоғары бағалағандарыңызға алғыс айтамыз. Біз үшін кәсіподақ қозғалысының бір бөлігі болып, бастамаларымыздың нақты нәтижелер беріп, адамдардың әл-ауқатын жақсартуы үлкен құрмет», – деді Мария Брылева.

Жиын соңында Біржан Нұрымбетов қатысушыларды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 34 жылдығымен және кәсіподақ қозғалысының 120 жылдық мерейтойымен құттықтап, бірлік пен ынтымақ сақталған жағдайда ғана кәсіподақтар Еңбек адамын қорғау жолында жаңа биіктерге жете алатынын атап өтті.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
